Скрипка үні

«Астана Опера» Камералық залының репертуарын «Скрипкаға арналған миниатюралар» атты жаңа музыкалық цикл толықтырды. Жобаның алғашқы концерті 15 шілде күні өтеді.

BASN8149

– Біз кеш бағдарламасына миниатюралар мен кең түрдегі пьесаларды енгізуді жөн санадық. Бәлкім, тыңдаушылардың ішінен осы жанрлардың бірімен таныстығы басталар. Көрермен қауым бей-жай қалмайтынына сенім білдіремін, себебі бұл өте әсем әуен. Концертке керемет музыканттар, атап айтқанда, «Әлемдік аккордеон мэтры» жоғары лигасына енген талантты баянист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дамир Сұлтанов, тамаша гитарист әрі өз ісінің шебері Әліби Асақаев, контрабасист Анатолий Якушкин, сонымен қатар скрипкашы Мәдина Бекмадиева және теңдессіз пианист Дана Дүйсенбаева қатысады, – деді «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Асқар Дүйсенбаев.

Аскар Дуйсенбаев– Біз концерттер циклін өткізуді жоспарлап отырмыз, басқа да қызықты шығармалар оның жалғасы болмақ, себебі скрипкаға арналған музыка репертуарының ауқымы кең. Әрине, алдымызға қойған негізгі міндет – тыңдарманымыз тек әсерлі қуат алып қана қоймай, сондай-ақ біздің интерпретацияларымыздан жаңа тыныс алып, классикалық музыкаға қызығушылығын одан әрі арттыратындай етіп жақсы ойнау, – деп сөзін қорытындылады виртуоз скрипкашы Асқар Дүйсенбаев.

Еске салар болсақ, Асқар Дүйсенбаев Қазақстанның Мемлекеттік шекті аспаптар квартетінің бірінші скрипкашысы, Metro-Philharmonic Халықаралық жастар оркестрінің (Мәскеу-Швеция) концертмейстері, «Солистер академиясы» мемлекеттік камералық оркестрінің концертмейстері болған.

Концерттің бағдарламасына миниатюра жанрында жазылған Бахтан бастап Пьяццоллаға дейінгі классиктердің туындылары енген. Кеште қазақстандық шығармалар да орындалатын болады: тыңдаушыларға Е.Брусиловскийдің «Боз айғыр» сюитасынан финал және басқалары әзірленіп қойған, сонымен қатар испан композиторы П.Сарасатенің «Сыған әуендері», М.де Фальяның «Испан билері» және өзге шығармалары назарға ұсынылатын болады.

Концерттің басталуы сағат 18.00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры