Пласидо Доминго және Еуропа, АҚШ, Қазақстанның опера жұлдыздары «Травиата» спектаклінде өнер көрсетпек

2017 жылғы 1 және 3 тамызда «Астана Опера» театрында Пласидо Доминго мен үлкен опера жұлдыздары Астанада Дж.Вердидің «Травиата» операсында өнер көрсетеді. Әлемдегі үздік сопранолардың бірі Марина Ребека (Латвия) мен белгілі қазақстандық тенор, «Астана Операның» жетекші солисі Медет Шотабаев Дж.Вердидің «Травиата» спектаклінде Жорж Жермон партиясындағы қазіргі заманғы ұлы опера әншісі Пласидо Домингоның қатысуымен Виолетта мен Альфредтің басты партияларын орындайды. Дирижері – АҚШ-тан келген атақты маэстро Юджин Кон. Бұл жарқын мәдени іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «ЭКСПО-2017» бағдарламасы аясында өтеді.

_DSC4208

Пласидо Доминго Марина Ребеканы соңғы 50 жыл ішінде Виолетта партиясын үздік орындаушылардың бірі деп атаған. Оның қоржынында Верди жауһарларының 15-тен астам түрлі қойылымы бар, ал оның әлем бойынша опера театрларында бұл рөлді өзінше жеткізе білуі осы бейненің толыққанды әрі дәл берілуі болып саналады.

Әлемдік опера жұлдызы Марина Ребека өзінің мінсіз актерлік шеберлігі, ерекше кең тынысты дауыс ырғағы, сондай-ақ табанды дарындылығы мен сахнада көрсете білетін сүйкімділігі арқасында талғампаз көрермен мен қатаң сыншылардың жүрегін жаулай алды. Ол үнемі үздік халықаралық сахналарда өнер көрсетеді.

«Травиата» спектаклі атақты әншінің кең ауқымды репертуарында ерекше орын алады.

– Мен бұл партияны жақсы көрем, оның ерекшелігі – керемет вокалдық дағдыларды талап етумен қоса, актерлік ойын үшін ауқымды кеңістік қалдырады. Виолетта бейнесінде түрлі реңк пен сан қырлар бар, әрбір өнер көрсетуде менің кейіпкерім алуан түрлі, бірақ не істесе де, үнемі шынай әрі адал. Маэстро Домингомен бірге көптеген қойылымдарға қатыстым. Бұл бір ерекше тәжірибе, сахнадағы іс-қимыл кезінде өзара түсіністік пен сиқырлы күш пайда болары анық. Ол таңғажайып сахналық серіктес – эмоцияға өте берілгіш әрі мықты. Осы оқиғаны сахнада қайтадан бастан кешуге әзірмін. Тыңдарманға ұсынатын спектакліміз ұнайды деп сенемін, – деп бөлісті Марина Ребека.

Виолеттаның ғашығы Альфред партиясын танымал вокалист, шетелде талап етілетін қазақстандық әртістердің бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаев орындайды. «Астана Операның» жетекші солисті Италия, Швейцария, Австрия, Словакия, Франция, Бельгия, Нидерланды, Бразилия, АҚШ, Канада және тағы басқа елдерге гастрольмен жиі шығады. Оның үстіне, әртісті әр елде оның шығармашылығының шынайы жанкүйерлері асыға күтуде. Жақында ғана әнші бельканто стилінің жауһары – Винченцо Беллинидің “Норма” операсында басты партия Поллионды 14 спектакльде орындаған атақты Graz Opera (Австрия) сахнасында орындап шықты.

_DSC4270

Атақты Америка дирижері Юджин Кон Рената Тебальди, Джузеппе Ди Стефано, Франко Корелли, Мария Каллас, Рената Скотто, Лучано Паваротти және өзге де аты аңызға айналған вокалистермен бірге өнер көрсетуі арқылы көпшілікке кеңінен танымал. Соңғы 25 жыл ішінде Пласидо Домингомен тығыз байланыста жұмыс жасауда – бірлескен спектакльдер, концерттік бағдарламалар, сонымен қатар көптеген CD және DVD-диск жазбалары осының куәсі. Сондай-ақ 2008 жылдан бастап Юджин Кон классикалық және танымал музыка жанрында жұмыс жасайтын белгілі итальяндық әнші Андреа Бочеллимен бірге қызмет атқаруда. 2002 жылы Ф. Дзеффиреллидің «Каллас навсегда» фильмінде маэстроның актерлік дебюті орын алды, аталған картинада опера бұлбұлы Мария Калластың концертмейстері болған кездегі өзінің рөлін сомдаған.

Астанадағы қойылым күндері Флора Бервуа партиясын Хорватияның жас талантты әншісі Сандра Пламенац орындайды. Қонақтармен бірге сахна төріне «Астана Опера» театрының солистері шығады, олар: барон Дюфоль – Евгений Чайников, маркиз д’Обиньи – Бауыржан Әндержанов («Астана Опера» / Эссендегі Аалто музыкалық театры, Германия), Аннина – Елена Ганжа, Доктор Гренвиль – Шыңғыс Расылхан, Гастон – Халид Нұралиев, Джузеппе – Рамзат Балакишиев, Комиссионер – Нұрлыбек Қосбармақов. Сонымен қатар қойылымға «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хоры қатысады, бас хормейстері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Даутов.

Еске салар болсақ, Дж.Вердидің «Травиата» операсының либреттосын А.Дюма-ұлының «Камелия ұстаған ханым» романының желісі бойынша Франческо Мария Пьяве жазған болатын. Танымал «Айналар травиатасының» қоюшы режиссері – Хеннинг Брокгауз (Италия), суретші сценографы – Йозеф Свобода (Чехия), костюм суретшісі – Джанкарло Колис (Италия).

Спектакльдердің басталуы сағат 19.00-де.

 

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры