Опера «Тоска»

“Тоска” операсы
Джакомо Пуччини
«ТОСКА»
Үш бөлімді опера

Ла Скала театрының түпнұсқалық қойылымы
Либреттосын жазған
ДЖУЗЕППЕ ДЖАКОЗА мен ЛУИДЖИ ИЛЛИКА
ВИКТОРЬЕН САРДУДЫҢ аттас драмасы бойынша
КӨРКЕМДІК-ҚОЮШЫ БӨЛІМ
Музыкалық жетекші және дирижер – Антонелло АЛЛЕМАНДИ (Италия)
Дирижер – Абзал МҰХИТДИНОВ (ҚР Еңбек сіңірген қайраткері)
Қоюшы режиссер – Лука РОНКОНИ (Италия)
Қойылым үйлестірушісі – Лоренца КАНТИНИ (Италия)
Қоюшы суретші – Маргерита ПАЛЛИ (Италия)
Костюмдер бойынша суретші – Вера МАРЗОТ (Италия)
Жарық бойынша суретші – Джанни МАНТОВАНИНИ (Италия)
Хормейстер – Ержан ДӘУІТОВ (ҚР Еңбек сіңірген қайраткері)
БАСТЫ КЕЙІПКЕРЛЕР ЖӘНЕ ОРЫНДАУШЫЛАР
ФЛОРИЯ ТОСКА – Анна ПИРОЦЦИ (Италия),
Екатерина ШИМАНОВИЧ (Мариин театры)
Әйгілі әнші
МАРИО КАВАРАДОССИ – Марсело АЛЬВАРЕС (Италия),
Георгий ОНИАНИ (Бонн опера театры)
суретші
БАРОН СКАРПИА – Альберто МАСТРОМАРИНО (Италия),
Борис СТАЦЕНКО (Рейндегі Неміс Операсы)
полиция басшысы
ЧЕЗАРЕ АНДЖЕЛОТТИ – Артур КАИПКУЛОВ,
Болат ЕСІМХАНОВ, Ескендір ӘБЖАНОВ
Рим Республикасының консулы
РИЗАШЫ – Сүндет БАЙҒОЖИН
шіркеу қызметкері
СПОЛЕТТА – Бейімбет ТАҢАРЫҚОВ, Жан ТАПИН
полиция қызметкері
ШАРОНЕ – Талғат ҒАЛЕЕВ
жандарм
ТҮРМЕШІ – Болат ЕСІМХАНОВ, Ескендір ӘБЖАНОВ
МАЛШЫ БАЛА – Айша ОРЫНБАСАРОВА

Кардинал, сот, баскесер Роберти, хатшы, офицер, сержант, сарбаздар,
күзетшілер, бикештер, дворяндар, буржуа, халық және т.б.
«АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ ОРКЕСТРІ, ХОРЫ, МИМАНСЫ, БАЛАЛАР ХОРЫ

Екі үзілістен тұратын қойылым
Ұзақтығы 3 сағат

Итальян тілінде орындалады
(Қазақ және орыс тілдеріндегі ілеспе синхронды аудармамен)

Дирекция өзіне орындаушыларды ауыстыру құқығын қалдырады

Жазылу тарихы

Француз драматургы Викторьен Сардудың (1831-1908) «Тоска» пьесасының сюжеті Пуччиниді көп жылдар бойы қызықтырып келді. Ол «Тосканы» алғаш рет Миланда 1889 жылы, басты рөлде әйгілі Сара Бернармен тамашалаған болатын. Италиядағы саяси тұрақсыздық кезеңін бейнелейтін Сарду драмасының бостандық сүйгіш шаттығы Пуччинидің өмірлік көзқарасымен үндес болды. Пьесаның қызған атмосферасы, шиеленістер өткірлігі, кейіпкерлер сезімдерінің күштілігі композитордың айқын опера мәнерлігіне деген құлшынысына жақын болды. Опера оқиғасының желісі бір күн ішінде өрбиді: 1800 жылдың 17 маусымы таңертең басталып, келесі күннің таңында аяқталады.
В. Сардудың пьесасы опера либреттосына арналған дерек ретінде Дж. Верди мен А. Франкетти сияқты басқа да итальяндық композиторларды қызықтырған. Бірақ, баспагер Дж. Рикордидің арқасында, тек Дж. Пуччини ғана опералық шығарма жазуға пьеса авторының рұқсатын алады. Болашақ опера либреттосын композитордың тұрақты көмекшілері – Л. Иллика (1859-1919) мен Д. Джакоза (1847-1906) жазған. Жұмысқа жігерлі кіріскен Пуччинидің талабы бойынша басты кейіпкердің тағдырына бірқатар өзгерістер енгізілді: дарынды әнші Флория Тоска Италияның патриотына айналады. Пуччини алғаш рет, опера әншісінің бейнесі батырлық-романтикалық кейіпкер ретінде көрсетілген, драмалық шығарма жазды. Тіпті, өлім көріністерінде де Пуччини өз кейіпкерінің таза әрі биік рухын көрсетуге тырысты.
«Тоска» операсының музыкасы 1898-1899 жылдарда жазылды. Опера тұсаукесері 1900 жылдың 14 қаңтарында Римдегі Констанци театрында өтті. Тоска партиясының тұңғыш орындаушысы – дауысы кең ауқымды, музыкаға өте бейім әрі вокалдық техникасы мінсіз румыниялық опера әншісі – Хариклея Даркле болды (лиро-драмалық сопрано). Екінші бөлімдегі танымал «Vissid’arte, vissid’amore» («Мен тек әндетіп, нәзік сүйдім») ариясын композитор Х.Даркленің сұрауымен жазғаны белгілі, онда рақымсыз Скарпиамен болған ауыр көріністен кейінгі Тосканың күрделі рухани жағдайы көрсетілген.
1900 жылдың 17 наурызында әйгілі Ла Скала театрында операның тұсаукесері өтті, А. Тосканини дирижерлігімен. Көп кешікпей әлемнің ең үздік театрларының репертуарына енген «Тоска» Пуччинидің даңқын асқақтатты.

ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ
Оқиға Римде, 1800 жылдың 17 маусымында өрбиді
Әлемдік тұсаукесері: Римдегі Teatro Costanzi, 1900 жылдың 14 қаңтары

I ПЕРДЕ

Римдегі Сант-Андреа шіркеуі

1800 жылғы монархиялық Италия. Түрмеден қашып шыққан саяси тұтқын Чезаре Анджелотти шіркеуге жасырын тығылады. Мұнда, Чезаренің туысы маркиза Аттавантидің отбасылық капелласында, оның қашып шығуы үшін ауыстырып киетін әйел киімі жасырынған.
Шіркеуде суретші Марио Каварадосси Мария Магдалина бейнесін салуда, оған шіркеу қызметкері көмектесуде. Ол портреттің, кеше ғана шіркеуге құлшылық етуге келген, маркиза Аттавантимен ұқсастығына таңқалады. Жалғыз қалған Каварадосси шіркеуде жасырынған Анджелоттиді көреді. Ол қашқынға көмектесуге дайын, бірақ осы кезде шіркеуге оның ғашығы, әйгілі әнші Флория Тоска келеді. Каварадоссидің алаңғасарлығы Тосканың қызғанышын тудырады, ал Марионың суретінің маркиза Аттавантиге ұқсастығы оның күдігін еселетеді. Суретші Тосканы әрең сабырға шақырып, шығарып салады.
Анджелоттиге оралған Каварадосси оған өз үйіне жасырынуды ұсынады, ал егер қуғыншы іздесе бақша маңындағы құдыққа тығылуға болатынын ескертеді. Түрме зеңбірегі атылады – бұл Анджелоттидің қашқанын жариялайтын белгі. Каварадосси қашқынды тез шіркеуді тастап, өз үйінде тығылуға асықтырады.
Салтанатты діни қызметке дайындық басталуда. Шіркеуге түрмеден қашқан тұтқынды іздестірген полиция бастығы Скарпиа, тыңшыларымен бірге келеді. Капелладан табылған маркиза Аттавантидің желпуіші мен тамақ салатын бос қоржын Скарпиаға ой тастайды.
Шіркеуге қайтып келген Тоска қызғаныш азабында. Скарпиа әншінің күдігін өз пайдасына асырмақ: оған Аттавантидің мөрі бар желпуішті көрсетіп, суретшінің маркизамен кеткенін тұспалдайды. Қаймыққан Тоска Марионың үйіне асығады, ал Скарпиа оның артынан тыңшыларын жібереді. Ойламаған жерден Тоска қауіпті ойын қатысушысына айналады, оның нәтижесінде Скарпиа тек қашқынды ұстап қана қоймай, құпия құштарлығына айналған Тосканы өзінің еркіне бағындырмақ…
Шіркеу капелла әншілері мен қала тұрғындарына толып, Құдайға құлшылық ету рәсімі басталады. Діни қауым мүшелері «Te Deum» мадақ ұранын шырқауда.

ҮЗІЛІС

II ПЕРДЕ
Фарнезе сарайы

Скарпиа өз кеңсесінде хабар күтуде. Барон Тоскаға, итальян әскерінің Наполеонды жеңу құрметіне арналған салтанатты кантатаны орындай салысымен, өзіне келуге шақыру жібереді. Агент Сполетта Каварадоссидің үйінде қылмыскер Анджелоттидің табылмағанын, алайда полиция суретшінің өзін тұтқындағанын хабарлайды.
Каварадоссиден жауап алу әрекеті еш нәтиже бермейді. Кіріп келген Тоскаға Каварадосси тіс жармауды бұйырады. Скарпиа тұтқынды жазалаушының қолына береді. Ол жылы сөздермен Тоскадан шындықты білуге қанша тырысқанымен, әнші қыз өзіне берік. Тек азапталушының ащы дауысынан шошынған Тоска, қашқынның жасырынған жерін ашады. Скарпиа Сполеттаны Анджелоттиге жібереді. Бірақ, осы кезде Шароне келіп, жеңісті тойлаудың ертерек екенін ескертеді: Маренго маңындағы ұрыс кезінде итальяндық монархистер Наполеон әскерлерінен аямай жеңіліс тапқан. Каварадосси өз қуанышын жасырмайды. Ашулы Скарпиа суретшіні түрмеге қамауды бұйырады.
Тоска бароннан Каварадоссиді босатуын өтінеді. Егер Тоска оның көңілдесі болса, Скарпиа суретшіге рақымшылық жасауға дайын. Тоска үшін сүйіктісін құтқару – ең маңызды мәселе, сол себепті ол келісімін береді.
Скарпиа ату жазасы бос оқтармен жүргізіледі деп уәде етеді. Тосканың талабы бойынша Скарпиа қаладан бөгетсіз шығуға рұқсат қағазын жазады. Скарпиа қызды құшамын деп ұмтылған кезде, Тоска пышақты оның кеудесіне сұғады.
Қолындағы хатымен Тоска Каварадоссиге құстай ұшады.

ҮЗІЛІС

III ПЕРДЕ

Сант-Анджело түрмесі.
Бұл жерде Каварадосси ату жазасын күтуде. Бір сағаттан соң үкім орындалады. Марио Тоскаға қоштасу хатын жазуда.
Жүгіріп келген Тоска, Скарпианың өлімі жөнінде және оның ату жазасының жалған болатынын айтады. Ол тек өтірік ату жазасына қатысу керек, ал сарбаздар кеткеннен кейін олар қашып кете алады.
Сарбаздар келеді. Мылтық дауысы гүрс етеді. Жерге құлаған сүйіктісіне ұмтылған Тоска, оның мерт болғанын ұғады. Скарпианың бос оқтармен ату бұйрығы жалған болып шықты.
Түрме ауласына тыңшылар тез жетеді. Скарпиа өлімі мәлім болғанын ұққан Тоска, өзін қанішерлер қолына бермеуге шешім қабылдайды. Ол қамал қабырғасынан секіреді…

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры