Атақты квартет «Астана Опера» театрында өнер көрсетеді

Дарынды музыканттар – Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті – скрипкашылар Айдар Тоқталиев пен Алексей Лебедев, альт аспабының шебері Бекзат Сайлаубайұлы және виолончельші, ұжымның көркемдік жетекшісі Ернар Мыңтаев 18 ақпанда «Астана Опера» Камералық залының сахнасында өнер көрсетеді. Квартет жанры элиталық және күрделі жанр болып саналады, осы тұрғыда белгілі аспап шеберлері өздерін қалай көрсететінін елорда тұрғындары мен қонақтары, «Квартет шақырады…» циклы аясында өтетін «Классиктермен сұхбат» концертінде тамашалай алады.

unnamed

Концерттің атауы бізді классиктердің шығармасымен кездесуге дайындағанымен, бағдарламаға XVIII ғасырдың, сондай-ақ XX ғасырдың шығармалары енген. Тыңдарман назарына В.А. Моцарттың №14 ішекті аспаптар квартеті, С. Барбердің ор.11 ішекті аспаптар квартеті және Ғ. Жұбанованың №1 ішекті аспаптар квартеті ұсынылады.

– Бағдарламаны классиктерден бастауды шештік. В.А. Моцарт шығармаларын орындай алу – музыкант шеберлігінің деңгейі жоғары екенінің көрсеткіші. Сэмюэль Барбердің дәуірі қазіргі заманға жақын XX ғасыр болғандықтан, оның сұранысқа ие, әсіресе, Америкада аса танымал шығармаларын тыңдау, біздің көрерменнің қызығушылығын тудырады деп ойлаймын. Концерттік бағдарлама Ғ. Жұбанованың квартетімен аяқталады. Бұл ұлы композитордың барлық шығармасы, ұжымымыздың бетке ұстары болып табылады. Қай жерде болсын, өз елімізде немесе шетелде өнер көрсетсек те, әрдайым бағдарламамызда қазақстандық композиторлардың музыкасы шырқалады. «Астана Опера» театрында біз алғаш рет өнер көрсетпекшіміз әрі осы концерттен бастап, ынтымақтастығымыз табысты болатынына сенім білдіреміз, – деп әңгімеледі Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ұжымның көркемдік жетекшісі Ернар Мыңтаев.

Осы жылы ұжымның жұмысы айтарлықтай қызу болатынға ұқсайды. Жаз айының басында музыканттардың Еуропа елдеріне гастрольдік сапары жоспарланғаны белгілі, бұдан кейін оларды АҚШ күтуде.

Квартет 1988 жылы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық арнайы орта музыкалық мектеп оқушыларынан құрылып, кейін олар Құрманғазы атындағы консерваторияда оқумен қатар, бірлесіп шығармашылық жұмысын жалғастырды. Жас дарынды ұжымға композитор Жұбанова Ғазиза Ахметқызы қамқорлық еткен. Қазіргі кезде квартет оның атымен аталады. Ғ. Жұбанова атындағы музыкалық ұжым мүшелері, квартет жанрының атақты шеберлерінен тәлім алып, еуропалық жоғарғы оқу орындарында білімдерін жетілдірген. Ғ. Жұбанова атындағы квартет мемлекеттік мәртебеге ие, сол себепті оларға үлкен міндет жүктеледі. Квартет – көптеген халықаралық байқаулардың, соның ішінде әйгілі Д.Д. Шостакович атындағы халықаралық байқаудың лауреаты. Бүгінде музыканттар – Америка, Еуропа мен Азияның алдыңғы қатарлы сахналарының қалаулы қонақтары.

Концерттің басталуы 18:00, билет бағасы – 2000 теңге.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры