Мерекенің сиқырлы әуендері

7 қаңтар күнгі Рождествода елорда тұрғындары мен қонақтарын «Астана Опера» театры күтеді. «Мәңгі шырқалатын әуендер» атты мерекелік концерт театрдың Камералық залында өтеді.

DSC_5214

Концертте опера труппасының солисттері – Салтанат Ахметова, Айгүл Ниязова, Татьяна Вицинская, Мәдина Исламова, Елена Ганжа, Елена Низамутдинова, Роза Нүркей, Жан Тәпин, Ермек Берімжанов және басқалары өнер көрсетеді. Тамаша әншілер оркестр әртістерімен, «Астана Опера» Камералық хоры (бас хормейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов) және балалар студиясының хорымен (Балалар студиясының жетекшісі Алтынғаным Ахметова) бірге қызықты нөмірлер дайындады.

Елорда көрермені сүйіп тыңдайтын Ф. Грубердің «Тым-тырыс түн» шығармасы концерт бағдарламасының көркін ашты. А.А. Моцарттың «Сиқырлы флейта» операсынан үзіндіні Балалар студиясының жас әртістері өте әсерлі етіп орындайды. «Періштелердің сәлемдесуі» деп те аталатын Ф. Шуберттің «Ave Maria» номері, концерттің сәніне айналады. «Ave Maria» қазіргі заманғы музыкада көптеген әншілер мен топтардың орындауында ұсынылып жүр, Камералық залдың сахнасында бұл опусты опералық труппаның жетекші солисті Салтанат Ахметова шырқайды. Шығарма арфаның сүйемелдеуімен орындалады (Любовь Ткаченко). Жібек Сапарғалиева (флейта) мен Жәнібек Сапаров (гитара) әйгілі аспапты композицияларды әзірледі.

– Репертуарға енген шығармалар мейірімділікті, қуанышты және махаббатты паш етеді. Осылайша, «Астана Опера» Камералық хоры көпшілік назарына жанға жайлы музыка мен орыс классикасының туындыларын ұсынады. Әдемі әуенді қалықтататын скрипкашылар ансамблін ерекше атап өтуге болады. Аталған концерт қаңтардағы керемет мерекелердің жалғасына айналсын, ал барлық әртістеріміз өз өнерімен көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға барын салады, – дейді музыкатанушы, концерттің жүргізушісі Сәуле Мәулетова.

Фортепиано партиясында: Раушан Бескемпірова, Гауһар Таспергенова, Жанар Ахметова.

Концерттің басталуы 18:00, билет бағасы – 2000 теңге.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры