Валерии Гергиев

Бас дирижер

Бүгінде Гергиев таңдаулы оркестрлер мен опера театрлары асыға күтетін, әлемнің ең үздік дирижерлерінің бірі. Гергиевтің дирижерлік өнері жарқын эмоционалдылығымен және партитураны өзінше дәріптеуімен ерекшеленеді.

Валерий Гергиев Н.А. Римский-Корсаков атындағы Ленинград консерваториясын симфониялық дирижерлеу мамандығы бойынша, профессор И. Мусин сыныбын тәмамдады. 23 жасында Берлиндегі Герберт фон Караян атындағы дирижерлер байқауын ұтып, студенттік кезінен Киров театрына шақырылды (бүгінгі Мариин). 35 жасынан В. Гергиев опера труппасының көркемдік жетекшісі, ал 1996 жылдан бастап Мариин театрының көркемдік жетекші-директоры болып тағайындалды. Мұнда бірқатар әлемдік деңгейдегі әншілерді тәрбиелеп шығарған Гергиевтің басты жетістігі, – репертуардың кеңейтілуі, орыс классикасының шығармаларымен толықтырылуы саналады.

1990 жылдардың басынан дирижер шетелдерде көп өнер көрсетеді. 1995-2008 жылдар аралығында ол Роттердам филармониялық оркестрінің, 1997 жылдан «Метрополитен-опера» театрының шақырылған бас дирижері. Мұндай лауазым театр тарихында алғаш рет тек Валерий Гергиев үшін бөлінген. 2007 жылдың 1 қаңтарынан– Лондон симфониялық оркестрінің бас дирижері болды.

Валерий Гергиев – әлемдік деңгейдегі көптеген халықаралық фестивальдердің ұйымдастырушысы және көркемдік жетекшісі: Миккелидегі Гергиев-фестивалі (Финляндия), Қызыл теңіздегі классикалық музыка фестивалі (Эйлат), Киров-Филармония (Лондон), Роттердам Филармоник – Гергиев Фестивалі (Голландия), Мәскеу Пасхальді фестивалі. 1993 жылдан Санкт-Петербургтегі «Ақ түндер жұлдыздары» жылсайынғы фестивалінің жетекшісі. Бұл фестиваль 2009 жылы әлемдік музыка фестивальдерінің ондығына енген. Ол сонымен қатар, Мариин театрында өткізілетін төрт халықаралық фестивальге жетекшілік етеді: «Жаңа көкжиектер», «Масленица», «Марииндегі брасс-кештер» және «Мариин» балет фестивалі.

Маэстро шығармашылығы көптеген марапаттауларға ие болған. Валерий Гергиев – Ресейдің Халық әртісі (1996), РФ Мемлекеттік сыйлығының (1993, 1994, 1998, 2001), Әдебиет және өнер саласындағы РФ Президенті сыйлығының Лауреаты (2001). Ол Достық (2000), III дәрежелі «Отан алдындағы еңбегі үшін» (2003), IV дәрежелі «Отан алдындағы еңбегі үшін» (2008) ордендерімен марапатталған, Мемлекет және халық алдындағы ерен еңбегі үшін – Ресей Федерациясының Еңбек қақарманы (2013). Ресейдің жоғары театрлық сыйлықтарының иегері: «Алтын бет перде» (1996-2000) және «Алтын софит» (1997, 1998, 2000). Швеция корольдік музыкалық академиясының Polar Music Prize сыйлығының (1998), Еуропалық Glashutte Original Music Festival Prize сыйлығының Лауреаты (2010) және т.б.

2011 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан» Орталық концерт залындағы Х Мәскеу Пасхальді фестивалінің аясында өткен Мариин театры симфониялық оркестрінің концертінде Валерий Гергиевке «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын табыстады.2014 жылдан «Астана Опера» МОБТ шақырылған дирижері болып табылады.