«Астана Опера» театры IV маусымын жабуда

«Астана Операның» өткен төртінші театр маусымы аса қанық болып, аяқталуы ауқымды іс-шаралармен аталып өтті. Әлбетте, маусымды тарихи деп атауға болады, себебі ол Пласидо Домингоның әлемге танымал «Опералия» вокалистер байқауының өткізілуімен, Дж. Вердидің «Травиата» операсында біртуар мэтр Пласидо Домингоның өнер көрсетуімен, сонымен бірге аты аңызға айналған миландық Ла Скала театрының гастрольдерімен, 1200 музыкант қатысқан Г. Малердің №8 симфониясының ғаламат премьерасымен және ашық аспан астындағы бірқатар қойылымдармен есте қалды. Осының бәрі – ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевпен бекітілген Мәдени саясат тұжырымдамасын ауқымды түрде жүзеге асырып келе жатқан ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен еліміздегі ірі театрдың шығармашылық ұжымының орасан зор күш-жігерінің нәтижесі.

Инфографика 4 театр сезон каз

Не болды?

Осы маусымда «Астана Опера» театры үш премьера ұсынды: Алтынай Асылмұратованың қойылымындағы Л. Минкустың «Дон Кихот» балеті, Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы (қоюшы-режиссері Михаил Панджавидзе, Беларусь) және Жюль Массненің музыкасына Кеннет Макмилланның «Манон» балеті (қоюшы-балетмейстерлері – Карл Барнетт пен Патрисия Руанн, Ұлыбритания). Соңғы спектакльді сөзсіз сәттілік деуге болады, себебі хореографиялық өнердің осы бір жауһары әр театр сахнасында қойыла бермейді. «Манон» балетін қою құқығына тек қоюшылардың жоғары хореографиялық талаптарына сәйкес келетін труппалар ғана ие бола алады. Бақытымызға орай, «Астана Опера» К. Макмилланның жұбайы – Дебора Макмилланның, Карл Барнетт пен Патрисия Руанның үмітін ақтап, күткеннен асып түсті.

Осылайша, астаналық театрдың репертуары опера және балет классикасының теңдессіз жауһарымен толықты.

Статистика

Маркетингтік зерттеу деректері бойынша, «Астана Опера» театрының IV маусымы ішінде 296 іс-шара өткізілген. Осы кезеңде театрға 120 099 көрермен келген.

Гастрольдер

«Астана Опера» балет труппасы гастрольдік маусымды Қытайдағы Гала-балет бағдарламасымен ашты. Әртістер Синьцзян өнер театрының сахнасында 2016 жылдың 25 және 26 қыркүйегі өнер көрсетті. Труппа классикалық балет мұрасының нөмірлерін орындады. 2017 жылдың 1 және 2 ақпаны әртістер Санкт-Петербургтегі Мариин театрының жаңа сахнасында «Париж Құдай Анасының соборы» хореографиялық жауһарын ұсынды. Бес мың петерборлық көрермен осынау керемет спектакльді тамашалауға келді. Шаттанған көпшілік «Астана Опера» балет труппасы әртістерінің өнер көрсетулеріне толассыз қол соғып, ыстық ықыласқа бөледі, труппа петерборлық балет сүйер қауымның марапатына ие болды.

Опера труппасы гастрольдік бағдарламамен Қарағанды облысының екі қаласында болды. 2017 жылдың 20 және 21 сәуірі операның жетекші солистері мен театрдың керемет хоры С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында, ал 22 сәуір күні – Теміртаудағы Металлургтер сарайында өнер көрсетті.

Опера труппасының солистері – Медет Шотабаев, Дина Хамзина, Сүндет Байғожин және тағы басқалары «Астана Опера» театрын шетелде танытып, Graz Opera (Австрия), Theatro Municipal (Бразилия), Ресей Үлкен театры, Ә. Науаи атындағы Мемлекеттік академиялық театр (Өзбекстан) және басқа да алдыңғы қатарлы әлемдік опера сахналарында өнерлерін паш етті.

«Астана Опера» театры өз сахнасында ресейлік қонақтарды қарсы алды: 2016 жылдың 14-15 қазанында Санкт-Петербургтегі Борис Эйфманның әйгілі академиялық балет театрының гастрольдері өтті. Тұңғыш рет «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында труппа А.С. Пушкиннің өлең түріндегі романы бойынша П.И. Чайковский мен А. Ситковецкийдің музыкасына («Автограф» рок-тобы) «Евгений Онегин» балетін ұсынды.

2016 жылдың 1 желтоқсанында Новосібір театры жаңа бірегей опералық квест үлгісінде Дж. Пуччинидің «Турандот» туындысын көрерменге ала келді.

Серіктестік

«Астана Опера» шетелдік театрлармен өзара әрекеттестік бойынша белсенді жұмыс атқаруда. Жетекші қазақстандық театр Ресейдің басты ұлттық театры – атақты Үлкен театрмен серіктестік жайлы меморандумға қол қойды. Құжат Мәскеуде 15 мамыр күні өткен екіжақты келіссөздердің нәтижесі болды. Келісім Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің қолдауымен жасалды. «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров пен Ресей Үлкен театрының бас директоры Владимир Уринмен қол қойылған Меморандумға сәйкес, тараптар бірнеше бағыт бойынша серіктестікті дамыта түседі. Мамандармен, әртістермен, орындаушылық ұжыммен өзара тиімді алмасудан өзге, болашақтағы жоспарларға гастрольдерді ұйымдастыру, бірлескен қойылымдар, қос театрдың жетекші мамандарының шеберлік сабақтарын өткізу және музыкалық байқаулар мен фестивальдерге қатысу енеді.

«Астана Опера» Беларусьтің Үлкен театрымен белсенді ынтымақтастықты жалғастыруда, екі театрдың әртістері тұрақты түрде айырбас спектакльдері мен гала-балеттерінде өнер көрсетуде.

Осы жылы итальяндық «Карло Феличе» театры серіктестік жайлы меморандум аясында қазақстандық сахнаға өзінің хоры мен оркестрін ұсынып, ауқымды жоба – Г. Малердің №8 симфониясының премьерасына қатысты.

Жеңістер

Қазақстанда ерлер би мектебі өте мықты деп бекер айтылмаған. Оған «Астана Опера» балет солистерінің халықаралық байқауларда қол жеткізген жеңістері айқын дәлел болмақ. IV маусым басында «Астана Опера» театрының солистері ІІІ Халықаралық балет әртістері байқауында (Астана, Қазақстан) жеңіске жетті. Бас жүлде балеттің жетекші солисі Бақтияр Адамжанға бұйырып, мәртебелі бірінші орынды балет солисі Серік Нақыспеков иеленді. Екінші орын балеттің жетекші солисі Еркін Рахметоллаевқа берілді, сонымен қатар ол классикалық мұраның үздік интерпретациясы үшін Петипа мұрасының қоры мен «PETIPA PRIX» Братислава Ұлттық театрының арнайы сыйының иегері атанды. 10 маусым күні Бақтияр Адамжан мен Серік Нақыспеков Валентина Козлованың Халықаралық балет әртістері байқауында, VKIBC (Нью-Йорк, АҚШ) қос жеңіске қол жеткізді. «Астана Опера» балетінің жетекші солисі Бақтияр Адамжан бұл байқаудың тарихында тұңғыш рет «Классикалық би» аталымында Бас жүлде иеленді. «Астана Опера» балетінің солисі Серік Нақыспеков мәртебелі үшінші орын (қол медаль) алды. «Астана Операның» жетекші солисі Бақтияр Адамжан әлемдегі ең беделді додалардың бірі – Мәскеудегі XIII Халықаралық балет әртістері мен хореографтарының байқауында (Ресей) Бірінші сыйлықты иеленіп, жеке дара жеңіске қол жеткізді. Сондай-ақ «Астана Опера» балетінің солисі Серік Нақыспеков те осы байқаудың дипломанты атанды.

Марапаттары

Әртістердің еңбегін бағалайды әрі құрметтейді! 2016-2017 жж. театр маусымында «Астана Опера» әртістеріне марапаттар мен сыйлықтар табыс етілді. «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Алтынай Асылмұратова «Парасат» орденімен марапатталды. Балет труппасының жетекші солисі Әйгерім Бекетаеваға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. Театр ұстаздары Сауия Айталиева мен Ғалия Бегалина ҚР Президенті Н. Назарбаевтың атынан Құрмет грамотасын алды.

Опера труппасының жетекші солисі Жаннат Бақтай «Парасат» орденімен марапатталды. Опера труппасының жетекші солисі Жұпар Ғабдуллина Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алса, опера труппасының солисі Евгений Чайников «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді.

Маусым соңында «ЭКСПО-2017» аясында іс-шаралар өтті

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «ЭКСПО-2017» бағдарламасы аясында «Астана Операда» әлемдік деңгейде маңызы бар оқиғалар орын алды. Халықаралық көрме өз жұмысын аяқтаса да, соңынан қаншама жылы лебіздер мен қуанышқа толы әсерлер қалдыруда. Астаналық театрдың ұжымы ашық аспан астында бірегей қойылымдар ұсынды, атап айтқанда: Дж. Вердидің «Аида» операсы, Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы, Л. Минкустың «Дон Кихот» балеті. Астана тұрғындары мен қонақтарын Г. Малердің №8 симфониясының (қоюшы-дирижері – атақты маэстро Алан Бөрібаев) тұсаукесері керемет әсерге бөледі. Сонымен қатар қазақстандықтар тұңғыш рет Пласидо Домингоның әлемдегі ең беделді «Опералия» Халықаралық жас вокалистер байқауының куәсі болды. Маэстро опера өнерін сүйетін қауымды қуантып, Дж. Вердидің «Травиата» спектаклінде Жорж Жермон партиясын орындады…

Дж. Вердидің «Фальстаф» және Л. ван Бетховеннің №9 симфониясын ала келген Ла Скала театрының гастрольдері төртінші театр маусымының жарқын шарықтау шегіне айналды. Барлық гастрольдік өнер көрсету кезінде дирижерлік пульт басында қазіргі заманның әйгілі маэстросы Зубин Мета болды.

Алда не күтуде?

Осы маусымда көрермен үшін көптеген қызықтар әзірленген еді, ал келесі – мерейтойлық бесінші маусымда – аса қанық бағдарлама күтуде! Ол – Ж. Бизенің «Кармен» операсының премьерасы, опера және балет труппасының гастрольдік сапарлары. Бұдан өзге, театр маусым аралығында Камералық залда бірқатар қызықты концерттер ұсынбақ. Өнердің ғажайып әлемімен кездесуден қапы қалмаңыздар, құрметті көрермен!

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры