Әйгілі Ла Скала театры Астанада өнер көрсетеді

Аты аңызға айналған миландық Ла Скала театрының керемет солисттері, хоры мен симфониялық оркестрі Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетеді. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында италиялық театрдың Астанадағы гастрольдері туралы «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров, Ла Скала театрының бас директоры Александр Перейра және гастрольдердің демеушісі «Eni» компаниясының ресми өкілі баяндап берді.

ph Brescia e Amisano 647205BADG

Қазақстандағы Ла Скала театрының гастрольдері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдау көрсетуімен «ЭКСПО-2017» бағдарламасы аясында өтеді, барлық шығындарды демеуші – италиялық «Eni» компаниясы өзіне алған. Осылайша, гастрольге шыққан әртістер 2015 жылы бүкіләлемдік «ЭКСПО» көрмесі өткен Миланнан Астанаға «эстафеталық таяқшаны тапсырады» десек те болады.

1, 4, 6, 8 қыркүйекте атақты италиялық ұжым «Астана Опера» сахнасында Дж. Вердидің жарқын әрі күлкілі операсы «Фальстафты» ұсынады, ал 7 және 9 қыркүйекте Л. ван Бетховеннің жауһар туындысы – ғаламат №9 симфониясы заманымыздың көрнекті маэстросы Зубин Метаның жетекшілігімен орындалады.

Дж. Вердидің «Фальстаф» операсының негізіне У. Шекспирдің шығармасы – «Виндзорлық сотқарлар» комедиясы және «IV Генрих» тарихи хроникасынан алынған көріністер алынған. Елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына ерекше, қызықты спектакль ұсынылады. Әртүрлі стильдер мен дәуірлерді байланыстырған қойылымда түстер мен шынайы өмір, өткен шақ пен осы шақтағы оқиғалар айқын өрбіген.

Ақсүйек бонвиван сэр Джон Фальстафтың қызықты оқиғалары туралы әсерлі және тосын оқиғалар желісі жайлы қызықты көріністер, көптеген күлкілі айлалар мен қитұрқылықтардың, сондай-ақ нәзік, қайырлы мұң мен жайдарлы өткен шақты аңсаудың арқасында әртүрлі елдердің тыңдармандарының көңілінен шықты. Спектакльді режиссер Дамиано Микелетто қойған, суретші-сценограф – Паоло Фантин және костюмдер жөніндегі суретші Карла Тети. Осы туындыдағы «Casa Verdi» деп аталатын оқиға музыканттардың қарттар үйінде болған (шынайы өмірде композитордың өзіне негізделген).

Қартайған әнші Фальстафтың жүрегін махаббат елестері толқытады. Қойылым Дж. Вердидің соңғы операсы мен оның қайырымдылық қызметінің арасындағы көрінбейтін байланысты білдіреді, композитордың уайымшылдық күйі мен терең гуманизмін айқындап көрсетеді.

Ла Скала әртістері сонымен қатар елорда тұрғындары мен қонақтарына ұлы неміс композиторы Людовиг ван Бетховеннің №9 симфониясын ұсынады. Аталған туындының идеясын ол бүкіл шығармашылық өмірі бойы ойластырып келген. Ұзақ жылдар бойы ол Ф. Шиллердің «Шаттық» одасын музыкаға салуды армандаған. Монументальдық, эпикалық туындыда қаһармандық идеясы көрініс тапқан, күрес пен жеңіс тақырыптары ұсынылған, ой тереңдігі сезіледі және жаңа шешімдердің көптігі байқалады. Музыка өнері тарихында симфонияға алғаш рет вокалисттердің өнері енгізілді. Бетховен шығармашылығын асқақтатқан осы айрықша туындының соңғы бөлімі Еуроодақтың әнұранына айналған.

Ла Скала театрының «Астана Опера» театрындағы алғашқы гастрольдері 2014 жылы Астана күні қарсаңында 30 маусым мен 4 шілде аралығында өткенін еске саламыз. Елордалық опера сахнасында бірінші болып гастрольдік сапармен өнер көрсеткен миландық театрдың балет труппасы астаналықтарға Р. Нуриевтің қойылымындағы Л. Минкустың «Дон Кихот» балетін ұсынған. Мұнымен қатар, екі театрдың басшылары әріптестік туралы меморандумға қол қойған.

*** Анықтама

Зубин Мета – ауқымды және терең ойлы опералық және симфониялық қойылымдардың көпке танымал шебері, әлемдік музыка мәдениетіне зор үлесін қосқан. 1990 ж. З. Мета Римде өткен үш тенордың алғашқы бірлескен концертіне дирижерлік етті. Еңбегі бағаланып, голливудтық «Даңқ аллеясы» жұлдызына ие болды, Венециядағы Ла Фениче театрындағы «Музыкамен ұштасқан өмір – Артур Рубинштейн» сыйлығымен, Кеннеди-Орталығының құрметті сыйлығымен, Дэн Дэвид сыйлығымен және Жапон императоры отбасының Император сыйлығымен марапатталды, Gramophone журналының даңқ Залына енгізілді.

Миландағы Ла Скала опера театры 1776-1778 жылдары «Санта Мария делла Скала» шіркеуінің орнында сәулетші Дж. Пьермаринидің жобасы бойынша салынды, қазіргі атауының шығу тегі де содан. Әлемдегі ең әдемі ғимараттардың бірі қатаң неоклассикалық стильде сақталған және таза акустикасымен ерекшеленеді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде театр қиратылған. Инженер Л. Секки оның бастапқы қалпына келтіргеннен кейін, театр 1946 жылы қайта ашылды. Соңғы қалпына келтіру 2001-2004 жж жүзеге асырылды. XIX ғасырдың 30 жылынан бастап, Ла Скала тарихы алғашқы туындылары осы жерде қойылған Г. Доницетти, В. Беллини, Дж. Верди, Дж. Пуччини сияқты ірі композиторлардың шығармашылығымен байланысты.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры