Британдық жауһардың Қазақстандағы тұсаукесері

«Астана Опера» балет труппасы Ж. Массненің музыкасына қойылған әйгілі британдық хореограф Кеннет Макмилланның драмалық «Манон» балетін ұсынбақшы. Корольдік Ковент-Гарден театрының репертуарынан алынған әйгілі спектакльдің тұсаукесері 28 және 29 сәуірде өтеді.

Untitled-3

ХХ ғасырдағы хореографияның жауһарына айналған шығарма аббат А.Ф. Превоның «Кавалер де Грие мен Манон Лесконың тарихы» романының желісімен жазылып, Ж. Массненің он үш операсы, екі ораториясы, оркестрлік жұмыстары, түрлі әндер мен фортепианолық шығармаларының үзінділерінен құралған музыкасына қойылған. Оркестрге салып, өңдеген – Мартин Йетс.

Ұлыбритания Корольдік балетінің көркемдік жетекшісі және бас хореографы сэр Кеннет Макмиллан әлемдік балет өнеріне айтарлықтай ықпал еткен. Көркемдігі және мағынасының тереңдігі жағынан да сәтті шыққан хореографиялық драма, әйгілі лондондық театрдың ғана емес, әлемдік классикалық репертуардың да сұранысы ең жоғары туындысына айналды.

Балетте Манон Леско мен кавалер де Гриенің қайғылы махаббаты баяндалады, кейіпкерге махаббат пен байлықтың біреуін таңдау қажет. Драмалық оқиғаның басты назарында бас кейіпкерлердің – Манон мен де Гриенің па-де-десі. Қайғылы жағдай көпшілік жаппай қатысатын сахна аясында өрбиді, сонымен бірге, әр кейіпкердің әбден ойластырылған өз партиясы бар. Нәтижесінде, балет үздіксіз көрініске толы. Қойылымның драмалық айқындығын Николас Георгиадис әзірлеген шынайы костюмдер мен сахналық безендірулер де еселей түседі.

«Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова бас партияны аңызға айналған лондондық сахнада бірнеше рет биледі. Алтынай Әбдуәхимқызы образды сомдау барысында Кеннет Макмилланның өзімен жұмыс жасаған. Оның айтуынша, британдық кемеңгер хореограф жүзеге асырған көптеген қойылым ішіндегі үздігіне қазақстандық балет труппасы тұтас қатысады.

– Ұлыбританияның балет өнерінде, әсіресе, Кеннет Макмилланда хореографиялық драма жанры кең қолданылады. Бұл жерде Шекспирдің кезінде пайда болған драмалық театрдың бай дәстүрінің де ықпалы бар шығар. Британдық балетте актерлық шеберлік техникасы мүлде бөлек. Бұл жарқын, сөйте тұра байсалды, ойынның біршама камералық нұсқасы. Онда орындау барысындағы маңызды ұсақ-түйектер: көз жүгірту, сезімді жеткізетін қимылдар жәна басқасы нақты есептелген. Мұның барлығы көрерменді сахнадағы көрініске еліктіре отырып, ерекше атмосфера қалыптастырады. Хореографтың мұрасына асқан мұқияттылықпен қарап, оның түпкі ойы мен көздегені бастапқы нұсқадағыдай сақталғанына зор құрметпен қарайсың, – дейді Алтынай Асылмұратова.

Қойылымды қазақстандық сахнада жүзеге асыру ісін хореографтың әйелі леди Макмиллан белгілі балетмейстерлер Карл Барнетт пен Патриция Руаннға сеніп тапсырды. Карл Барнетт «Астана Опера» балет труппасымен және оның кәсіби деңгейімен танысу мақсатында Астанада бір жыл бұрын болған. Қоюшы балетмейстер мұндағы талантты жас әртістердің шеберлігінен керемет әсер алды.

– Мен саяхат жасап, көп елді аралаймын және түрлі бишілерді көремін. Қазақстандық әртістерді алда зор мүмкіндіктер күтеді. Жаңа әрі күрделі репертуарды меңгеру – әртістердің болашақта шыңдалуына ықпал ететін жағымды да қиын тапсырма. Труппамен және солисттермен жұмысты жақында бастадық. Мен бұған қуаныштымын, – дейді Карл Барнетт.

 

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры