Жұлдызы жанды

Осы 2017 жыл ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының жетекші солисі, Рим операсының солисі, баритон Сүндет Байғожин үшін сәтті жыл болды деп нық сеніммен айтуға болады. Вокалистің мәртебелі марапаттарының қатары тағы да толықты: бүгін, 15 желтосқан күні «Қазақстан» орталық концерт залында ғылым мен білім саласындағы ерен еңбегі үшін Құрмет ордені табыс етілді.

_DSC9146– «Құрмет» орденінің мәртебелі кавалері болуды армандаған да жоқпын. Мемлекеттің еңбегімді жоғары бағалауы мен үшін өте қымбат. Әрине, небір сезімдер жанымды тебірентуде, бірақ ең алдымен, бұл – Отаныма деген мақтаныш, бақытқа кенелдім, қол жеткізгеніме тоқтаймай, әлі де жасай, шырқай бергім келеді. Тәуелсіздік күні қарсаңында әріптестеріммен бірге еңбегімізге лайықты марапат алғанымызға өте қуаныштымын. Әріптестерімнің әрқайсысы – өз ісінің майталманы. Енді біздің жауапкершілігіміз де еселенді – осы жоғары атаққа сай болуымыз қажет. Осындай марапатты тапсырып, бізге сенім білдіргені үшін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымды айтамын. Сонымен қатар ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, «Астана Опера» театрының басшылығына, өзімнің барша әріптестеріме көрсеткен қолдаулары үшін ризашылығымды білдіремін, – деп бөлісті Сүндет Байғожин.

Еске салар болсақ, Құрмет ордені – Қазақстан Республикасының 1993 жылы тағайындалған ордені. Орденмен экономика, әлеуметтік сала, ғылым мен мәдениет, білім беру саласын дамытудағы ерен еңбегі, мемлекеттік органдағы үлгілі қызметі және қоғамдағы белсенді жұмысы үшін азаматтар марапатталады.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры