Жак Аттали – экономист, қаржыгер және музыкант

26 мамырда елордалық театрдың Үлкен залы сахнасында Гала-концерт аясында бүкіл әлемге танымал саясаттанушы, экономист, жазушы әрі музыкант Жак Аттали дирижерлік өнерін көрсетті. Өз сұхбатында профессор Аттали “Астана Опера” Симфониялық оркестрімен бірлескен жұмысы, классикалық театр өнеріне жастарды тарту тәсілдері және көптеген басқа да мәселелер туралы айтып берді.

_DSC0817

– Аттали мырза, «Астана Опера» сахнасында екінші рет өнер көрсетіп тұрсыз. Бұл ретте В.А. Моцарт, Дж. Верди, Людвиг ван Бетховен және К. Вебердің операларынан увертюралар орындалды. Аталған шығармалар қандай қағида бойынша іріктелгенін айтып берсеңіз?

– Бағдарламаға тыңдарман жеңіл қабылдайтын музыка енгізілді. Увертюра – операның ең үздік шағын үлгісі. Бұл шығармалар XVIII және XIX ғасырлардағы классикалық опера жанрында құрылған туынды ретінде мысал бола алады. Мен Моцарттың музыкасын қадір тұтамын, әсіресе оның опералық классикадағы әйгілі шығармаларының бірі – “Фигароның үйлену тойын”. Л. Бетховеннің “Эгмонты” сирек орындалады, ал Дж. Вердидің көп орындала бермейтін “Луиза Миллер” операсы – тіпті тамаша музыкалық шығарма. К. Вебердің “Еркін мергені” онша белгілі болмағанмен, өте күрделі орындалатын таң қаларлық әдемі туынды, кәдімгі жауһар!

– «Астана Опера» Симфониялық оркестрімен ортақ жұмысыңыз туралы айтып берсеңіз. Дирижер мен оркестр арасындағы білім-тәжірибемен алмасу қалай өтуде?

– «Астана Опера» театры оркестрінің кәсіби деңгейі жоғары, көрнекті, мен оларға дирижерлік етуді ұнатамын. Музыканттар өздерін жақсы көретін дирижерлерге мейіріммен қарайды (күледі). Дирижер диктатор болмауы тиіс, мұндайда өзара сыйластыққа негізделген ынтымақтастық қажет. Орындаушыларға өз қабілеттерін жақсы көрсете алатындай жағдай тудыруымыз қажет. Астаналық оркестрдің бірінші скрипкалары тамаша екенін айта кету керек. Театр музыканттарының талабы өте жоғары, мен де олардан көп нәрсені үйрендім. Егер менің істегенім ұнамаса, олардың мұны жасырмайтыны жақсы, өйткені мен олардан тәжірибе аламын.

– Қазақ музыкасы туралы пікіріңізді білсек?

– Қазақ музыкасы өте қызықты. Өткен жолы қазақстандық композитордың шығармасына дирижерлік ету мүмкіндігі болды. Мені бұл заманауи музыкалық шығарманың сапасы қатты таң қалдырды. Қазақтың халық аспаптары қолданылатын операны сүйсіне тамашалар едім.

– Сіздің сүйікті операңыз және опералық спектакліңіз қандай? Олар несімен қызықтырады?

– Сүйікті опералық шығармам – Р. Штраустың «Раушан кавалері». Ұлы неміс композиторының операсында маған барлығы ұнайды, әсіресе екінші көрінісіндегі романтизмнің күшейтілуі. Ал сүйікті спектаклім – ол Р. Штраустың тағы бір операсы – белгілі режиссер, актер және сценарист, Канн және Берлин кинофестивальдарының лауреаты П. Шероның ең әдемі қойылымындағы «Электра» туындысы. Режиссер оны 2013 жылы Экс-ан-Прованс опералық фестивалында, өмірден өтер алдында ғана ұсынған еді.

– Балетке деген көзқарасыңыз қандай?

– Балет – бұл баурап алатын, керемет және қиял-ғажайыпқа толы күрделі өнер, онда ерлер мен әйелдердің шынайы ұшу мүмкіндігі бар. Қарапайым адам жасай алмайтын нәрсе, балет әртісінің қолынан келеді.

– Сіз түрлі елдің үкіметіне экономика, қаржы және тағы басқа көптеген мәселелер бойынша кеңестер бересіз. Қазіргі кезде әлемдік классикалық өнер қандай жағдайда?

– Бүгінгі таңда әлемдік классикалық өнер үлкен қауіп үстінде. Бұған екі себеп бар. Біріншіден, ол экономикалық жағынан тиімсіз. Үкімет қаражатын пайдаланбай операдан тұрақты бизнес-кәсіпорын жасау қиын. Алайда, менің ойымша, бұл жерде қаражаттың балама көздері құрылуы мүмкін. Мысалы, Нью-Йорктегі Метрополитен-операның спектакльдерінің онлайн-көрсетілімі. Олардың қойылымын көптеген әлемдік кинотеатрлардан да көруге болады және олар бұдан жақсы табыс табады. Менің ойымша, жаңа технология көрерменді операға тартудың жаңа жолдарын қамтамасыз етеді. Ал екінші себеп – бұл жастардың опералық театрға бармайтыны. Аға буын кеткенде, көрермен де қалмауы мүмкін. Сондықтан жастарды театрға тарту мәселесін біз қазір Францияда өзекті мәселе ретінде қарастырамыз.

– Опералық театрларға көрерменді тарту және оған деген қызығушылықты арттыру үшін музыка, сценография, режиссураға қатысты қойылымдарды құру тәсілдері мен бағыттарын өзгерту қажет пе?

– Бәсекеге қабілетті болу үшін, біз операда нағыз шоу жасауымыз қажет. Дж. Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсына негізделген К. М. Шенберг пен А. Бублильдің «Сайгон ханшайым» мюзиклы 20 жыл бойы қомақты қаржы әкеліп тұрғанда, бұл операны қоюға қаржы табылмауы қисынсыз. Бұлай болуы мүмкін емес. Жақсы режиссурамен , солисттер, хор, балет және оркестрдің мықты құрамымен қойылған опералық спектакльдер жақсы қаржы табуы мүмкін, тиісті де. Бұл жерде ең маңыздысы – сапа, сапа және тағы да сапа.

– Өзіңіздің алдағы жоспарыңыз туралы айтып берсеңіз.

– Қуанышты жаңалығыммен бөлісуге асықпын: қазіргі таңда мен – Дж. Пуччинидің «Богема» операсының қоюшы режиссерімін, 15 күннен кейін оның тұсаукесері Парижде өтеді. Спектакль тек Парижде ғана емес, көптеген жерлерде ашық аспан астында қойылады. Ал қыркүйек айында француз астанасы сәулетінің ең беделді ескерткіштерінің бірі – құрылысы 1670 жылы король XIV Людовиктің бұйрығымен басталған, Мемлекеттік мүгедектер үйінің алдындағы алаңда өтеді. Режиссерлік қызмет уақыт пен үлкен жұмысты талап етеді.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры