Үлкен театрдан келген ару

Ресейдің Үлкен театрының прима балеринасы Анна Антоничева мен жетекші солисті Андрей Меркурьев «Астана Опера» театрының сахнасында өнер көрсетеді. 18 желтоқсан күні балет жұлдыздары аты аңызға айналған хореограф Юрий Григоровичтің қойылымындағы П. Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетіндегі басты партиялар – ханшайым Аврора мен ханзада Дезиренің рөлдерін сомдайды.

фото Надежды БаусовойРесейдің халық әртісі Анна Антоничева Үлкен театрдың барлық қойылымдарына қатысты. Мұнымен қатар әйгілі балерина «ХХІ ғасыр жұлдыздары» халықаралық жобасының тұрақты қатысушысы. Аталған жоба аясында өтетін Гала концерттер Торонто, Париж, Канны, Нью-Йорк, Токио қалаларында өткізіліп, бүкіл әлем бойынша балет жұлдыздарын таныстырады.

Ю. Григоровичтің хореографиялық өңдеуіндегі П. Чайковскийдің «Ұйқыдағы аруының» жаңа нұсқасы – Анна Антоничеваның аталған спектакльдер ішіндегі ең сүйіктісі. Бұл қойылымдағы ханшайым Аврораның рөлі балеринаның орындаушылық тәжірибесінің, шеберлігінің көрсеткіші болып табылады.

– Аврораның рөлін орындау барысында маған П. Чайковскийдің теңдессіз музыкасы мен Ю. Григоровичтің таңғажайып хореографиясы шабыт береді. Бұл шығарма сезімге, лирикаға, жігерге, жанға жайлы романтикаға толы, айқын және мереке сыйлайды, сондықтан билеген сайын өзінің ғажайып ертегі әлеміне елітіп, жанымды тебірентеді, философиялық ойға жетелейді, – дейді Анна Антоничева.

Бұл балеринаның Астанадағы алғашқы өнер көрсетуі емес: бұған дейін А. Антоничева Л. Минкустың «Дон Кихот» балетінен па-де-де орындай отырып, Гала концертте өнер көрсеткен.

Андрей МеркурьевӘлемдік балеттің жарқын әртістерінің бірі, талантты хореограф Андрей Меркурьевтің де орындаушылық шеберлігі тәнті етпей қоймайды. Ол Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, «Алтын бетперде» ұлттық театр сыйлығының, «Талантының маңыздылығы үшін» Л. Мясин сыйлығының (Позитано, Италия) иегері. А. Меркурьевтің жас дарындарға қолдау көрсетуге үлкен көңіл бөлетінін атап өту керек. Мәселен, 2011 жылы Башқұрттың хореография колледжінің үздік студенттеріне шәкіртақы, ал, 2012 жылы «Арабеск» халықаралық ашық байқауында – «Образды шынайы сомдағаны, сезімге толы әрі мәнерлі болғаны үшін» атты арнайы сыйлық тағайындады. Бір қызығы, Меркурьевтің өнері шабыт бергені соншалықты, оның есімі таңдаулы десертке беріліпті.

Мейірімді, сұлу Перизат Мамыргүлдің рөлін бұл күні Әнел Рүстемова сомдайды, мейірімсіз перизат Карабос – Бауыржан Мекембаев, Көгілдір құс – Еркін Раxметоллаев, Флорина ханшайым – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Баспаева. «Астана Опера» Симфониялық оркестрі спектакльдің қоюшы дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айдар Абжахановтың жетекшілігімен өнер көрсетеді.

Басталуы 19:00, билет бағасы 500 теңгеден бастап.

 

 

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры