Махаббат, құштарлық пен коррида: «Астана Операда» «Карменнің» тұсаукесері

Еліміздің басты театры – «Астана Опера» афишасында алғаш рет Ж.Бизенің «Кармен» операсы көрініс табатын болады. Асау да адуынды сыған қызы – әлемнің барша театрларындағы көрерменнің сүйікті кейіпкері. Атақты операның Астанадағы қойылымына қазақстандық-итальяндық топ бірлесіп, Үлкен залдың сахнасында 17 және 18 қараша күндері тұсаукесерін ұсыну үшін тынбай еңбектенуде.

Қазіргі таңда бұл опера барлық опера труппаларының репертуарына енеді. Осыншама танымалдықтың сыры – таңғажайып әуендерінде! Опера әркімге түсінікті әрі тореадор шумақтары мен атақты хабанераның алғашқы ноталарынан-ақ баршаға таныс. «Астана Опера» театрында көрермен туындыны француз тілінде тамашалай алады.

Операның қойылымдық құрамына қоюшы-дирижер – әйгілі маэстро Алан Бөрібаев, қоюшы-режиссер – Лоренцо Амато (Италия) енген. Қоюшы-сценограф – қазіргі заманның атақты сценографы Эцио Фриджерио, костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапино (Италия), костюмдер бойынша көмекшілер – Хелен Крагикас, Әсел Досмұратова, жарық бойынша суретші – Якопо Понтани (Италия). Хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.

Lorenzo Amato foto– «Кармен» операсын көптеген режиссер қойған, әрқайсысының өзіндік қабылдауы болды. Біздің спектакль міндетті түрде ерекше жарқын болмақ. Кармен өте күрделі, тартымды әрі жұмбақ бейне: оның шын мәнісіндегі ойы қандай екенін ешқашан ұға алмаспыз. Ерлер қауымы оған ессіз ғашық болады, себебі ол басқа қыздардан ерекше. Әбден емін-еркін жан, ол үшін ешқандай да бір ереже, шарт жоқ. Басты құндылығы – еркіндігі, ал бұны ол кез-келген әдіспен қорғайды. Соншалықты болжап болмайтын қызбен араласқан ерлерді күтпеген жағдайлар мен көптеген тосынсый күтуде, сондықтан да жігіттердің қызығушылығын тудыруда, – деп бөлісті қоюшы-режиссер Лоренцо Амато.

Көптеген әртістер үшін «Кармен» спектаклінде өнер көрсету алғашқы болып табылмақ, бірақ кейбір солистердің қоржынында осы операның партиялары бар. Басты кейіпкер Карменнің рөлін – Дина Хамзина, Татьяна Вицинская әзірлеуде; Дон Хозе, капрал рөлінде – Мариус Влад (Румыния); Эскамильо, тореадор – Барсег Туманян, Сүндет Байғожин, Талғат Мұсабаев; Микаэла, шаруа қызы – Майра Мұхамедқызы, Салтанат Ахметова, Альфия Каримова; Цунига, Хозенің капитаны – Жанат Шыбықбаев, Болат Есімханов, Евгений Чайников және т.б.

– Үлкен қойылымға дайындық – әрдайым топтық жұмыс. Біз керемет қарым-қатынаста жұмыс жасаудамыз. Шығармашылық топтың барлық мүшелері ашық-жарқын жандар, орасан зор талант пен мол тәжірибеге бай, – деп қорытындылады Лоренцо Амато.

Спектакльдердің басталуы сағат 18.00 және 19.00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры