“Аттила” операсы

“Аттила” операсы

Прологымен 3 бөлімді лирикалық драма.

Либреттосын жазған Т. Солера және Ф. Пиаве. З.Вернердің трагедиясы бойынша.

Өткізілген орны мен уақыты: 452-453 жж., Италия: Аквилея, Рим.

«Аттила» – Вердидің алғашқы операларының бірі, «сахналық раритеті», оның әр сахналануы алдын ала күтілген елеулі оқиғаға айналды. Операда V ғасырда болған тарихи көріністер орын алған, онда Рим империясы Азиядан шыққан ғұн деп аталатын құдіретті көшпелі тайпалардың шабуылына түседі. Атилла есімі Рим империясының халықтарында қорқыныш пен ғаламат үрей туғызды. Еуропаның көптеген тайпаларын жаулап алған Атилла, Римді бодандыққа алуды армандайды. Жас император III-Валентиниан болса, мемлекет істерінде тәжірибесіз болды. Оның нағыз бақталасы «Римнің соңғы Аталмыш тарихтың сюжеті көптеген еуропалық жазушыларға шабыт беріп, кең танымал шығармалар туғызды. Сондай әйгілі туындылардың бірі 1808 жылы жазылған Фридрих Людвиг Захариас Вернердің «Аттила, ғұндар патшасы» трагедиясы. «Жазмыш трагедия» жаңа жанрдың шығарушысы Вернердің туындылары жарқылдаған театрлық эффектілермен және белгілі тарихи кейіпкерлермен айшықталды. Вернердің шығармашылығы алман жұртының ішінде әйгілі болып, оны Гетенің өзі қолдады, соның арқасында «Аттила» бірден Алманияның түрлі театрларында қойылды.
Верди пьесамен 1844 жылы танысып, қатты қызығып, өзінің айтуы бойынша трагедияның ішінде «Ғажайып дүниелерді және күшті әсер беретін» тамаша хорларды және «Үш мәрттік мінездерді» тапты. Бұл Аттила – «ешқандай өзгертуге мүмкіндік бермейтін»; Идельгонда — тарихи аты Ильдико, операда итальяндың Одабелла атын алған; Аэций – «ол керемет және оның ой өзегі Аттиламен екеуара дүниені бөлу туралы дуэтінде… Демек, оған төртінші пәрменді кейіпкерді табу керек» – деп топшылады. Ол, Вердидің пікірі бойынша, Идельгонданың ғашық жігіті Вальтер еді, ол артынан итальянша Форесто болып атанды. Композиторға зор әсер еткен Папа Леонның сахнасы: оның бар әрекеті етегінде соғыс жүріп жатқан Авентин төбесінде Римнің жеті дөңінің бірінде өтеді… Композиторды Аэцийдің ерте өлімі қанағаттандырмады: ол қыз бен жігіттің Аттилаға қарсы қастандық әрекеттеріне бірге қатысуы керек деп шешті (нәтижесінде Аэций Аттиланың өліміне дейін тірі болады). Вердиді сол кездегі дәуір, ахуал және тарихи тұлғалар – бәрі қызықтырды: Ол таныс мүсіншіден тіпті Рафаэль фрескасындағы Аттила костюмінің суреттемесін жіберуін, киімінің түсіне, бас киіміне ерекше көңіл бөлуін сұрады.
«Аттиланың» либреттошы ретінде Вердидің таңдауы, басында «Эрнани» туындысының жұмысында танысқан Франческо Мария Пиавеге (1810—1876) түскен болатын. Артынан бұл жұмысты театр дүниесін жетік білетіндігі үшін Верди қатты бақалайтын, поэмалар мен романдардың тіпті опералардың авторы, Фемистокл Солера (1815-1878) жалғастырды.
Көлемді көпшілік сахналары, финалдары (хормен қосылған квинтеттер), айшықты ариялары, қуатты да шуақты жиі қолданыстағы марш ырғағы, тез жатталатын әуендері бар, бұлардың қатарында, кемшілік ретінде, психологиялық тереңдіктің және нәзіктік иірімдерінің жұтаңдығы – міне, «Аттила» операсының сипатты белгілері.
«Аттила» операсының премьерасы 1846 жылдың 17 наурызында Ла Фениче (Венеция) театрында өтті. Вердидің айтуы бойынша «Аттила» «Жалпы жақсы өтті… Достарым бұл операны менің жазғандарымның ішіндегі ең жақсысы деп есептеуге бейім. Ал, жұрт ішінде – пікірталас бар. Мен болсам, «Аттила» бұрынғы операларымнан төмен емес дер едім: бәріне уақыт төреші». Опера уақыт таразысынан өтіп, бүгінгі күнге дейін әлемнің ең ірі деген театрларының репертуарларында, олар: Teatro dell’ Opera di Roma (Рим, 1964, 1981, 2005, 2012), Arena di Verona (Верона, 1985); Grand Opera (Париж, 2001); Teatro Municipale di Piacenza (Модена, 2007); Teatro Segura (Лима, 2009); Metropolitan Opera (Нью-Йорк, 2010); La Scala (Милан, 1991, 2011), Мариин театры (Санкт-Петербор, 2010, 2013) т.б.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры