БАЛАЛАР СТУДИЯСЫ

2013 жылы қараша айында «Астана Опера» театры көркемдік басшылығының атсалысуымен хор және балет бөлімдерінен тұратын Балалар студиясының тұжырымдамасы бекітілді, оның басты мақсаты – музыка мен биге қабілетті дарынды балаларды анықтау, сондай-ақ театрдың шығармашылық буыны үшін қажетті балалар ұжымын құру.

Балалар хорының алғаш сахнаға шығуы 2013 жылғы 25 желтоқсанда театрдың Камералық залында өткен «Рождестволық концертте» орын алды. Бүгінгі таңда балалар хорының репертуары мынадай спектакльдерден тұрады: Дж.Пуччинидің «Богема», «Тоска», «Турандот», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Ж.Бизенің «Кармен», П.Чайковскийдің «Щелкунчик», К.Орфтың «Кармина Бурана» кантатасы, Т.Бейсенбектің «Самұрық келген таң» музыкалық ертегісі, М.Төлебаевтың «Біржан – Сара», П.Чайковскийдің «Евгений Онегин», Дж.Вердидің «Дон Карлос» және «Аида» , Э.Григтың «Пер Гюнттің саяхаты», Ц.Кюидің «Етік киген мысық». Хор ұжымының концерттік репертуарында қазақ, орыс және шетел композиторларының туындылары бар. Театр қабырғасында балалар Пласидо Доминго, Бруно Казони (La Scala театрының бас хормейстері), Алан Бөрібаев, Абзал Мұхитдин, Ержан Дәуітов, Айдар Әбжаханов, Джузеппе Акуавива, Давиде Ливермор, Михаил Панджавидзе, Юрий Григорович сынды әлемдік өнердің хас шеберлерінен тамаша тәжірибе алудың бірегей мүмкіндігіне ие.

Child-studio

Балет студиясы оқушыларының тұңғыш рет өнер көрсетулері Л.Минкустың «Дон Кихот» балеті болды, аталмыш қойылымды аты аңызға айналған миландық Ла Скала театры өздерінің 2014 жылғы 30 маусым мен 4 шілде аралығындағы гастролі кезінде ұсынған еді. Балалар балет студиясының репертуары мынадай спектакльдерді қамтиды: П.Чайковскийдің «Щелкунчик» және «Ұйқыдағы ару», М.Жаррдың «Париж Құдай анасының соборы», Э.Григтың «Пер Гюнттің саяхаты», Дж.Пуччинидің «Богема» операсы, сондай-ақ балеттерден вариациялар, ансамбльдік өнер көрсетулер, қазақ билері мен түрлі стилистикалық бағыттағы заманауи композициялар. 2014 жылдың қазанында Мариинский театрының гастролі өтті, студия тәрбиеленушілері Валерий Георгиевтің жетекшілігімен Р.Вагнердің «Нибелунг жүзігі» эпикалық топтамасынан «Рейн алтыны» және «Валькирия» операларына қатысты.

Жыл сайын 1 маусым – Балаларды қорғау күнінде театрдың Камералық залында концерт өтеді, онда хор және балет бағытындағы балалар студиясының тәрбиеленушілері өнерлерін ортаға салып, шеберліктерін паш етеді. Сонымен қатар жас өнерпаздар театрдың Камералық залындағы «Түрлі дауыстар әлемі», «Экран әуендері», «Рождестволық концерттер» және «Балалар театрға шақырады» сынды репертуарлық концерттерге де қатысады. Оқып жүрген жылдар ішінде студия тәрбиеленушілері көптеген фестивальдер мен байқаулардың лауреаты атанды, олардың қатарында «Я и танец» республикалық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының байқау-фестивалі, Dance MIX байқау-фестивалі, «Ритм творчества» өнер фестивалі, «Живи, танцуя» халықаралық би чемпионаты бар. Балалар хоры «Куршинале-2015» халықаралық өнер олимпиадасында «Театр» аталымы бойынша «Патшайымда қонақта» спектаклі үшін (режиссер – Наталья Кагадий) I сыйлық лауреаты атағына ие болды.

Child-studio

Театр өз жұмысында көптеген дарындардың басын біріктіреді: бұл жерде әртістер ғана емес, сондай-ақ декорацияларды ойлап тауып, оны көркемдейтін суретшілер, біз бен сіздің сахнада дайын күйінде көретін заттарымызды шебер қолдарымен жасап шығатын бутафорлар, кейіпкерлерге тамаша костюмдер кигізіп, түрлі түсті кесінді құрақтарды нағыз өнер туындысына айналдыратын модельерлер мен хас тігіншілер еңбек етеді.

2022 жылдың басынан бастап «Астана Опера» театрында балаларға арналған театр қолөнері студиясына балаларды қабылдау басталды, мұнда өскелең ұрпаққа тәжірибелі ұстаздардың жетекшілігімен болашақ мамандық дағдыларын меңгеру мүмкіндігі ұсынылған. Жас өнерпаздардың жұмыстары Камералық зал фойесіндегі тақырыптық көрмелерге қатысады.

«Астана Опера» театрының балалар студиясында дайындық жолын өткен көптеген балалар болашақта өнермен байланысты мамандық таңдап, Қазақ ұлттық өнер университеті, Қазақ ұлттық хореография академиясы, П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледж, сондай-ақ Италия, Германия, Австрия және Ұлыбритания университеттеріне оқуға түсті. «Астана Опера» театрының балалар студиясы өскелең ұрпаққа эстетикалық тәрбие берудің маңызды міндетін атқарады.

Child-studio

2024/2025 оқу жылына «Астана Опера» театрының балалар студиясы келесі бағыттар бойынша қабылдау жариялайды:

  • опера;
  • балет;
  • кескіндеме және сурет салу;
  • пішу мен тігуді үлгілеу;
  • батик және матаға көркемсурет салу;
  • ағаш ою.

Қабылдау бойынша ақпарат

1) Опера бағыты

Балалар хорына музыкалық мектепте қатар білім алып жатқан жарқын вокалдық (әуезді, үнді дауыс) және актерлік қабілеті, жақсы музыкалық есте сақтау қабілеті және ырғақ сезімі бар 7-12 жас шамасындағы ұлдар мен қыздар қабылданады. Конкурстық тыңдау екі кезеңмен жүзеге асады: біріншісі — бейне материалдар бойынша сырттай, екіншісі — жүзбе-жүз кездесу. Бірінші кезең. Қатысу үшін баланың ән айтып жатқанын бейнежазбаға түсіріп, өтінімді толтыру қажет (толтыру үлгісі төменде қоса берілген) және оны бейнежазбамен бірге al.ahmetova2002@gmail.com электрондық мекенжайына жолдау қажет.

Бейнежазбаға қойылатын талаптар: кез келген әннің бір шумағы мен қайырмасын а капелла (музыкалық сүйемелдеусіз), фортепиано сүйемелдеуімен немесе минуспен орындау. Плюс дауысқа фонограммамен жазылған бейнежазбалар қарастырылмайды. Екінші кезең «Астана Опера» театрында бірінші кезеңнің қорытындылары бойынша балалар хоры хормейстерінің шақыруымен өтеді. Жүзбе-жүз тыңдау үшін вокалдық нөмір орындауға және өлеңді оқуға дайындалып келу қажет.

Құжатты жүктеу

2) Балет бағыты

Классикалық балетті оқыту үшін балалар балетінің тәлімгері баланың физикалық сипаттарын: дене бітімінің сұңғақтығын, дене пішінінің икемділігін, денесінің жеңілдігін, созылуын, омыртқасында қисаюдың болмауын, майтабанның болмауын, жоғары секіруді, ырғақ сезімін, музыкалық қабілетін жүзбе-жүз тексергеннен кейін 6-12 жас аралығындағы қыздар мен ұлдар (алдын ала дайындықсыз да болады) қабылданады. Қарауға балалар келесідей киінуі тиіс: созылуды көрсетуге арналған ыңғайлы, денеге қонымды киім – шомылу киімі немесе трико, шұлық (киімді өзіңізбен бірге алуға болады), қыздардың шашын түйіп жинау керек.

Оқыту жалпы білім беру үрдісіндегі екі ауысымға сәйкес аптасына екі рет студияға келу форматында жүргізіледі (таңертең сағат 8:30-дан сағат 10:00-ге дейін, түстен кейін сағат 16:30-дан сағат 18:00-ге дейін, келудің апта күндері топ жинақталғаннан кейін белгіленеді). Қарауға шақыру үшін өтінімді толтыру қажет (толтыру үлгісі төменде қоса берілген) және оны kids.astanaopera@gmail.com электрондық мекенжайына жолдау қажет.

Құжатты жүктеу

3) Театр қолөнері

«Кескіндеме және сурет салу» бағыты бойынша оқыту үшін 6-16 жас аралығындағы қыздар мен ұлдар қабылданады.

«Пішу мен тігуді үлгілеу» бағыты бойынша оқыту үшін 10-16 жас аралығындағы қыздар мен ұлдар қабылданады.

«Батик және матаға көркемсурет салу» бағыты бойынша оқыту үшін 10-16 жас аралығындағы қыздар мен ұлдар қабылданады.

«Ағаш ою» бағыты бойынша оқыту үшін 10-16 жас аралығындағы қыздар мен ұлдар қабылданады.

Театр қолөнерінің балалар студиясына қабылдау үшін өтінімді толтыру қажет (толтыру үлгісі төменде қоса берілген) және оны kids.astanaopera@gmail.com электрондық мекенжайына жолдау қажет.

Құжатты жүктеу

Балалар студиясының қызметкерлері