Театр туралы

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры

basnik - cesna_28 - 0303

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылы ашылды.

Әлемдік сәулет өнерінің ең үздік классикалық дәстүрлері ескеріле салынған театр архитектурасында ұлттық нақыш айқын байқалады; оның техникалық жабдықталуы әлемдік стандарттарға сай келеді.

2013 жылдың 21 маусымында театр өзінің алғашқы шымылдығын түріп, қазақ музыкасының жауһары – М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсымен көрерменге жол тартты. Сол жылдың күзінде театр әлемдік тұсаукесерін жасап, халықаралық қауымдастыққа Дж.Вердидің «Аттила» операсын ұсынды.

Бүгінгі таңда «Астана Опера» репертуарында А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» опералары, Ғ.Жұбанованың музыкасына қойылған «Қарагөз» балеті сынды ұлтымыздың атақты композиторларының шығармаларымен қатар әлемдік опера және балет классикасы: Дж.Вердидің «Аида», «Травиата», Дж.Пуччинидің «Богема», «Тоска», «Мадам Баттерфляй», Ж.Бизенің «Кармен»; П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару», «Аққу көлі», «Щелкунчик», С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта», А.Хачатурянның «Спартак», Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы», Л.Минкустың «Баядерка» және «Дон Кихот», Б.Эйфманның «Роден» балеті, Р.Петидің «Париж Құдай Анасының соборы» балеті, К.Макмилланның «Манон» және тағы басқа өнер туындылары бар. Спектакльдер көрнекті сценограф Эцио Фриджерио және костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино, Софья Тасмағамбетова және Павел Драгуновтың қатысуымен Франко Дзеффирелли, Юрий Григорович, Борис Эйфман, Алтынай Асылмұратова, Михаил Панджавидзе сынды атақты тұлғалардың қойылымында көрерменге ұсынылуда.

«Астана Опера» сахнасында Бибігүл Төлегенова, Айман Мұсақожаева, Жания Әубәкірова, Нұржамал Үсенбаева, Алан Бөрібаев, Майра Мұхамедқызы және тағы басқа әйгілі қазақстандық әртістермен бірге әлемдік музыка өнерінің жұлдыздары: Пласидо Доминго, Зубин Мета, Елена Образцова, Валерий Гергиев, Хосе Каррерас, Анна Нетребко, Марсело Альварес, Светлана Захарова, Вадим Репин, Денис Мацуев, Владимир Спиваков, Ильдар Абдразаков… өнер көрсетті.

Бұл сахнада белгілі қазақстандық әртістер мен ұжымдар, сонымен қатар неополитандық «Сан-Карло», генуялық «Карло Феличе» театры, Санкт-Петербургтегі Мариин театры, Новосібір опера және балет театры, З.Палиашвили атындағы Тбилиси мемлекеттік опера және балет театры және тағы басқа айтулы ұжымдар гастрольдік сапар шеңберінде өнерлерін паш етті. ЭКСПО-2017 аясында көптеген іс-шаралар сәттілікпен өтті, оның ішінде Пласидо Домингоның ХХV Халықаралық «Опералия» вокалистер байқауы, Жермон партиясындағы П.Домингоның қатысуымен «Травиатаның» екі қойылымы, миландық Ла Скала театрының гастрольдері аясында Дж.Вердидің «Фальстаф» операсы және Бетховеннің №9 симфониясы, сондай-ақ Қазақстан мен Италиядан келген 1200 хор әртістері және оркестрдің қатысуымен Г.Малердің №8 симфониясы.

 

“Астана Опера” мемлекеттік опера және балет театры тұрғындардың барлық әлеуметтік топтарының, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың келуіне қолайлы. Олар үшін театрда “кедергісіз орта” жасалған: енді есіктер, қауіпсіз пандустар, арнайы лифт және спектакльдер мен концерттерді барынша жайлы әрі қауіпсіз тамашалауға мүмкіндік беретін өзге де қажетті атрибуттар бар.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры