Төлеубек Әлпиев

Директорының бірінші орынбасары. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің кавалері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Әлпиев Төлеубек Нығметұлы – «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры директорының бірінші орынбасары.

1948 жылы дүниеге келді. Мәскеу консерваториясы жанындағы П.Чайковский атындағы музыкалық училищесі (1964) мен Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын скрипка сыныбы бойынша үздік бітірген (1977).

Еңбек жолын 1970 жылы Фрунзе қаласында Қырғыз КСР Телевидение және Радиосы симфониялық оркестрінің әртісі болып бастады.

1977-1985 жылдар аралығында Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармониясы симфониялық оркестрінің әртісі болды (Алматы).

1985-1988 жж. – «Қазақконцерт» гастрольдік-концерттік бірлестігі бас директорының орынбасары.

1988-1989 жж. – Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармониясының директоры–көркемдік жетекшісі.

1989-1992 жж. – Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы Мәдениет істері жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары.

1992-1995 жж. – Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары.

1995-2000 жж. – ҚР Мәдениет және қоғамдық келісім министрлігінің Мәдениет комитеті жанындағы Республикалық және халықаралық мәдени бағдарламалар дирекциясының бас директоры.

2000-2013 жж. Қазақстанның жаңа астанасындағы опера-балет өнерінің дамуына негіз болған К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрын басқарды.

2013-2014 жж. – «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры директорының бірінші орынбасары.

13.11.2014 – 28.09.2016 жж. – «Астана Опера» МОБТ директоры.

2016 жылғы 28 қыркүйектен бастап қазіргі уақытқа дейін – «Астана Опера» МОБТ директорының бірінші орынбасары.

Орасан зор тәжірибесі, ойлау ауқымдылығы, энциклопедиялық білімі, ақыл-парасаты, мінсіз көркемдік талғамы, шығармашылық мәселелерге қатысты ымырасыздығы, жұмыс жасаудағы жоғары қабілеті, мақсаттарға қол жеткізу жолындағы табандылығы, дипломатиялық шеберлігі – тұла бойына сіңірген осыншама қасиеттердің арқасында Т.Н.Әлпиев ел арасында үлкен құрметке ие болып отыр. Республикамыздағы маңызды мәдени шаралар оның белсенді қатысуымен өтуде, атап айтқанда, ол Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында 3500 адам қатысқан «Мәңгілік ел» ірі театрландырылған көрінісі жетекшілерінің бірі болды.

Қазақстанның мәдениетін әлемдік деңгейге шығаруға ықпал ететін жемісті шығармашылық қызметі үшін ие болған жоғары мемлекеттік марапаттары ішінде: «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы (1998), «Құрмет» (2005) және «Парасат»» (2011) ордендері, «Достастық жұлдызы» халықаралық сыйлығының лауреаты (2017), «Қазақстан полициясына 25 жыл» төсбелгісі (2017), «Қазақ хандығының 550 жылдығы», «Астананың 20 жылдығы» медальдары бар.

А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсының қойылымы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2018).