Ғалия Бөрібаева

Балетмейстер. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

А.В. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің түлегі (А. Ғабитова сыныбы, 1970). Мәскеу мемлекеттік мәдениет институтының хореография факультетін (хореограф, 1975), сырттай Т. Жүргенов атындағы ҰӨА-ның «Сценография» факультетін «Қоюшы суреткер» мамандығы бойынша (2004) тәмамдады. Ла Скала театрында балетмейстер-ұстаз ретінде машықтанудан өтті.

Абай атындағы МАОБТ балетінің солисті (1970-1992), М. Әуезов атындағы ҚАДТ балетмейстері (1998-2002) болды, 2002 жылдан – К. Байсейітова атындағы ҰОБТ балетмейстері әрі труппа меңгерушісі. 2005 жылдан – Қарағанды музыкалық комедия театрының бас балетмейстері. 2010 жылдан – Рим ұлттық би академиясына классикалық би өнерінен ұстаз ретінде шақырылды. 2013 жылдан – «Астана Опера» МОБТ балетмейстері.

Т. Нұрқалиевпен бірлесіп Б. Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы», П. Чайковскийдің «Аққу көлі», «Щелкунчик», Л. Минкустің «Баядерка» балеттерін сахналады.

Е. Рахмадиевтің «Қамар сұлу», А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операларындағы билерді қойып, мемлекеттік концерттер мен халықаралық балет әртістерінің байқаулары үшін К. Күмісбековтің «Биші қайың», Н. Тілендиевтің «Аққу», Д. Шостаковичтің «Жол», Г. Форенің «Павана», Д. Лигетидің «Көңіл қорқынышы», А. Хогертидің «Дара тарих» және басқа да музыкалық туындылардан би қойылымдарын жүзеге асырды.

Ғалия Бөрібаева тәлімгер-ұстаз ретінде халықаралық байқаулар лауреаттарының біртұтас саңлақтары – Мәдина Басбаева, Әйгерім Бекетаева, Балқия Жаңбыршинова және тағы басқа Қазақстан балетінің жұлдыздарын тәрбиелеп шығарды.