Сағындырған көктем

Қысқы аяз әлі күшінде тұрса, көңіл, шіркін, көктем шықса деп елеңдейді. «Шабыт шақырған аспаптар» концерті қаңтардың суық кешінде тыңдарманды жарқыраған сезім мен эмоцияға, сонымен қатар талантты орындаушылардың жылуына бөлейді. 24 қаңтарда «Астана Опера» театрының Камералық залында француздық ішекті Volta квартеті мен Қазақстанның Халық әртісі Жәния Әубәкірова өнер көрсетеді.

Аубакирова-Вольта-110х210-1024x536

Шара қазақстандық-француздық дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығына арналған. Концерт бағдарламасы түрлі музыкалық-стильдік бағытты қамтиды. Кешті ұлы веналық классик В.А. Моцарттың шуағын төккен музыкасы – «Миландық» №3 k.156 ішекті квартеті ашады. Классицизм заманының бұл жауһарын орындаған соң, Франциядан келген музыканттар қазақстандық тыңдарман назарына аса көрнекті француздық композиторлар – музыка өнерінде импрессионизмнің негізін қалаушы Клод Дебюссидің (Op. 10 ішекті квартеті) және оның аға замандасы, тәлімгерлерінің бірі, XIX ғасырдың ерекше композиторы Сезар Франктың (Фортепианолық квинтеті) туындыларын ұсынады. Бағдарламадағы әр шығарма үлкен циклдық формадан және бірнеше бөліктен тұрады.

Классикалық музыканың жоғарыда аталған жауһарлары тамаша музыканттардың өзіндік нұсқасында паш етіледі. Моцарт пен Дебюссидің туындысын Volta ішекті квартеті орындайды. Оның құрамы: Юг Борсарелло (скрипка), Лоран Мано-Паллас (скрипка), Арно Торетт (альт), Готье Эррманн (виолончель).

С. Франктың фортепианолық квинтетінде ішекті ансамбль белгілі қазақстандық пианиношы, Қазақстанның Халық әртісі Жәния Әубәкірованың өнерімен ұсынылатын фортепианолық партиямен толығады.

Анықтама:

Volta квартетінің барлық музыканттары – беделді халықаралық байқаулардың (Париж, Бордо, Генуя, Лондон, Сиена, Флоренция, Ильзак, Херлен және т.б.) лауреаттары, оларға әлемнің танымал концерт залдарының көрермені қошемет көрсеткен. 2014 / 2015 жылғы маусымын Шуберттің соңғы квартеттеріне арнаған музыканттар, 2016 жылы Моцарттың ішекті аспаптар квартеттерінен күйтабақ жазды.

Жәния Әубәкірова – ҚР Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреатыП. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясын және аспирантурасын (профессор Л.Н. Власенконың класы) бітірген. М. Лонг және Ж. Тибо халықаралық байқауында Гран-при және «Заманауи француз композиторларының шығармаларын үздік орындағаны үшін» арнайы жүлдесінің (Франция, 1983), Халықаралық камералық ансамбльдер байқауының (Франция, 1985) Гран-при иегері, Францияның өнер және әдебиет орденінің кавалері (1998).

Концерттің жүргізушісі – музыкатанушы Маржан Жәкенова.

Концерт 19:00 басталады.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры