«Астана Опера» театрының солисі Мария Мудряк «Карло Феличе» сахнасында дебют жасады

Қазақстандық сопрано Мария Мудряк 6 желтоқсан күні «Карло Феличе» (Италия) сахнасында Дж.Вердидің атақты операларының бірі «Риголеттода» орасан зор жетістікпен дебют жасады. Бұл қойылыммен генуялық театр өзінің опера маусымын ашты. Әнші басты Джильда партиясын орындады, оның сахнадағы әріптесі аты аңызға айналған баритон Лео Нуччи болды. Дирижерлік пульт басында – маэстро Франческо Иван Чампа, режиссері – Роландо Панераи.

rigoletto

«Риголетто» операсы В.Гюгоның «Король забавляется» пьесасының желісі бойынша жазылған. Драманың негізінде өмірден алынған басты кейіпкерлер болды, бірақ олар түпнұсқалық оқиғалар қайшылығына ауыстырылған еді. Бұл опера сүйіктісі үшін өзін құрбандыққа шалуға мәжбүр болған жас қыздың шынайы әрі таза махаббатынан сыр шертеді. Бұдан өзге, қойылымда опасыздық, сатқындық, адам өлтіру және өзінің жалғыз қызынан айырылса да, сайқымазақ бетпердесінде қалуға мәжбүр әкенің терең қайғысы көрсетілген.

Спектакль 6-29 желтоқсанда өтеді. Отандасымыз Мария Мудряктың «Карло Феличе» сахнасындағы осы операда келесі өнер көрсетуі 10 және 12 желтоқсанда болады.

– Бізге, жас әртістерге, әлемдегі ең үздік мамандардан тәлім алып, оқып-үйренуге мүмкіндік бергені үшін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен алғысымды білдіремін. Сонымен қатар «Астана Опера» театрының басшылығына рақметімді айтамын. Менің жасап жатқанымның барлығы Отаным – Қазақстанымның игілігі үшін! – деп атап өтті Мария Мудряк.

Еске салар болсақ, Мария Мудряк бес жасында №1 музыка мектебіне фортепиано сыныбына оқуға түсті. Кейін Павлодар музыка училищесінің жанындағы музыка мектебіне ауысып, оны 10 жасында бітіріп шықты. 10 жасынан бастап бүгінге дейін Италияның Милан қаласында тұрады. 12 жасында «Болашақ» Мемлекеттік Президенттік стипендиясының иегері атанып, Милан Жоғары музыка академиясына оқуға түсті (Scuola Musicale di Milano), осында көрнекті опера әншісі маэстро Карло Гайфадан дәріс алған. 2014 жылы магистр дипломына ие болды. 2008 жылы Миланда орналасқан Дж. Верди атындағы Мемлекеттік консерваторияға оқуға түсті (маэстро Деметрио Колачи сыныбы), оны 2012 жылы үздік бітіріп шығып, ұстаздық ету құқығын беретін диплом алды. Қазіргі таңда ол әлемдегі ең жас дипломды опера әншісі болып табылады. 2015 жылдың қаңтар айынан бастап «Астана Опера» МОБТ жетекші солисі болып табылады.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры