«Форте-трио» жаңа бағдарлама ұсынбақ

Танымал аспапшылар, халықаралық байқаулардың лауреаттары, атақты «Форте-трио» ұжымының қатысушылары – Еркебұлан Сапарбаев (скрипка), Мұрат Нарбеков (виолончель) және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, трионың көркемдік жетекшісі Тимур Урманчеев (фортепиано) белгілі қазақстандық баритон, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзовпен бірге 7 қазан күні «Айқара аштым тереземді» концертімен өнер көрсетпек.

_DSC8356

Бағдарламаға П.И. Чайковскийдің романстары мен ұлы композитордың аспаптық туындысы – «Ұлы шеберді еске алу» триосы енген. Осы шығарманың Камералық зал сахнасында алғаш рет орындалатынын атап өткен жөн.

– Азамат Жылтыркөзовпен бірнеше жыл ынтымақтастықта жұмыс жасап келеміз. Ол мәртебелі халықаралық байқаулардың лауреаты, оның ішінде дәл осы камералық байқауларда тамаша жеңіске жеткен. Азамат – өте шебер әрі жарқын музыкант, өз ісінің маманы. Даусының ашық ырғақтары П. Чайковскийдің романстарын орындауға үйлесімді. Осы кештің толығымен көрнекті композитордың шығармашылығына арналғанын қаладық. Сондықтан құрметті көрермен үшін аспаптық туынды – «Ұлы шеберді еске алу» триосын таңдап алдық. Оны жақын досы, пианист Николай Рубинштейн қайтыс болған кезде шығарған еді. Бұл қаза П. Чайковскийдің көңілін босатқаны соншалық, ол барлық пианист-музыканттардың кеңінен өнерін көрсетуіне мүмкіндік беретін осындай жарқын туындыны жасап шыққан, – деп атап өтті ұжымның көркемдік жетекшісі Тимур Урманчеев.

«Форте-трио» ұжымы өз тыңдармандарына ерекше ілтипатпен қарайтыны мәлім. Музыканттар әр концертті үлкен жауапкершілікпен әзірлейді. Мысалға, «Айқара аштым тереземді» кешін ұсыну үшін қатысушылар 4 ай дайындалған. Өздерінің орындаушылық интерпретацияларын жасай отырып, трио классикалық музыка бағалаушыларының жүрегін жаулауда. Ұжымның көптеген концерттері есте қаларлықтай танымалдылыққа ие болған, солардың қатарында «Өмір бойына жалғасқан танго» және тағы басқалары бар.

– Егер музыкант сахна төріне шықса, ол тұтастай көрерменге беріліп, өзінің барлық сезімін білдіре отырып, шеберлігін жоғары деңгейде көрсетуі керек. Бұл маусымды ерекше құраммен ашудамыз, және түрлі аспапшылармен өнер көрсету мүмкіндігіміз бар екеніне қуаныштымыз. Астанада үлкен сахнада әлі орындалмаған көлемді туындылардың біразын ұсыну жоспарымызда бар, – деп сөзін қорытындылады Тимур Урманчеев.

Концерттің басталуы сағат 18.00-де

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры