Америкалық және қазақ әуендерінің тоғысуы

Танымал америкалық альтист Денис Краснокутский (АҚШ) «Музыкалық қиылыс» концерттер циклын бастайды. Алғашқы концерт 19 маусым күні «Астана Опера» Камералық залының сахнасында өтеді.

19июня2017

Денис Краснокутский әлемнің ең атақты сахналарында өнер көрсеткен америкалық танымал солист және камералық музыкант. Гаррисберг симфониялық оркестрімен, Майами оркестрімен, Рено және Нью-Джерси филармониясымен, Батон-Руж симфониялық оркестрімен, Бэй-Атлантик филармониясы және симфониялық оркестрімен серіктес болған. PhD докторы, Сэмюэль Барбердің Ішекті аспаптар квартетінің негізін қалаушылардың бірі.Сондай-ақ, «Rowan» Ішекті аспаптар квартетінің қатысушысы ретінде де өнер көрсеткен. Денис Краснокутский 2006 жылдан бері «Филадельфия виртуоздары» камералық оркестрінің бірінші альті.Осы оркестрдің құрамында ол Солтүстік және Оңтүстік Америка, Еуропада гастрольдік сапармен болған.

Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов (скрипка), Айсұлу Бәйкенова (скрипка), Ермек Құрманаев (виолончель), Екатерина Лапухина (фортепиано) және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, маэстро Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігімен Камералық оркестр қатысады.

– Оркестрант-солист ретінде шетелде жұмыс істейтін музыкант достарымыз өте көп, олар түрлі шығармалармен концерттерде өнер көрсете алады. Осы жолы біз әлемге әйгілі альтист Денис Краснокутскийді (АҚШ) шақырдық. Болашақта біз Камералық залдың сахнасына Лондон филармония оркестрінің солистері және басқа да танымал музыканттармен бірге шығуды жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз – «Астана Опера» театрында орындаушылық деңгейі жоғары солистердің басын қосып, көрермендерімізге рухани кеш сыйлау. Концерттерден кейін қонақтарымыз «Астана Опера» оркестрінің музыканттарына мастер-класс өткізеді. Мұндай серіктестік біздің ұжым үшін аса маңызды. Тағы бір айта кетерлік жайт, америкалық композитор Маурицио Биньен осы жобаға арнайы скрипка, альт пен оркестр орындайтын «Икебана» деп аталатын туындысын әкелді. Америкалық ырғақта жазылған бұл шығарма біздің тыңдармандарды бей-жай қалдырмайтыны анық.

«Музыкалық қиылыс» деп аталып, бірнеше концерттерден тұратын кештерде музыканттар міндетті түрде қазақ композиторларының да шығармаларын орындайды.

Бұл жолы біз көрермен назарына Ғ.Жұбанованың №1 Квартетітін ұсынамыз – деп хабарлады жобаның бірлескен авторы Айсұлу Бәйкенова (скрипка).

Концертте шетелдік классик-композиторлар – Анри Вьетан, Астор Пьяццолла және тағы басқа авторлардың туындылары, сондай-ақ, ұлттық музыка шығармалары да орындалады.

Желтоқсан айында жоба авторлары Бағдат Әбілханов пен Айсұлу Бәйкенова Сербия астанасы Белградта жеке концерт беріп, шетелдік тыңдарманның назарына қызықты бағдарлама ұсынбақ.

Концерттің басталуы 19.00-де

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры