Сахнада ұйқыға кеткен Фальстафтың түсіне көрермендер еніп кетті

Сенсациялық тұсаукесер! 1 қыркүйек күні «Астана Операда» Ла Скала театрының əйгілі труппасының өнер көрсетуі орасан сəттілікпен өтті. Қазақстандық сахнада тек əлемдік ауқымдағы жұлдыздар жарқырады. Залда аншлаг: билеттер жарты жыл бұрын сатылып кетті. Астаналық тұрғындар мен қонақтарының назарына Дж. Вердидің «Фальстаф» операсы ұсынылды. Көрермендер əртістерге ыстық ықыласын білдіріп, ду қол шапалақ жаудырды. Шаттықпен соғылған шапалақтар толастамады, аңызға айналған əншілерді бірнеше рет сахна төріне қайта шақырып, гүл себеттері мен толы гүл шоқтарын сыйға тартып жатты. «Браво» деп дауыстаған үндер астаналық театрдың залында біразға дейін шарықтап тұрды.

_DSC9667

Премьерадан кейін көпшілік тарқамай, бір-бірімен пікірлерімен алмасып, əсерлерімен бөлісті.

Еске салар болсақ, 1-9 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің қолдауымен «ЭКСПО-2017» бағдарламасы аясында «Астана Опера» сахнасында атақты миландық Ла Скала театрының опера труппасы, хоры мен симфониялық оркестрінің алғашқы гастрольдері өтуде. Гастрольдердің Бірыңғай ресми демеушісі – республикамызда 1992 жылдан бастап өз қызметін жүзеге асырып келе жатқан итальяндық энергетикалық «Eni» компаниясы, сонымен қатар гастрольдерге «Астана Операның» əлеуметтік серіктесі «Samruk-Kazyna Trust» қолдау көрсетті.

Қазақстанның мəдени өміріндегі бұл заманалық оқиғаға көптеген өнер, кино жəне телевидение қайраткерлері келді. Мəртебелі қонақтар арасында – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Əбдіқалықова мен Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бар.

_DSC9606

«Фальстаф» барлық қырынан көрерменді дүр сілкіндірді. Біріншіден, опера – музыкалық жанр. Сондықтан музыкадан бастауды жөн көрдік. Бүгін тыңдаушылар алдында əлемдегі үздіктердің бірі – Ла Скала театрының оркестрі өнер көрсетті, ал пульт басында – музыканттар шыңындағы нөмір бірінші дирижер – Зубин Мета тұрды. Маэстро ортаға шыққан кезде зал шапалақтарын жаудырды. Атақты маэстроны көрермен қауым ыстық ықыласпен қарсы алды. Осы кеште Верди мінсіз шырқалып, əрбір ерекшелік, сөзсіз, керемет болды, нағыз жетістік деген осы емес пе!

Екіншіден, солистер: Ла Скала театрының Бас директоры Александр Перейра Астанаға жер шарының үздік дауыс иелерін ала келген. Бұл – Амброджо Маэстри – бүгінгі таңдағы Джон Фальстаф мырзаның партиясын үздік орындаушы, оған жеке өзіміздің көзіміз жетті. Айта кетер болсақ, бұл партия – кез келген баритон үшін айрықша. Шекспирлік «Генрих IV» жəне «Виндзор сайқымазақтары» беттерінен көрініс тапқан мақтаншақ əрі алаяқтың көңілге қонымды болғаны соншалық, көрермен риясыз күлкіге қарқ болып, жанды жəне мысқылға толы ым-ишарасын бірден қабыл алды. «Фальстаф» операсын актерлік шеберліктің хрестоматиясы дейтінін атап өткен жөн. Əртістердің əрқайсысы өз партитураларын тек орындап қана қоймай, сондай-ақ актерлік ойын бойынша шеберлік сабақ көрсетті. Кармен Джаннаттазио қызғаншақ күйеудің сылқым сұлу əйелі – Алиса Фордтың партиясын шырқаса, Ивонн Наф – тілі қыршаңқы Квикли ханымның партиясын орындады.

_DSC9536

«Фальстаф» əзіл мен ұшқындаған күлкіге толы: композитор 80 жасқа толса да, оркестрге лайықтауы, керемет əндетуі мен ғажайып əуендері бар күлкілі опера жазған. Вокалдық күрделілігіне байланысты «Фальстафты» театр сахналарында көп қоя бермейді, сондықтан Қазақстан үшін бұл премьера асқан өнердің нағыз мерекесіне айналды.

Қоюшы режиссер спектакльдің классикалық емес нұсқасын ұсынған. Оқиға осы күндері «Casa Verdi» қарт музыканттардың үйінде (шын мəнінде композитордың өзі негізін қалаған) өрбиді, ал классикалық қойылымда оқиға «Аспалы орден» тавернасының бөлмесінен басталады. Бірақ режиссер Дамиано Микелетто қызықты олжаны пайдалана отырып, əккі көрерменге классикалық сюжетті қайтарады, бұл Фальстафтың ұйқыға кеткен сəтінде орын алады. Оның түстері тыңдаушыларды өткен ғасырға кері қайтарады. Операның осы бір бөлігінде əртістер шаң-тозаң болған киіммен, бастарында опаланған париктерімен шығады. Осының бəрі – бір кездері жас болған Фальстафтың түсіне енгеніміздің белгісі. Бұның түс екенін білдіру үшін қабырға мен төбеге проекция бағытталып, сахнадағы көріністі дəлме-дəл бейнелеуде.

_DSC9679

Режиссердің тағы бір олжасы – Нанетта мен Фентонның махаббат тарихын барынша əсем көрсетуі. Құштарлық дуэты кезінде жастар сахнадан көрінеді, сол сəтте көрермен назарына екі қарт шығады, олар бір елес секілді, бір-бірін көрмейді, бірақ жасаған əрекеттері ұқсас. Осылайша, көрермен егер махаббат шынайы болса, қандай жаста болмасын, ешбір өзгермейтіні жайлы түсінік алады. Жас жұп көбелек аулап, оны қарт жұпқа береді, ал олар өз кезегінде қанатын қаққан көбелек соңынан ғайып болады. Бұлар Нанетта мен Фентонның қарт кезі болды ма, кім білсін, көрермен үшін бұл сұрақ ашық қалды…

Шынында, опера, əрине, күлкілі, бірақ драмалық жағын да қарастырған жөн. Сыншылардың пікірінше, Фальстаф əділ əрі терең екі жайтты қозғайды: «Сіздер мені мұқатудасыздар, бірақ менсіз сіздерде еш мəн болмас еді. Сіздердің өмірлеріңізге жан бітірген мына мен». Қарт Шебер өмір жолының соңында бізге өзінің аққу əнін шырқайды. Алдыңғы барлық драманы ысырып қойып, Верди бізге құлақ тұндыратын қарқ күлкіні сыйлайды.

«Фальстаф» операсының келесі қойылымдары 4, 6 жəне 8 қыркүйек өтеді, бұдан басқа, көрерменді 7 жəне 9 қыркүйекте Л. Ван Бетховеннің «№9 симфониясы» күтуде.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры