Жарқыраған жұлдыз Ақбике Алғи «Астана Опера» театрында өнер көрсетеді

Оның есімі Италия, Алмания, Австрия, Испания, Ұлыбритания, Үндістан, Иордания, АҚШ елдерінде белгілі. Дельфилік ойындардың алтын медаль иегері, көптеген белгілі халықаралық байқаулардың лауреаты Ақбике Алғи «Астана Опера» Камералық залында өнер көрсетеді. «Жан-жүрегім скрипкамен бірге шырқайды» атты концерт 16 сәуірде өтеді.

Акбике Алги (1)Заманымыздың әйгілі скрипкашылары  Виктор Третьяков, Эдуард Грач, Захар Брон Ақбике Алғидың шеберлігіне жоғары баға берген. Жас скрипкашының тамаша техникасын, музыканы сезінуін, оны шын мәнінде философиялық тұрғыдан түсінуі танымал тәлімгерлерді таңғалдырып келеді.

Жас өнерпаз – Ақбике Алғи музыканттар отбасында өскен, скрипкада ойнауды бес жасында үйренген. Қазіргі таңда Қазақ ұлттық өнер университеті колледжінің студенті болып табылады (Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Райса Мұсақожаеваның шәкірті).

Ақбике Алғидың сахналық тәжірибесі мол, еліміздің және шетелдің белгілі концерттік алаңдарында өнер көрсеткен.

– Камералық зал сахнасында мен алғаш өнер көрсетпекшімін, аздап қобалжу бар, бірақ бұл тамаша көрерменмен кездесу алдындағы жағымды толқыныс. Тыңдарманның И.С. Бах, В.А. Моцарт, К. Дебюсси және басқа атақты композиторлардың әйгілі шығармаларымен қауышқанын қалаймын. Музыка – бұл жан-жүрегіңнің күйі ғана емес, бұл менің өмірімнің мәні. Менің басты мақсатым – нағыз музыкант болу деп есептеймін, – дейді ойымен бөліскен Ақбике Алғи.

Кеш бағдарламасы – Н. Паганинидің, И.С. Бахтың, В.А. Моцарттың, П. Чайковскийдің, Ф. Мендельсонның ең үздік скрипкалық туындылары – кездейсоқ таңдалған жоқ, аталған шығармалар аспапшының шеберлік деңгейін паш етеді. Осылайша тыңдарман назарына И.С. Бахтың №1 жеке скрипкаға арналған сонатасы, И. Фроловтың ғажайып туындысы Г. Гершвиннің «Порги мен Бесс» операсынан алынған тақырыптардың концерттік фантазиясы; Ф. Крейслердің жеке скрипкаға арналған речитатив және скерцо-каприс туындысы һәм басқа да көптеген шығармалар ұсынылады.

Концертмейстер – Ұлан Құлмаметов.

Ақбике Алғидың шығармашылығына зер салушылардың назарына: ол маусым айында өтетін П.И. Чайковский атындағы халықаралық жасөспірімдер байқауында лауреат атану үшін бақ сынамақшы (Астана, Қазақстан), ол бұған дейін осы байқаудың дипломанты атанған (Ресейде өткен П.И. Чайковский атындағыVIII халықаралық жасөспірімдер байқауының дипломанты).

Концерттің басталуы 18.00, билеттердің бағасы– 500 теңге.

 

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры