Лоренцо Амато: «Мен әдеттегі итальяндық емеспін»

«Мадам Баттерфляй» операсының қоюшы режиссері Лоренцо Амато музыканы жақсы сезінеді, орындаушылармен актерлік шеберлік құпияларымен бөліседі, сонымен қатар, ол тағам әзірлегенді және жаңа рецепт шығарғанды жақсы көреді. Өз сұхбатында итальяндық шебер қазақстандық опера әртістерімен жұмыс барысында алған әсерін, Астана қаласының ауа-райы несімен қызықтырғаны жөнінде әңгімелейді.

_DSC4871

– Сіз біздің әртістермен бірнеше репетиция жүргіздіңіз, олардың дайындық деңгейін қалай бағалайсыз?

– «Мадам Баттерфляй» опера әншілері үшін өте күрделі. Итальяндық және қазақстандық интерпретацияда ешқандай айырмашылық жоқ. Жалғыз ерекшелігі – итальяндықтар тілді білгендіктен, олар үшін операны түсіну және орындау оңай. Әртістердің деңгейі жоғары, алайда қиындықтар да кездеседі. Негізінен олар театрдың типіне байланысты, өйткені опера өнерінде сөз құдіреті, әрбір сөздің мағынасы өте маңызды болғандықтан, тілді меңгеру жұмысты жеңілдетеді. Актерлік шеберлік маңызды мәнге ие, өйткені бұл опера Давид Беласконың «Гейша» драмасының желісіне негізделген.

– Сіз үшін бұл спектакльде ең маңыздысы не?

– Мен үшін маңызды дүние көп. Біріншісі, әрине, музыка. «Мадам Баттерфляй» операсында ол керемет, әсем, әсерлі, күллі әлем көрерменінің көзіне жас алғызады. Бұл опера ерекше, ол барлық әлемдік репертуарлардан жеке дара тұр. Соңғы көріністе сахнада екі басты кейіпкер – екі әйел қалады, тенор үлкен рөл атқармайды. Сенім, адалдық қарым-қатынасы орнайды, екі әйелдің достық сезімі қалыптасып, жалған махаббат екінші орында қалады.

– Мадам Баттерфляйге қандай мінездеме берер едіңіз, оның кейіпі қандай?

– Чио-Чио-сан, немесе Баттерфляй ханым – зор күш-жігерді талап ететін ең күрделі кейіпкерлердің бірі. Опера басында ол – шамамен он бес жастағы қыз. Кейінірек ол арам, жиіркенішті пиғылды американдыққа тұрмысқа шығу үшін өзінің ата-анасынан, отбасынан, дінінен бас тартуына тура келеді, ал жігіт оны алдаған болып шығады. Екінші бөлімде Баттерфляй өзін, өзінің «мендігін» жоғалтады. Оның енді діні де, мәдениеті де жоқ, ол жартылай американдық, жартылай жапондық, ол енді ешкім емес. Опера соңында Чио-Чио-сан өзіне қол жұмсап, харакири салты бойынша өмірмен қоштасады да, осылайша өз-өзімен қайта қауышады.

– Пинкертон, яғни оның бейнесі бүгінгі заманның жас жігіттерінде көптеп кездеседі деуге бола ма?

– Жоқ. Құдайға шүкір, жоқ. Ер азаматтардың көпшілігі Пинкертон сияқты емес. Пуччини, мүмкін, американдықтарды, американдық мәдениетті қаны сүймеген болар. Пинкертон бейнесі американдықтардың ең жаман қасиеттері арқылы жасалған, алайда американдық мәдениетте де жақсы дүниелер өте көп.

– Махаббат бұл – екі адамның өзара міндеттемесі, Баттерфляй ханым махаббат сынағынан өтті деп ойлайсыз ба?

– Мен Баттерфляй қандай да бір сынақтан өтті деп ойламаймын, өйткені оның сынақтан өтетін мүмкіндігі де болған жоқ. Пинкертонмен бірге өмір сүру мүмкіндігі болмады. Пинкертонға деген махаббаты оның тек ойында, оның қиялында ғана. Әуел баста, Баттерфляймен кездеспей тұрғанға дейін Пинкертон Шарплеске, оның үйленуі – ерсі әзіл екенін, шын мәнінде ол американдыққа үйленетінін айтқан. Сондықтан да біз бастапқы кезден-ақ мұның сынақ емес, ойын, ерсі әзіл, жалған екенін білеміз.

– Жапонияда болдыңыз ба, осы елдің мәдениетін қаншалықты зерделедіңіз?

– Өкінішке орай, Күншығыс елінде ешқашан болған емеспін, алайда қатты барғым келеді, бірақ операны қою үшін емес… Мен 2012 жылы «Мадам Баттерфляйді» Италияда қойдым. Сондықтан маған ұзақ уақыт бойы зерделеген жапон мәдениеті жақсы таныс. «Мадам Баттерфляй» операсын қою үшін драмалық театр туралы білім қажет. Оны мен операға маманданар алдында бастадым, алдымен актерлермен, содан кейін әншілермен жұмыс жасау қажет.

– Опера музыкасында Жапония нақышы жеткілікті болғанымен, Баттерфляй ханым жапондық емес, итальяндық ретінде қабылданады. Бұл туралы не ойлайсыз?

– Пуччини туындысына кейбір жапон музыкасының тақырыбын қуана енгізген, әйтсе де олар ылайым қабылдана бермейді, неге десеңіз, шын мәнінде – бұл нағыз итальяндық опера, сол себепті кейде тыңдарман түсінбей жатады. Композитор бірінші кезекте, көңіл-күйді көрсеткісі келді және сондықтан да Баттерфляй ханым итальяндық опера әншісіне ұқсас. Екінші бөлімде ол әлі итальяндық бола қоймаған, бірақ американдыққа ұқсағысы келетін әйел, ол – батыс әйелі. Баттерфляй ханымның басынан өткеруге тура келетін бұл сезімі мен күресі әлемнің кез келген бұрышындағы жанға, мейлі, Жапония, Қытай, Италия немесе Австралия елінде болсын, барлық адамға тән. Біз сатқындық, жалғыздық, қаржылай қиындықтар туралы айтып отырмыз. Жер бетінде проблема барлығына бірдей.

– Қазір Италияда күн жылы, Сізге Астананың ауа-райы қалай, бұрын осы жерде болдыңыз ба, сізге қала ұнады ма?

– Мен сізге бір нәрсе айтуым керек. Мен – итальяндықпын, өте жылы әрі шуақты керемет Рим қаласында тұрамын. Алайда маған көктем мен жаз ұнамайды. Мен көбіне қысты ұнатамын. Сондықтан да Астананың ауа-райы жаныма жайлы. Әлбетте суық маған қиындық туғызбайды, өйткені мен мұндай ауа-райын жақсы көремін. Шын мәнінде мен өте қуаныштымын, осында келгенде Римде күн жылы болатын, ал бұл жерде суық. Мен әдеттегі итальяндық емеспін. Үнемі жұмыстамын, сондықтан демалатын және Астананы тамашалайтын мүмкіндікті күтіп жүрмін, әзірге қонақ үй мен театрды ғана көрдім.

– Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

– Әдетте фортепианода ойнаймын. Консерваторияда музыкадан білім алғандықтан, мені пианиношы болады деп ойлаған. Және мен көбіне тағамдар, негізінен итальяндық тағамдарды дайындаймын, қытайлық, әртүрлі аралас азия тамағын да әзірлей аламын. Сондықтан көп уақытымды тағам әзірлеуге және жаңа рецепт шығаруға арнаймын.

«Мадам Баттерфляй» операсының тұсаукесері 15 және 16 сәуірде «Астана Опера» театрының Үлкен залында өтетінін естеріңізге саламыз.

 

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры