(Русский) Майра Мұхамедқызы: 25 жыл ішінде қазақ операсы өзін мойындатты © inform.kz

20161108143854

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Астана Опера» театры – «салмақты» өнермен сусындай алатын елордадағы бірден-бір орын. Бұл орда опера мен балеттің майталмандарын жинаған, ел басшыларының алдында абыроймен өнер көрсетіп жүрген әртістердің екінші үйіне айналған, қарапайым көрерменнің өзі атмосферасынан ерекше шабыт алатын өнер мекені. Осы театрдың жетекші солист «сопраносы», Қазақстан мен Еуропадағы атақты опера әншісі, еліміздің еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызымен сұхбатымыз театрдың грим бөлімінде өрбіді.

Жұмыс кестесінің тығыздығы соншалық, Париждегі “Гранд Операда” Қазақстанның атынан өнер көрсеткен тұңғыш әрі әзірге жалғыз опера әншісі қарапайымдылық таныта отырып, өзіне грим жасап жатқан кезде, тілшімен емен-жарқын  әңгімелесіп үлгерді, фотографтың камерасына да келбетін дайындай білді. – Майра Мұхамедқызы, сізді «Астана Опера» театрына Елбасы Н.Назарбаевтың өзі шақырған соң, елордаға келдіңіз. Сол кезде «Астанада орындалса екен» деген арманыңыз, осы қалаға жоспарлап келген ой-тілектеріңіз болған шығар. Солар орындалды ма? – Енді «Астана Опера» –  біздің Қазақстандағы ең үлкен жаңа опера театры еді. Ішіндегі бүкіл жабдықтарынан бастап, декорациясы, киім үлгісі,  бүкіл техникасы жап-жаңа, биік деңгейдегі театр. Ал, Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театры 80 жылдық тарихы бар қара шаңырақ қой. Сонымен салыстырғанда, Астана Опера бәрі жағынан жаңа еді. Жаңа қала, жаңа ел…Білесіздер ме, қоныс аудару деген өте қиын қадам.  Адамның жылы ұясынан, жылы жерінен басқа жерге қоныс аударуы бір  ерлікті қажет етеді. Осы сәтті пайдаланып, айта кетейін, мен 20 жыл бұрын, Астана енді салына бастағанда келген адамдарға, яғни, елордаға бізден ерте келген адамдарға өте үлкен құрметпен қараймын. Көптеген мүмкіндіктердің жоғында, жаңа қала салынып жатқанда. аязға қарамай, еліміздің жан-жағынан ағытыла Астанаға келген жастар зор құрметке лайық деп ойлаймын. Шынын айтсам, қазір бұрынғыдай суық жоқ. Астананың айналасын орман қоршап, боран мен суықты тосып алып тұр.  Сондықтан да кейінірек келген біздер үшін  барлық жағдай жасалған еді. Зәулім үйде тұрамыз, адамдардың көңіл-күйі, ертеңге деген сенімі, Астананың қарбалас тыныс-тіршілігі адамды шабыттандырмай қоймайды. Мені осынау жас қаланың жас театрына шақырған Елбасына әрине, алғысым шексіз. «Астана Операда» менің жаңа тынысым ашылды, өмірімнің екінші бөлімі басталған сияқты көрінеді. Сондықтан, армандардың орындаларына күмәнмен қарамаңыздар. Армандар орындалады. Тұмшаланған Алматыға қарағанда Астана мені таза ауасымен шабыттандырды. Кең тыныстап, кеудем ашылып, халықпен бірге жаңа бір белеске, жаңа бір сатыға шыққандай болдым. Менің армандарым әлі де көп. – Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Еліміздің әрбір қаласы, өндірістің әрбір саласы, тіпті, әрбір жеке тұлға «ширек ғасырда мен қандай жұмыс атқардым» деп есеп беріп жүрген кез. Қазақстанның опера өнерін әбден таныған адамның бірі – Сіз. Осы тәуелсіздіктің 25 жылдығында қазақ операсында қандай өзгерістер байқадыңыз? – Ең біріншіден айтарым, қазір Алматы, Астана қалаларынан бөлек, Шымкентте опера театры ашылды. Яғни, Қазақстанның үш ірі қаласында өте мықты жабдықталған опера театрлары бар деген сөз. Екіншіден, 25 жыл ішінде қазақ операсы, қазақтың опера әншілері халықаралық дәрежеге шықты. Бұл өте үлкен жетістік. Себебі, егемендік алмай тұрып, біз кез келген операны тек орыс тілінде орындап шығатын едік. Қазір біз кез келген операны түпнұсқасында орындаймыз. Яғни, шығарма неміс тілінде болса немісше, француз тілінде болса, французша  шырқап шығамыз. Мысалы, Алматыда «Вагнерді» қойдық. Қысқаша айтсам, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның опера өнері репертуарын өте байытты. Шетелдің бірталай майталмандары, Пласидо Доминго, Роберто Аланья сияқты атақты опера әншілері қазақ сахнасын мойындап, біздің елде ән айтты. Яғни, тәуелсіздік қазақ операсын мойындатты деген ойдамын. Тағы бір айтатыным, бұрындары классикалық музыканың  көрермендері көбінесе Алматы қаласында қалыптасқан еді. Қазір Астанада да тыңдармандарымыз қалыптасып келеді. Бұл беталыс бізді шабыттандыра түседі. Айлап, жылдап қол жеткізген еңбегіңді біреу тамашаласа, ол сөзсіз қанаттандырады. – «Астана Операның» биылғы маусымында тыңдармандарыңызға қандай қойылымдар ұсынасыз? – Бізді қуантып отырғаны – 2017 жылы Астанада өтетін ЭКСПО көрмесі.  Оған әлемнің түпкір-түпкірінен ағылып  туристер келеді. Сондықтан, туристерді таң қалдыру үшін келесі жылдың маусым айында  Моцарттың «Сиқырлы флейта»  операсын қоямыз. Сонымен қатар, Франц Легардың спектакльдерін сахналаймыз. Бұл опералардағы басты рөлдерге менің  дауысым келетініне сенемін. Жалпы, айтарым, жаңа маусымда, келесі жылы бізде демалыс деген болмайтын шығар. – Уақыт тығыздығына қарамай, сұхбат бергеніңіз үшін редакция атынан алғыс айтамыз. Қазақ операсының әлемді мойындатқан жарық жұлдызы болып жүре беріңіз! – Сіздерге де көп рақмет. Менің айтайын дегенім, мына кез келген халықаралық шарадан да биік тұратын мерейтой – ол Тәуелсіздіктің 25 жылдығы. Бірлігімізге Алла ғұмыр берсе, Қазақстан міндетті түрде бай-қуатты елдердің қатарына қосылады.  Тәуелсізік тұғыры биіктей берсін!       Автор: Кенжекей Тоқтамұратқызы
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз http://www.inform.kz/kz/mayra-muhamedkyzy-25-zhyl-ishinde-kazak-operasy-ozin-moyyndatty_a2967395

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры