Тәуелсіз Қазақстанға арнау

17 желтоқсан күні «Астана Опера» театрының Үлкен залында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Өнерім саған, Тәуелсіздігім» атты мерекелік концерт өтеді. Осы кеште сахна төрінде опера жұлдыздары жарқырайтын болады. Сонымен қатар концертке «Астана Операның» хоры және Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен Симфониялық оркестр қатысады. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.

_DSC6875

Кең ауқымды бағдарламаға атақты қазақстандық композиторлардың ең жарқын туындылары мен музыкалық классика шығармалары енгізілген. Көрерменге Т.Қажығалиевтің «Дала аңызы», М.Төлебаевтың «Айтысы», Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйі, Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсынан Қамар мен Ахметтің дуэті ұсынылмақ. Бұдан бөлек, Дж.Вердидің «Трубадур» операсынан граф Ди Луна мен Леонораның дуэті, Дж.Россинидің «Семирамида» операсынан Семирамида кавантинасы орындалады. Кеш соңында Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әні шырқалады.

Еске салар болсақ, 1990 жылдың 25 қазаны Қазақстан азаматтары үшін ерекше күнге айналды: бұл күн – Республика тарихының өткен кезеңінің аяқталып, жаңа даму жолының бастауы. Елдің бірінші негізгі заңнамалық актісі Тәуелсіздік Декларациясы болды. Қазақстанда 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң қабылданды, биыл 2017 жылы Қазақстан Егемендігінің 26 жылдығын атап өтпек.

Осы кеште опера труппасының керемет әртістері көрерменге өз өнерін паш етеді, олар: М.Мұхамедқызы, С.Ахметова, Ж.Ғабдуллина, Ж.Бақтай, Г.Чеплакова, М.Минизини, М.Исламова, Б.Жанұзақ, Ж.Шыбықбаев, М.Шотабаев, Б.Таңарықов және т.б.

– Барша қазақстандықтар үшін бұл ерекше маңызды мейрам. Тәуелсіздігіміз әрбір ел тұрғынының тағдырына әсер етіп, үлкен болашағына жол ашты деп ойлаймын. Осынау керемет күні «Астана Опера» театрының ұжымы атынан барша жанға зор денсаулық, мол бақыт, амандық тілей отырып, астаналық тұрғындар мен қала қонақтарын «Астана Операдағы» спектакль, концерттерімізге шақырғым келеді, – деді «Астана Опера» театрының дирижері Руслан Баймурзин.

16 желтоқсан күні сағат 18.00-де Үлкен зал сахнасында Л.Минкустың «Дон Кихот» балеті өтетінін айта кетейік. М.Петипа М.Сервантестің «Дон Кихот» романынан алынған сюжет бойынша балет жасады. Испанияның көптеген қалаларын аралап, бұл елдегі би фольклорының дәстүрлері мен ерекшелігін бойына сіңірген хореограф сахнада оның барлық құндылығы мен өзгешелігін көрсете білді. Китри партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Басбаева әзірлеуде, Базиль – Бақтияр Адамжан, Дон Кихот – Жәнібек Иманқұлов, Гамаш – Рахметолла Науанов, көше бишісі – Анастасия Заклинская, Эспада – Олжас Тарланов және өзге әртістер.

_DSC7765

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры