Михаил Панджавидзе: «Барлығы жұмысқа жиналса, менің ұйқым келеді»

Беларусь Үлкен театрының бас режиссері Михаил Панджавидзенің өмірі өте қызық әрі түрлі оқиғаға толы. Ол өзінің өмір жолын скрипкашыдан бастап, кейін ГИТИС режиссерлік факультетін (музыкалық театр бөлімі) аяқтағанымен, әлем оны дарынды, әрдайым таң қалдыратын қоюшы ретінде таныды. Ол 10 және 11 ақпанда «Астана Опера» театрында өтетін Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсының тұсаукесерін дайындауда.

_DSC3399– Режиссер – ең алдымен, ойды жеткізуші, «Қыз Жібек» операсын қалай баяндайсыз?

– Бұл толыққанды шығарма. Әдетте әріптестерім қараңғы бөлмеден қара мысықты іздеуге тырысады, әсіресе жоқ мысықты тінтиміз деп бәрі бір құпия мағынаны, бейнелерді басқа қырынан ашуға әлекке түседі. Шын мәнінде, барлығы оңай. Шығармада барлығы жазылып қойған, бізге тек оны қою ғана қалды. Әрине, кез-келген режиссердің адамдар арасында не болғанын баяндайтын кейіпкерлерге қатысты белгілі бір көзқарасы, өз ойы болады – өзінше жеткізу дегеніміз осы. Музыкалық спектакль жанрынан шығып, оны заманауи опера тіліне аударуға тырысуымыз, біздің негізгі жетістігіміз болып табылады.

– Заманауи опера тілі дегенде, Сіз нені меңзейсіз?

– Бүгінгі тыңдарманды ойын-сауықтың алуан түрімен және бір-бірімен аралас-құралас өнердің неше түрімен еркелеттік, оның ішінде театр да бар. Мысалы, Чарли Чаплинді былай қойғанда, дыбыссыз киноның актерларын көрген кезде, шамалы күлкің келеді. Алайда актерлар қазір бұрынғыдай ойнамайды, менің ойымша, Ч. Чаплиннің өзі бүгін бізбен бірге болса, басқаша ойнар еді. «Қыз Жібек» операсында да жағдай осындай: бұған дейінгі қойылымды тірілтуге тырысудың қажеті жоқ. Жұмыс барысында «ақылға сыятын қағиданы ұстану» қажеттігін және «біз хирург сияқты болуымыз керектігін – зиян келтірмеуіміз қажет» екенін сөз еттік. Алайда осы тұста жөнсіз тырысу және «дәстүр» арнасында қалып қою қаупі бар. Олай болса, спектакль қызықсыз болуы мүмкін. Ұлылардың бірі айтқандай – «Қызықсыз туындыдан басқа жанрдың бәрі тамаша».

Мен бұл шығармаға адамдар арасындағы өзара қарым-қатынас тұрғысынан қарауға тырыстым. Бірі – залым, екіншісі – жағымды кейіпкер, үшіншісі – лирикалық қаһарман сияқты бір жақты бейнелердің сырт келбетін алып тастадым. Бейнелік тұрғыдан алғанда мұнда жоғары технологиялық сахналық әсерлер молынан қолданылады. Театрға келген адам таң қалдыратын ғажайыпты, күнделікті өмірде кездесетін әлдебір кереметті күтетінін ұмытпау керек.

_DSC3306

– Ұлттық операны қою қиын емес па?

– Маған әрқашан ұлттық шығармалармен жұмыс жасап, тәжірибе жинаған өте қызық. Қойылымға дайындалған кезде, қазақ халқының мәдениеті туралы өте көп нәрсені білдім. Әрбір жаңа қойылым арқылы өзіңді жетілдіре түсесің.

– Сіз кейіпкерлер бір жақты сипатты иеленбейді дедіңіз, бұл бас қаһарманға да қатысты ма?

– Бас кейіпкердің бейнесі мистикалық күйге енеді: енді ол жыл мезгілінің ауысуына үстемдік етеді. Тіпті Жібектің өлімі физикалық тұрғыдағы өлім ретінде емес, жыл мезгілінің ауысуы – қыс түсіп, одан кейін жаңа жылдың басталуы – мәңгілік жаңару түрінде қарастырылады.

– Төлегеннің қарсыласы – Бекежанға қатысты ойыңызбен бөліссеңіз. Махаббат қатігез екенін ескерсек, ол адамды ақылынан адастырады, Бекежанның қадамын осымен түсіндіруге бола ма?

-Жоқ. Сүйген осы екен деп не болса, соны жасауға болмайды. Махаббат – бұл өзге адамның өміріне қол көтеру емес, ойланбастан өз өміріңді басқаға беруге дайын болу. Сондықтан мен Бекежанды жақтамаймын, дегенмен біз оны «үлкен жол бойындағы қарақшы» емес, ар-ұяты бар абыройлы адам етуге тырысамыз. Бекежан бір сәттік қызғаныш пен ашудың қызуымен Төлегеннің арқасынан атып өлтіреді. Кейін ол өкінеді, ақыл-есін жоғалтады десе болады.

– Сонда, Сіздің Төлегенге қатысты пікіріңіз де біржақты емес қой?

– Төлегеннің әкесі Базарбаймен арасындағы қайшылығы, басты қаһарманды өлімге әкелді деп санаймын. Егер ол әкесін тыңдағанда әрі жалғыз, қасында серік болған бір жан жоқ және қарусыз, адам өмірі түкке тұрмайтын ен далаға кетіп қалмағанда, мүмкін ол өлімнен аман қалар ма еді. Балаң – ойыншығың емес, өзің жарық өмірді сыйлаған, кеудесінде жаны бар адам екенін ата-ана естен шығармауы тиіс. Олар үшін шешім қабылдап, кімге үйлену керек екенін шешудің қажеті жоқ.

– Әншілердің рөлді ойдағыдай сомдауына қол жеткізу қиынға түсе ме?

– Музыкалық театрдың кәсіби режиссері болмасаң, қиынға түседі. Егер режиссер әнші актердің табиғатын түсінбесе, егер оның кәсіби білімі болмаса, бірнеше жылдар бойы театрда өзінің шеберлігін жетілдіре отырып жұмыс істемесе, онда, шынымен де қиын. Неге десеңіз, барлығы адамның дарындылық деңгейіне байланысты. Көрегенділік пен іштей сезе білу – режиссураның ең маңызды қағидаларының бірі. Мұны білу үшін, өте жақсы психолог болу қажет, өзің де «актердің кейпін киіп», бірнеше жыл жұмыс істеуің керек. Мен мұны жайдан-жай айтып отырған жоқпын, өйткені бүгінде мамандығымызға ат-үсті қарайтындар қаптады. Кәсіби музыкант болсам да, балет қою, сонымен қатар дирижерлік тізгінді қолға алу ешқашан ойыма келген емес. Режиссерлікпен байланысы бар мамандықты меңгерген әріптестердің екінің бірі неліктен операға келе салуға және оны қоя салуға болады деп санайды? Опера – ең күрделі режиссерлік жұмыс.

Әртістердің рөлді сомдауына қол жеткізу қиын емес, олар бәрін өздері-ақ жасайды. Сен олар таң қалатындай және «Қалайша біз мұны өзіміз байқамағанбыз» дейтіндей етіп шығаруың керек. Режиссердің шеберлігі дегеніміз осы, бойыңдағы табиғи дарындылық арқылы осыны меңгеруің қажет.

– Қазақстандық әртістермен тез тіл табыса алдыңыз ба?

– Қазақстандық әртістерді өте жақсы білемін, мен олармен бірнеше рет жұмыс жасадым. Қазір әншілердің, актерлардың және музыканттардың деңгейі айтарлықтай жоғары. Барлық вокалшылар аспапшы, дирижер сияқты мамандықтарды да қоса меңгерген, олар теориялық тұрғыдан шыңдалған. Әртістер Италияда тәжірибе жинақтайды, бірнеше тілді біледі. Барлығы тамаша дайындықпен келеді. Бұл таң қалдырады, труппа жас әрі шетінен дарынды!

– Біздің қыс қалай екен?

– Мен Беларусиядан кеткенде, онда – 28 °C болған. Сондықтан мен аяздан қорықпаймын. Ал сағат айырмашылығы мені мең-зең қылды. Барлығы жұмысқа жиналғанда, менің ұйқым келеді. Барлығы ұйқыға кеткенде, репетиция жүргізгім келеді…

– Ал біздің тағамымыз ұнады ма?

– Мен оның дәмін 2010 жылы татып көргенмін, қазір ол өз тағамымдай болды. Әлі елге қайтқан жоқпын, ал маған қазы, қазақстандық шоколад және басқа ұлттық тәттілерді ала келуге өтініш жасап қойғандар бар.

Анықтама:

Михаил Панджавидзе – Г. Тукай ат. Татарстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Франциск Скорина медалінің иегері, Беларусь Республикасы Президентінің арнайы сыйлығының лауреаты, Беларусь Республикасының Ұлттық театр сыйлығының лауреаты, Беларусь Республикасы Ұлттық академиялық Үлкен опера және балет театрының бас режиссері.

 

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры