Абзал Мұхитдинов ұсынатын «ғажайып»

Дарынды, жасампаз, асқан шебер – маэстро Абзал Мұхитдиновтің жетістіктері мен марапаттар тізіміне қарап, ол жайлы осылай атап өткің келеді. «Құрмет» орденінің кавалері, Ұлыбританияның Йорк университетінің магистрі, Қазақстан композиторлары одағының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, болмысы әртіске тән дирижер-философ – осының барлығы абзал қайраткер туралы. Абзал Мұхитдинов классикалық өнерді сүйіп тыңдайтындарды әлі күнге дейін таң қалдырып келеді. Бұл жолы да ол үлкен тосын сый тарту етті – «Қыз Жібек» операсының жаңа музыкалық редакциясын жасады.

_DSC1938

Клавирді жетілдіру бойынша зор еңбек атқарып, операның дыбысталуына қанық бояулар қоса отырып, өзінше ғаламат музыкалық туынды әзірлеген ол, қарапайым жұмыс жасадым деп санайды.

– Музыкалық-драмалық спектакльді опералық қойылымға өңдеу тәжірибесі маған дейін де болған. Бұрынғы нұсқа, опера әншілері драмалық спектакльдегідей сахнада әңгіме жүргізетін диалогтардан құралғанын («Қыз Жібекке» байланысты жағдай) айта кеткім келеді. Операдағы ариялар, ансамбльдер, хор және би көріністері арасындағы барлық драмалық байланыс әдетте музыкалық ән жолдарынан тұрады, яғни әншілер мәтіндегі сөзді құр айтпайды, оны әнге қосып шырқайды. «Кармен» де әуел баста әңгіме түріндегі драмалық монологтар мен диалогтардан құралған. Бірінші редакция сәтсіздікке ұшырады, тыңдарман операны бағаламады және бұл композитор үшін үлкен соққы болды. Әңгіме формасындағы монологтар мен диалогтарды пайдалану сәтсіздіктің бір себебіне айналды. Композитор қайтыс болғаннан кейін Эрнест Гиро монологтар мен диалогтарды музыкалық ән жолдарына айналдыра отырып, операның жаңа музыкалық нұсқасын жасағаны сол-ақ еді, туынды танымал болып шыға келді. Қазір ол әлемдегі ең көп орындалатын шығармалардың бестігінде. Біздегі операда Базарбай хан, Жібектің жеңгесі – Батсайы сияқты кейіпкерлер ән салады, Төлегеннің қарындасы Қарлығаш пен оның анасы Қамқаның шырқайтын көрінісі пайда болады.

– «Қыз Жібек» операсына жұмысқа кіріскенде неден бастадыңыз?

– Е. Брусиловскийдің шығармашылығына талдау жасаудан бастадым және оның бұл операны өте жас кезінде – 29 жасында, 1933 жылы Қазақстанға енді ғана келген кезінде әрі қазақ тілін әлі меңгере қоймаған кезінде жазғанын түсіндім. Әрине, бұл әртістерге белгілі бір қиындық туғызды. Өз тәжірибеме сүйенсем, операның көптеген тұсын әншілер кеңес тұсында басып шығарылған клавир бойынша орындамағанын білемін. Әртістер оны қазақша шырқағанға «ыңғайлы» етіп өзгерткен. Әртүрлі нұсқаларды тыңдай отырып, мен оларды нота тілінде «заңдастырдым». Енді бәрі орындаушыға да, тыңдаушыға да ешбір жайсыздық тудырмастан шынайы шырқалады.

– Операның шырқалуынан бөлек, қандай да бір қосымша жаңалық енгізіледі ме?

– Операда алғаш рет балалар хоры пайда болады. Балалар мәні жағынан аздап аңғал, бірақ осы аңғалдығымен керемет болып келетін марш жанрындағы музыканы орындайды. Егер бұл маршты ересектер хоры орындаса, онда музыка соншалықты тамаша рең бермес еді. Біз режиссермен осы міндеттерді шешудің әртүрлі жолын іздеп көрдік және осы хорды «Астана Опера» балалар студиясының жас әртістері орындай алады деген шешімге келдік. Олардың шырқағанын естіп, мен өнерлеріне тәнті болдым. Бұны да біз ойлап тапқан жоқпыз, біз уақыт тезінен өткен бұрынғы композиторлардың тәжірибесін пайдаландық. П. Чайковскийдің «Қарғаның мәткесі» операсында балалар хоры бар – олар марш орындайды, Ж. Бизенің «Карменінде» де балалар хоры бар, олар да марш шырқайды… Тағы осындай бірнеше мысал келтіруге болады. Енді «Қыз Жібек» операсынан қазақ операларында бұрын-соңды кездеспеген осындай қарама-қайшылықты көре аламыз. Опера дегеніміз не? Бұл – сөз, сахналық қойылым және музыка арқылы өміріміздің көрінісін жеткізу. Ол өмірдің барлық қырын паш етеді, ал балаларсыз өмір жоқ. Сондықтан, сахнада балалардың шырқағаны спектакльге ерекше мән береді.

– Операның музыкасы толығымен ұлттық фольклорға негізделеді десе болады, қазақ халқына тән осындай нәзік ерекшелікті симфониялық оркестр арқылы жеткізуге бола ма?

– Иә, әрине болады, алайда біз музыканың әуеніне қанық рең беруді жөн көрдік. Операда алғаш рет ұлттық аспаптар пайда болады. Біз домбырашылар ансамблін қостық, біздің пайымдауымыз бойынша ол сахнада орналасады, музыканттар садақшылардың биін сүйемелдейді. Түпнұсқадағы күйлерге лирикалық акцент енгізілді. Мұнымен қатар, біз толығымен ағаштан жасалған қазақтың дабыл қағатын әскери аспабы – кернейді пайдаланамыз. Көпшілік өзбек пен ұйғыр халқының жезді қарнайын білгенімен, өкінішке орай бүгінгі таңда өзіміздің қазақтың кернейі жайлы білетініміз шамалы. Алматыда болған кезімде Ықылас Дүкенұлы ат. халық аспаптары мұражайына арнайы барып, қызметкерлермен сөйлестім, оларда бұл музыкалық аспап бар екен. Мұражай жанындағы шеберлер сызба бойынша бізге 6 данасын дайындап берді. Енді халық нағыз қазақ кернейін көріп, үнін тыңдай алады.

Бұдан бөлек, шаңқобыз пайдаланылады. Ол Симфониялық оркестрдің аспаптарымен үйлескен кезде, әсіресе «керуен» тақырыбы қозғалып, сахнадан түйелерді көргенде, оның үні ерекше әсерге бөлейді.

Сондай-ақ, скрипка мен виолончельдің арғы тегі, көне шамандық аспап қылқобыз да ойналады. Оның үнінде бір сиқыр бар, осындай дыбыс тембрі төртінші көріністің басында, Төлегеннің өлімінен кейін қажет болады. Қазақтың арфасы – жетігенді де пайдаланамыз. Бұл аспаптың дыбыс ырғағы шынымен де ғажап. Туынды ертегідей болуы тиіс, мен бұған сенімдімін!

– Сұхбатыңызға рақмет.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры