Мария Мудряк

Операның солисті. Колоратуралы драмалық сопрано

1994 жылдың 6 сәуірінде дүниеге келді. Тұңғыш рет сахнаға 3 жасында Павлодар қаласының Оқушылар сарайында шықты.

Бес жасында №1 музыка мектебіне фортепиано сыныбына оқуға түсті. Кейін Павлодар музыка училищесінің жанындағы музыка мектебіне ауысып, оны 10 жасында бітіріп шықты. 10 жасынан бастап бүгінге дейін Италияның Милан қаласында тұрады. 12 жасында «Болашақ» Президенттік стипендиясының иегері атанып, Милан Жоғары музыка академиясына оқуға түсті (Scuola Musicale di Milano), осында көрнекті опера әншісі маэстро Карло Гайфадан дәріс алған. 2014 жылы магистр дипломына ие болды. 2008 жылы Миланда орналасқан Дж. Верди атындағы Мемлекеттік консерваторияға оқуға түсті (маэстро Деметрио Колачи сыныбы), оны 2012 жылы үздік бітіріп шығып, ұстаздық ету құқығын беретін диплом алды. Бүгінгі таңда ол әлемдегі ең жас дипломды опера әншісі болып табылады. 2015 жылдың қаңтар айынан – «Астана Опера» МОБТ солисі.

М.Френи, Л.Серра, К.Гайфа, М.Казони, К.Ваннини, П.Барбачини, Т.Фаббричини, М.Бэрти, А.Кончетти, В.Эспозито, Д.Тернер, Т.Хампсон сынды атақты опера әншілерінің шеберлік сабақтарына қатысты.

Әнші Карло Феличе (Генуя), «Розетум» (Милан), Сочале (Комо), Перголези (Йези), Понкиелли (Кремона), Фраскини (Павия), «Гранде» (Бреша), Пиаченца, Алигьери (Равенна), Доницетти (Бергамо), Петруцелли (Бари), Кочча (Новара) театрларында, Литва ұлттық опера және балет театрында (Вильнюс); Зальцбург фестивалінде, Равеннадағы опера фестивалінде, сондай-ақ Коллегиен киршеде (Зальцбург), Валлония Патшалық театрында (Льеж, Бельгия) өнер көрсетті. Қазақстанның Астана, Алматы, Өскемен, Павлодар, Шымкент, Ақтау және т.б. қалаларында өнерін паш етті.

МАРАПАТТАРЫ МЕН БАЙҚАУЛАРЫ:

  • ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Шет елдерде мемлекет имиджін нығайтқаны үшін» грамотасы (2008);
  • Италия білім беру министрлігі мен жеке Милан мэрі Л.Мораттидің атынан Мақтау грамотасы және «Италияның озық студентіне» Магда Оливьероның сыйлығы (2009);
  • Бенвенуто Франчи атындағы халықаралық байқау финалисті, генуялық «Карло Феличе» театры арнайы сыйлығының иегері (Пиенца, 2013);
  • Магда Оливеро атындағы халықаралық байқаудың ІІ сыйлық лауреаты, «Ең озық әйел дауысы» және көрермендер көзайымы сыйлықтарының иегері (Милан, 2013);
  • «AsLiCo» 65-ші байқауының жеңімпазы (Комо, 2014);
  • Миландағы ЭКСПО-2015 сахнасында өнер көрсетті;
  • Пласидо Домингоның Халықаралық «Опералия» вокалистер байқауының ІІІ сыйлық лауреаты (Астана, 2017).

РЕПЕРТУАРЫ:

Сюзанна («Фигароның үйлену тойы», В.А.Моцарт)

Мими, Мюзетта («Богема», Дж.Пуччини)

Норина («Дон Паскуале», Г.Доницетти)

Джульетта («Гофман ертегілері», Ж.Оффенбах)

Клоринда («Золушка», Дж.Россини)

Адина («Махаббат шырыны», Г.Доницетти)

Сопрано партиясы (Spatzen Messe, до мажор, В.А.Моцарт)

Джулия («Жібек саты», Дж.Россини)