Спектакль оркестрлік шұңқыр арқылы көрермен залына қалай жетеді

Танымал балетмейстер Карл Барнетт XX ғасырдың аңызға айналған хореографы сэр К. Макмилланның «Манон» балетін 10 жыл бойы әлемнің әйгілі театрларында қойып келеді. Корольдік Ковент-Гарден театрының репертуарындағы балеттің тұсаукесері «Астана Опера» сахнасында 28 және 29 сәуірде өтеді. Өзінің сұхбатында балетмейстер ғұмыры ұзақ туындының құпиясын ашты, қазақстандық әртістермен жұмысы туралы және басқасы жайында әңгімеледі.

– «Манон» балеті француздық жазушы аббат Превоның «Кавалер де Грие мен Манон Лесконың басынан кешкен оқиғалары» атты романы бойынша жазылған. Француздық стиль британдық хореографиядан көрініс тапты ма?

_DSC2569– Мен мұны халықаралық балет дер едім. Париждік операда француздық әртістердің орындауында ол таза француздық туындыға айналады. Тұсауы жақында кесілетін мексикандық қойылымда латынамерикалық рух байқалады. Бұл, спектакльдің бүгінгі күнге дейін өзінің өзектілігін сақтауының бір себебі. Дүние жүзінде орындалатын «Манон» тек қана К. Макмилланның хореографиясында кездеседі. Ал «Ұйқыдағы ару», «Аққу көлі» сияқты балеттері әрбір труппаның өз нұсқасында бар, ерекшелік осында.

«Манон» – ерекше балет. Мен бұл балетті алғаш рет жас кезімде көріп ұнаттым, содан бері жақсы көремін. Жылдар өткен соң осы балетпен жұмыс істеу – өте керемет, мұндай мүмкіндік туғанына тағдырыма ризамын.

– «Манон» балетін орындау мен оны дайындаудағы ең қиыны не?

– Аталған спектакльді қою оңай емес – бұл барлық труппаға сынақ. Мұнда бес басты партия бар – Манон, де Грие, Леско, Лесконың көңілдесісондай-ақ ГМ мырза. Солисттерге өз рөлін түсіну үшін көп ақпаратты меңгеруге тура келеді. Менің ойымша, балеттің табысқа кенелуі дәл осы әртістің жеткізуіне байланысты. Ол спектакльдің оркестрлік шұңқыр арқылы көрермен залына жетуіне мүмкіндік береді.

– Осы қойылыммен және жалпы Кеннет Макмилланның балетімен қашаннан бері жұмыс жасап келесіз?

– Бұл менің тәжірибемдегі шамамен жиырма бесінші «Манонның» қойылымы. Мен К. Макмилланның балетімен жұмыс жасауды 1997 жылы Берлиннің Неміс операсында бастадым. Кәсіби бимен айналысуды қойғаннан кейін мен балетмейстер болғым келгендіктен, Р. Бенештің жүйелік курсынан өттім. Осы жүйенің көмегімен балеттік спектакльдегі әр қозғалысты жазуға болады. К. Макмилланның «Майерлинг», «Манон», «Ромео мен Джульетта» сияқты барлық балетінің билеуге арналған партитурасы бар. Бұл балетті сақтап қалудың тамаша тәсілі. Біреулер бейнежазбаны неге пайдаланбасқа деп үнемі сұрап жатады? Алайда бейнежазбаның кемшілігі бір-ақ адамның өнерін, бір ғана нұсқаны көрсетуінде. Кім біледі, жазба күні бір нәрсе дұрыс болмағандықтан, еріксіз өзгертулер енгізуге тура келген шығар.

А. Прельжокажбен жұмысымды дәл осы жүйе бойынша бастадым. Ол да Р. Бенештің әдісін ұстанушылардың бірі болып табылатын заманауи хореограф және оның барлық балетінің би партитурасы бар. Мен оның ассистенті болдым, онымен бірге көп жыл жұмыс істедім және оның труппасымен әріптестігім әлі де жалғасып келеді.

– Бұл балетті «Астана Опера» әртістерімен сахналау барысында Р. Бенештің жүйесін пайдаланатыныңыз белгілі.

– Ол рас. Осыдан бірнеше жыл бұрын Макмиллан ханымның тапсырысымен «Манон» балетінің би партитурасын қайта жаздым. Бұған дейін 1974 жылғы партитураны қолданып келген едік, бірақ ол қаншама жылдан бері жаңарған жоқ. Мен барлық ақпаратты – маэстро Макмиллан жасаған өзгертулерді, спектакльді алғаш орындаған белгілі әртістер сақтаған оның ескертулерін және т.б. жинақтадым.

– Осы қойылымды сіз Патриция Руаннмен бірге жүзеге асырасыз. Әріптестіктеріңіз қалай басталды?

– Біз Патриция Руаннмен көптен бері бірге жұмыс істеп келеміз. Корольдік балеттің труппасында болғанда, ол К. Макмилланның қойылымдарында ұзақ уақыт биледі. Кейін ол Корольдік балеттен кетіп, Лондондағы Р. Нуреевтің жұптарының бірі ретінде Лондондық фестивальдық балеттің труппасына қосылған. Нуреев онымен билегенге «Ромео мен Джульетта» дуэтін қойды. Париж операсының балет труппасының директоры атанған Р. Нуреев, оны бас балетмейстер лауазымына шақырады. 1990-1991 жылдары Париж операсында «Манон» алғаш қойылғанда ол К. Макмилланның жеке өтініші бойынша ассистенті болды. Оның бұл спектакльмен жұмыс істеген тәжірибесі мол, осы орайда қазақстандық бишілерге үйретері көп.

 «Астана Опера» балеттік труппасы туралы пікіріңіз қандай?

– Бұл өте жас труппа. Әртістердің техникалық базасы мықты. Алтынай Асылмұратованың түрлі қойылымдармен репертуарды кеңейтіп жатқаны өте тамаша. «Манонға» келсек, бұл классикалық балеттің мүлдем басқа тәсілмен қойылуы, мұнда негізгі күш техникалық мүмкіндікке емес, актерлік шеберлікке түседі.

– Бір сұхбатыңызда сіз биші және қоюшы ретінде өзіңізге Ф. Листтің музыкасы жақын екенін айтқансыз. Сүйікті кейіпкеріңіз бар ма?

– Менің сүйікті кейіпкерім кім екеніне ешқашан ойланбаппын. Жұмыс істейтін қойылымдардан мен К. Макмилланның «Майерлинг» балетінен мұрагер ханзада Рудольфті атар едім. Оған ұқсағым келмес еді, алайда оны еліктірер кейіпкер деп санаймын. Мұрагер ханзада Рудольф – шынайы өмірде болған, өмірі ерекше қызық әрі қайғылы және трагедиялық жағдайда көз жұмған адам.

– Қандай театрларда жұмыс істедіңіз? Сіздің ең жарқын естелігіңіз бен әсеріңіз қандай?

Мен үлкен не кіші сахна болсын, қай жерде жұмыс істесем де, барған жерден бір нәрсе алуға тырысамын. Кейде аты шыққан ұжымға қарағанда, аса танымал емес ұжым таңғалдырып жатады. Әрине, Париж операсы ғажап, Гарнье сарайында «Манон» балетімен немесе басқа спектакльмен жұмыс істеген керемет. Труппада бишілер саны көп, этуальдарды қосқанда, онда басты кейіпкерлердің жеті немесе сегіз құрамы бар. Физикалық тұрғыдан алғанда, олармен күн сайын жұмыс істеген қиын, бірақ бұл тамаша тәжірибе. Лондондағы Ковент-Гарден Корольдік театрындағы жұмыс үнемі үйге оралғандай әсер береді.

– Ұзақ сапарға шыққанда, еліңізді сағынасыз ба?

– Әрине, кез келген адам сияқты мен де сағынамын. Бүгінгі байланыс құралдары отбасыммен және достарыммен оп-оңай байланысуға мүмкіндік береді. Біреулер үйде отырып, 9-дан 5 дейін жұмыс істегенді қалайды. Мамандығым саяхаттауды қажет ететіндіктен, жақындарым мені түсінеді және мұны дұрыс қабылдайды. Оралған кезде, бар уақытымызды бірге өткіземіз.

– Демалып үлгересіз бе?

– Мен классикалық немесе қазіргі заманғы, бірақ балеттік емес музыканы тыңдағанды ұнатамын. Демалудың тағы бір тәсілі – қызықты фильм көру: бұл мен үшін эскапизмнің жақсы мүмкіндігі.

– Астанадан алған әсеріңіз қандай?

– Астанаға бір жыл бұрын алғаш рет труппамен танысуға келгенде қаланы аздап тамашаладым. Мен керемет Ұлттық мұражайға, Бейбітшілік және келісім сарайына бардым, Бәйтерекке көтерілдім, Президент Н.Ә. Назарбаевтың қолының ізіне алақанымды қойдым. Дегенмен жел басылып, күн жылынғаннан кейін қайта келіп, жақсылап қыдырамын деп үміттенемін.

– Сұхбатыңызға рақмет.

 

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры