Қазақстанның даңқын асыра ән саламыз

26 тамыз, Конституция күні қарсаңында, «Астана Операның» Камералық залында «Жастар шығармашылығы» топтамасынан «Ән-жырым саған, Қазақстан!» атты мерекелік концерт өтеді.

_DSC3498_DSC7048_DSC7122

Концертке театрдың опера труппасын толықтырған талантты тәлімгер солистердің жас буыны қатысады, олар – халықаралық байқаулардың лауреаттары Назым Сағынтай (сопрано), Малика Минизини (меццо-сопрано), Шыңғыс Расылхан (бас). Сондай-ақ Камералық зал сахнасына халықаралық байқаулардың лауреаттары Әйгерім Аманжолова (сопрано), Алмат Ізбамбетов (тенор), Азат Мәлік, Алтынбек Әбілда (баритон) шығады. Оларға керемет аспапшылар, сонымен қатар көптеген халықаралық сайыстардың қатысушылары мен жеңімпаздары – флейтист Жібек Сапарғалиева мен «Dolce» скрипкашылар ансамблі қосылады, фортепиано партиясы – Раушан Бескемпірова.

Тыңдаушылар назарына қазақстандық сазгерлердің вокалдық әрі аспаптық туындылары ұсынылады. Көрерменнің сүйсіне тыңдайтын халық әндері, романстары, А.Жұбанов, М.Төлебаев, Е.Рахмадиев, С.Мұхамеджанов және т.б. композиторлардың операларынан танымал ариялар мен дуэттер шырқалатын болады.

DSC6577

– Еліміздегі ең маңызды мерекелердің бірі – Конституция күнін атап өтпекпіз. Классикалық музыка жанрында жұмыс жасайтын қазақстандық әртістердің жас буыны астаналық тұрғындар мен қонақтар үшін ұмытылмас кеш әзірлеген. Назым Сағынтай «Біржан-Сара» операсынан Сараның атақты ариясын және М.Төлебаевтың «Бақыт вальсі» әнін орындайды. Малика Минизини «Дудар-ай» халық әні мен Ә.Әбдінұровтың «Туған жер» вокалдық туындысын ұсынса, Шыңғыс Расылхан К.Күмісбековтың «Аяулы мекенім» романсын шырқайтын болады. Барлық қатысушылардың атынан қазақстандықтарды осы айтулы күнмен құттықтай отырып, әр шаңыраққа ашық аспан, зор денсаулық, молшылық пен амандық тілеймін, жаныңызда әрқашан жанға жайлы әуен шырқала берсін, – деді халықаралық байқаулардың лауреаты Раушан Бескемпірова.

Концерттің жүргізушісі – Мәдениет қайраткері Маржан Жәкенова.

Концерттің басталуы сағат 18.00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры