«Астана Операның» талантты жастарына «Дарын» мемлекеттік сыйлығы табыс етілді

Тәуелсіздік күні қарсаңында «Астана Операның» жетекші балет солисі Бақтияр Адамжан мен опера труппасының солисі Мария Мудряк Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары атанды (2017).

Бақтияр Адамжан «Театр және кино» аталымында «Дарын» сыйлығын иеленсе, Мария Мудряк «Классикалық музыка» номинациясы бойынша лауреат атанды.

Бақтияр Адамжан мен Мария Мудряк көптеген мәртебелі халықаралық байқаулардың лауреаттары болып табылады. Дарынымен отандық театр сүйер қауымның жүрегін жаулап қана қоймай, әртістер Еуропа, Азия және Американың әккі көрермендерінің сүйіктілеріне айналды. Солистердің шығармашылығын түрлі елдердің қатал да қатаң музыкалық сыншылары жоғары бағалаған. Жас шағына қарамастан, Бақтияр Адамжан мен Мария Мудряк қазақстандық театр өнерінің дамуына толымды үлес қосуда, олар отанымызды әлемнің ең атақты сахналарында танымал етіп жүр.

– Біз үшін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты жоғары атағының иегері болу үлкен құрмет. Ең алдымен, бізге сенім білдіргені үшін ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, Қазақстан Республикасының Үкіметіне, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне және «Астана Опера» театрымыздың басшылығына алғысымызды айтамыз. Сонымен қатар барша отандастарымызды еліміздің ең басты ұлттық мерекесімен құттықтап, Қазақстанның әрбір азаматына ашық аспан, өсіп-өркендеу және отанымыздың игілігі үшін жемісті еңбек тілейміз, – деді солистер.

Еске салар болсақ, «Дарын» сыйлығы Қазақстан Республикасының Үкіметімен жемісті шығармашылық, ғылыми, қоғамдық қызметі және спорттағы жоғары жетістіктері үшін талантты жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында беріледі. Жыл сайын өтінім аяқталған сәтте 29 жасқа дейінгі жас қазақстандық талантты азаматтар лауреат атанады. Барлық ізденушілер – халықаралық және республикалық байқаулардың, фестивальдер мен көрмелердің лауреаттары, спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері т.б. болып табылады.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры