Достардың ғажайып кездесулері

«Достар арасында» топтамасынан «Махаббат, еркелік және сиқыр» концерті 27 шілде күні «Астана Операның» Камералық зал сахнасында өтеді. Тыңдарман үшін тамаша дауыс иелері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сопрано Салтанат Ахметова, халықаралық байқаулардың лауреаты, Aalto Musiktheater (Эссен, Германия) солисі, бас-баритон Бауыржан Әндержанов және халықаралық байқаулардың лауреаты, баритон Евгений Чайников ән салатын болады.

_DSC9634Сондай-ақ концертке халықаралық байқаулар мен фестивальдердің лауреаты, Италиядағы байқаудың І жүлде иегері Константин Стригин (баян), халықаралық байқаулардың дипломанты, Мәдениет қайраткері Елена Сахно (фортепиано) қатысады.

Еске салар болсақ, «Достар арасында» музыкалық топтамасы 2014 жылдан бастау алған. Оның идеялық шабыттандырушысы қазақстандық вокалист – «Астана Опера» солисі, сондай-ақ Германияда жұмыс жасайтын Бауыржан Әндержанов болып табылады.

– Осы жылы Бауыржан Әндержанов біздің театрдың басқа да танымал, талантты әртістерімен бірге концертке қайта қатысады. «Махаббат, еркелік және сиқыр» атауын таңдаудың себебі кез келген операда махаббат тақырыбы қозғалатындығында. Олардың бәрінде бірдей еркелік пен сиқыр болмайды, алайда біздің бағдарламада осындай желі өрбиді. Бұл концерт қатаң академиялық үлгіде өтпейді, актерлік шеберліктерінің барлық қыр-сырларын пайдалана отырып, әртістер ұсынатын опералардың қызықты көріністері көпшілікке жол тартады. Әншілерде орасан зор театрлық жұмыс тәжірибесі бар, олар бұны әрдайым Камералық зал сахнасында қуана қолдануда. Кеш бағдарламасына таңдалған репертуарды сөз ете отырып, шығармаларда көптеген әзіл болатынын және тыңдаушыларымызға көтеріңкі көңіл күй сыйлау үшін барлығын жасауға тырысатынымызды атап өтемін, – деді концертмейстер Елена Сахно.

Тыңдарман қауымға батыс еуропалық және орыс композиторларының операларынан ариялар әзірленген. Көрермен назарына Дж.Россинидің «Күлшеқыз», Г.Доницеттидің «Дон Паскуале», «Махаббат шырыны», В.Моцарттың «Дон Жуан», «Фигароның үйлену тойы» және тағы басқа опералардан дуэттер, жеке нөмірлер, трио ұсынылады.

Концерттік басталуы сағат 19.00-де.

 

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры