Түрлі елдің жұлдыздары «Тоскада» өнер көрсетеді

Мариинский театрының жарқыраған теноры (СанктПетербор, Ресей) Ахмед Ағади және Македонияның танымал баритоны Марян Йованоски Дж. Пуччинидің «Тоска» операсындаКаварадосси және Скарпиа партияларын орындайды. 6 сәуірде «Астана Опера» Үлкен залында Ла Скала театрының түпнұсқалық қойылымы италиялық маэстро Джузеппе Акуавиваның жетекшілігімен өтеді. Басты Тоска рөлінде – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина.

_DSC0589

Македония опера және балет театрының (Скопье қ.) жетекші солисті Марян Йованоскиге АҚШАлмания, Австрия, Болгария, Хорватия және басқа елдердің көрермені қошемет көрсеткен. Оның князь Елецкийдің партиясын опера сахнасының аңызға айналған меццо-сопраносы Елена Образцовамен бірлесіп, Любляна қаласында (Словения) өткен «Крижанке» атты жазғы фестивалінде П. Чайковскийдің «Қарғаның мәткесі» операсында жарқырап өнер көрсеткенін еске түсіруге болады.

Оның тамаша вокалы мен әртістік таланты жоғары бағаланып, ол Г. Димитрова ат. халықаралық байқаудың екінші дәрежелі сыйлығын (Плевен қ., Болгария), Сполето қаласында өткен Дж. Верди ат. халықаралық опера байқауының үздік баритоны жүлдесін (Италия, 2008) және т.б. көптеген марапаттарды иеленген.

М. Йованоски «Астана Опера» сахнасында алғаш рет өнер көрсетсе, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Татарстанның халық әртісі Ахмет Ағади елордалық сахнада көрерменді бірнеше жарқыраған бейнелерімен қуантқан. Қазақстанда дүниеге келген дарынды вокалшы Пуччини музыкасын орындау үшін әртістің дауыс күші мен мәдениетін, тембр әдемілігін меңгерген, кантиленаны игерген және асқан сезімтал болуы қажет екенін атап өтті.

DSC_13081– Марио Каварадосси – суретші, нәзік болмыс. Өнер мен махаббат оның өмірінде бірінші орында тұрады. Әділетсіздікке тап болған ол, тіпті өз өмірін қатерге тіге отырып, адамдарға көмек көрсетуге ұмтылады. Аталған қаһарман әртүрлі жағдайда өзін сан түрлі қырынан көрсетеді. Дж. Пуччини оның бойындағы барлық өзгеріс пен көңіл-күйді кемелдікпен жеткізген. Азап пен қорлыққа ұшыраса да, Каварадоссидің рухы түспейді. Өкінішке орай, адамзат зұлымдығы ең қайсар тұлғаны да жеңуге қабілетті. Соңғы актіде мен оны әбден қорлық көрген, бірақ еңсесі түспеген және бақыттан үміт үзбеген адам ретінде көрсеткім келеді. Дегенмен, бұл оқиға қайғылы аяқталатынын білесіздер, – деді Ахмед Ағади.

Вокалшы 9 сәуірде ұлы композитор Джакомо Пуччинидің тағы бір жауһар туындысы «Мадам Баттерфляй» операсында өнер көрсетіп, тыңдарманға Пинкертон партиясында өнерін паш етеді. Онымен бірге сахнаға шығатын «Астана Опера» театрының жетекші солисттері: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова басты партия Чио-Чио-санды ұсынса, Шарплес – Евгений Чайников, Сузуки –Гүлжанат Сапақова. Қоюшы дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» бас дирижері Алан Бөрібаев.

6 сәуірде спектакль 19:00, 9 сәуірде 18:00 басталады. Билет бағасы 500 теңгеден жоғары.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры