Қызық оқиғалардың ізімен Испанияға саяхат

«Астана Опера» театрының балеттік репертуары тағы бір спектакльмен толықты. 25 және 26 қараша күндері Үлкен зал сахнасында Л. Минкустың «Дон Кихот» балетінің тұсауы кесіледі. Қоюшы балетмейстер – Ресейдің халық әртісі, «Астана Опера» балеттік труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова.

_DSC6308Қоюшы дирижер – Арман Оразғалиев. Қоюшы суретші – Эцио Фриджерио (Италия). Костюм бойынша суретші – Франка Скуарчапино (Италия). Кескіндер бойынша суретші – Серджио Металли (Италия). Жарық бойынша суретші – Якопо Пантани (Италия). Қоюшы балетмейстердің ассистенттері – Ресейдің еңбек сіңірген қайраткері Константин Заклинский және Елена Шерстнева. Костюм суретшісінің ассистенті – Әсел Досмұратова.

Л. Минкус балетінің негізінде Мигель Сервантестің аттас романы жатыр. Оның әдеби еңбегі көптеген өнер адамын әралуан жанрда (опера, кинофильм, мультипликациялық фильмдер) туынды жазуға шабыт берді, алайда уақыт сынынан өткен Л. Минкустың музыкасына қойылған балет, көрерменнің сүйікті қойылымына айналды. Алғашқы рет оны аты аңызға айналған балетмейстер М. Петипа 1869 жылдың 14 желтоқсанында Үлкен театрда сахналаған.

«Астана Опера» сахнасында екі күн бойы жарқырап өнер көрсетіп, көрерменге қуаныш сыйлайтын театр жұлдыздары: Китридің рөліндегі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Баспаева және Гауһар Усина, Базиль – Бақтияр Адамжан және Арман Оразов. Саяхат жасаушы рыцарь Дон Кихотты Жәнібек Иманқұлов сомдайды. Көңілді Санчо Панса – Бостан Қожабеков. Лоренцо – Жанәділ Бейсембиев. Гүл сатушылар – Әсел Құсайынова, Мөлдір Шәкімова. Көше бишісі – Анастасия Заклинская, Айдыс Саая; Эспада – Бауыржан Мекембаев, Жәнібек Ахмедиев; Гамаш – Рахметолла Науанов. Дриадалар әміршісі – Әсел Шәйкенова, Әнел Рүстемова; Амурчик – Гүлзира Жантемір.

– Менің кейіпкерімнің басты назарында – оның жан дүниесі. Өз қиялына батқан Дон Кихот сырт көзге әпенді болып көрінеді, алайда оның дәл осындай күйі арқылы автор бұл материалдық әлемде біздің материалдық емес екенімізді жеткізгісі келеді. Хореографтың маған жүктеген міндеті – кейіпкерімнің ішкі жан дүниесін ашып көрсету. Ол көптеген қызықты оқиғаларды бастан кешеді, таңғажайып түс көреді. Хореографиясына келсек, бұл тұрғыда менің партиям қарапайым, мұнда күрделі қимыл жоқ. Дене тілімен, ымдау арқылы қайғылы образдағы Рыцарьдің бейнесін сомдауым керек, – дейді Жәнібек Иманқұлов.

_DSC6842

Рыцарьлар жайлы романдарға қанық болған Дон Кихот Ламанчский, өзінің атқосшысы Санчо Пансамен Испанияға саяхат жасайды. Оның махаббат құштарлығы қайнап жатқан Барселона алаңына келуі – жас ғашықтар Китри мен Базильдің тағдырын біржола шешіп берді. Китридің әкесі – трактирші Лоренцо қызын бай дворянин Гамашқа ұзатпақшы еді. Алайда, Китри шаштараз Базильге ғашық. Дон Кихот Китри мен Базильдің қосылғанын қолдап, ақыры қатал Лоренцо жастарға батасын береді.

Тартымды көрініс, еліктіріп әкетер музыка, шебер орындалатын екпінді испандық би, бейнелі және стильді декорациялар, жарқыраған жарық және тағы басқалары көрермен жүрегін жаулап алары сөзсіз.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры