Музыкалық киносаяхат

Кино және телеэкранда шырқалатын әуендер бірнеше дәуір көрермендеріне әбден жақын болып кетті. «Астана Операның» талантты вокалистері, оркестр музыканттары және камералық хорының орындауындағы сүйікті фильмдердің керемет композициялары астаналық тұрғындар мен қонақтарды ерекше әсерге бөледі.

_DSC8652

Әлихан Ыдырысовтың авторлық жобасы игі көрерменнің шаттығын тудыратыны сөзсіз. «Таңдаулы экран әуендері» концертіне көпшіліктің сұрауы бойынша екінші күні ашылып, бір сәтте билеттер сатылып кеткен еді.

Кеш басында қазақстандық композиторлардың жауһарлары – атақты отандық кино режиссерлері фильмдерінің музыкасы шырқалды. Бірінші нотадан бастап аңсау мен сағынышқа толы нақыштар адам жанын тебірентіп, ең нәзік сезімдерді толқытты. Тыңдаушыларға Тәуелсіз Қазақстанда жасалған Сергей Бодров (үлкен) пен Талғат Теменовтың «Көшпенділер», Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай», Ермек Шынарбаевтың «Тоғысқан тағдырлар», «Астана – махаббатым менің», Дмитрий Гольдманның «Жаным» және тағы басқа жаңа фильмдердің рухты музыкасының интерпретациясы ұсынылды.

Кешті кеңес дәуірі кинематографиясының аты аңызға айналған танымал әуендері жалғастырды. Көрерменге «Цыган», «Мой ласковый и нежный зверь», «Д’Артаньян и три мушкетера», «Свой среди чужих, чужой среди своих», «Гараж» және т.б. әйгілі картиналардың әуендері ұсынылды. Кино классикасына айналған ескі, жанға жақын, тез танылатын музыка өткен уақыт жайлы естеліктерге бой алдырды. «По следам бременских музыкантов» мультфильмінен Трубадурдың серенадасы бір сәтке көрермендерді балғын балалық шаққа қайтарды.

Александр Зацепинның әндері халықтың сый-құрметіне ие. Оларды керемет музыканы сүйіп тыңдайтын көптеген дәуір өкілдері рахаттана тыңдайды. «Не может быть!» кинофильмінен «Песня о Золотом Купидоне» және «Черные подковы» әндерін, «Иван Васильевич меняет профессию» атақты картинасынан «Разговор со счастьем» әнін «алақайлап» қабыл алды.

Концертті Қазақфильм киностудиясының алтын қорына енген фильмнің баршаға таныс туындысы аяқтады. «Қазақстанның алтын дауысы», «баритон патшасы» Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаевтың репертуарынан баршаның сүйіктісі – Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер» музыкалық комедиясынан «Надо мной небо синее» әні шырқалды.

Музыканттардың құрметіне соғылған толассыз ду қол шапалақ кештің керемет соңын нүктеледі.

– Бүгін «Астана Опера» әртістері мереке алдындағы шынайы әрі ғажайып көңіл-күй сыйлады. Жастық шағымызды еске ала отырып, уақыт зымырап өте шықты. Бұл туындыларды қайта-қайта тыңдай бергің келеді, сондықтан құрбым екеуміз осы концертке бірінші рет келіп тұрған жоқпыз. Енді кеш бойы өзімнің сүйікті фильмдерімді қайта қарап шығамын, – деп әсерімен бөлісті көрермен Эльвира.

– Фильмдерді қарастыра отырып, жақсы таныс болған әуенге өзімнің интерпретациямды қалай жасасам екен деп ойланамын. Концерт аяқталған соң, әрбір нөмірді талдап, сараптап, нәтижесінде жаңа нөмірлер үшін тың идеялар туындайды. Бағдарламаны әзірлеу үшін шамамен жарты жыл уақыт кетеді – фильм таңдау, ноталарды іздестіру, өңдеуін жазу қажет. Сахнада тұрған кезде толығымен музыка әлеміне енемін, сол сәтте өнер көрсетуім бір мезеттей өте шығады. Камералық залда осы композицияларды тыңдай отырып, көрермендер көзіне жас алады немесе шаттанып, күледі. Концертке келген әрбір жан бойын еркін ұстап, рахаттануы мен үшін аса маңызды, – деп атап өтті концерт авторы Әлихан Ыдырысов.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры