«Астана Опера» театрындағы қысқы кеш

19 қаңтарда өтетін «Вечер у камина» концерті «Жанды баураған романс» атты жаңа циклды ашады. «Астана Опера»театрының Камералық залында талантты әншілер мен аспапшылар өнер көрсетеді.

_DSC8709

«Жанды баураған романс» циклына қазақ және орыс классиктерінің шығармасын қамтыған бірнеше бағдарламалы концерттер енді. Аталған циклдың вокалдық камералық музыкасының негізгі жанры – романс пен әндер.

Кеш тамаша әнші Елена Ганжаның орындауындағы П. Баториннің «Вечер у камина» романсынан бастау алады. Елена Низамутдинова, Татьяна Вицинская, Байғали Момбеков, Ерұлан Кәмел, Алмат Ізбәмбетов, Ермек Берімжанов, Біржан Өтеулиев, Алмаз Тоқпанов, Нұрлан Шауханов тәрізді көрнекті әншілеріміз, П. Чайковский, С. Рахманинов, А. Рубинштейн, А. Даргомыжский, Б. Шереметьев және басқа да көптеген ұлы композиторлардың шығармаларын ұсынуға дайындалуда.

Қазақ романстары Алмат Ізбәмбетов пен Ерұлан Кәмелдің орындауында шырқалады. Сонымен қатар бағдарламаға көпшілік сүйіп тыңдайтын Е. Рахмадиевтің «Таң самалы» туындысы енді.

Терең ойға жетелейтін музыканы бағалаушыларға скрипкашылар ансамблінің мазмұнды репертуары ұсынылады. Оған танымал камералық музыка, соның ішінде Г. Свиридов, А. Хачатурян және т.б. шығармалары кірді.

Саусағынан бал тамған музыканттар – Асқар Мұқанов (виолончельші), Әліби Асақаев (гитарашы), Алмаз Тоқпанов (кларнетші), Біржан Өтеулиев (альтші), Раушан Бескемпірова (фортепиано) – аспапты музыканың тамаша үлгілерін орындай отырып, кештің романтикалық атмосферасын қанықтыра түседі.

Кешке күміс ғасыр ақындарының шығармашылығы поэзиялық арқау болады.

– Сахнада А. Рубинштейннің «Түн» романсы алғаш рет Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалия Байгазинованың орындауында шырқалады. А. Рубинштейн – XIX ғасырдың екінші жартысындағы музыка әлемінің басты тұлғаларының бірі. Ол – асқан шебер пианиношы, музыка өмірінің белді ұйымдастырушысы және аса көрнекті композитор. Біз тыңдарманға бірқатар музыкалық тосын сый дайындадық, сондықтан қаңтардың осынау ызғарлы күндері паш ететін өнеріміз олардың жүрегін жылытатынына үміттенеміз, – дейді музыкалық кеңесші, концертмейстер, халықаралық байқаулардың лауреаты Раушан Бескемпірова.

Концертті жүргізуші – музыкатанушы Сәуле Мәулетова.

Концерттің басталуы 19:00, билет құны – 2 000 теңге.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры