Әлемдік балеттің шоқ жұлдыздары «Астана Операда» жиналмақ

Ресейдің Үлкен театры, Ковент-Гарденнің Корольдік балеті, Берлин мемлекеттік операсы, Бавария мемлекеттік операсының шоқ жұлдыздары, АҚШ-тың танымал Bad Boys of Dance труппасы, сонымен қатар «Астана Операның» жетекші солистері театрдың Үлкен залында өнер көрсетеді. Әлемдік балеттің орасан зор Гала-концерті 29 маусым күні Eurasian Dance Festival І халықаралық балет өнері фестивалінің жабылу аясында өтеді. Фестиваль «ЭКСПО-2017» мәдени бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігімен ұйымдастырылған.

IMG_1611-18-04-17-11-55Шақырылған жұлдыздардың ішінде – Ресей Үлкен театрының прима мен премьері Ольга Смирнова, Семен Чудин, Берлин мемлекеттік опера театрының прима мен премьері Михаил Канискин, Элиза Каррильо Кабрера, Бавария мемлекеттік операсынан Осиель Гунео, Ковент-Гарден Корольдік балетінің прима-балеринасы Яна Саленко және тағы басқалары бар.

Концерт қазақстандық балет жұлдыздарының қатысуымен өтеді. Олардың ішінде – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Баспаева, Әйгерім Бекетаева, жақында ғана Мәскеу мен Нью-Йорктегі мәртебелі байқаулардан жеңіспен оралған Бақтияр Адамжан мен Серік Нақыспеков, халықаралық байқаулардың лауреаты Еркін Рахматоллаев, Олжас Тарланов, Арман Оразов, Елдар Сәрсембаев, сонымен қатар Қазақ ұлттық хореография академиясының жас оқушылары бар. «Астана Опера» симфониялық оркестрі Арман Оразғалиевтың жетекшілігімен өнер көрсететін болады.

– Біз көрермендерге қызықты, шынымен де ұмытылмас би мерекесін әзірлеп қойдық. Әлемге танымал көптеген хореографиялық нөмірлер Қазақстанда алғаш рет орындалмақ. Мысалы, Үлкен театрдың солистері П. Лакоттың қойылымындағы Ц. Пунидің «Перғауын қызы» балетінен па-де-де және П. Чайковский музыкасына жазылған танымал Дж. Баланчинның қойылымдағы «Драгоценности» балетінен «Гауһар тастары» ұсынады. Берлин мемлекеттік опера әртістері Д. Шостаковичтың музыкасына жазылған М. Бигонцеттидің қойылымындағы «Казимир бояулары» және И.С. Бахтың музыкасындағы Н. Дуатоның қойылымындағы «Көпқырлылықпен» бірге өнер көрсетеді, – деді «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры, Ресей Халық әртісі Алтынай Асылмұратова.

Америкалық Bad Boys of Dance би ұжымы үшін бұл Қазақстандағы алғашқы гастрольдік сапар болып табылады. Астана тұрғындары мен қонақтарының назарына Queen, U2 және тағы басқа топтардың композицияларынан алынған әуендерге «Rock the Ballet» атты әсерлі шоу ұсынылмақ. Труппа жетекшісі Раста Томас бидің жаңа түсінігін жасап әрі өз хореографиясында классикалық балетті джазбен, брейкпен, хип-хоп және акробаттық іс-қимылдармен біріктіріп, балеттің шекарасын кеңейтті.

_DSC5197

Сондай-ақ кеш бағдарламасына классикалық балет көріністері енді – Р. Дриго, Ц. Пунидің «Эсмеральда» балетінен Диана мен Актеон па-де-десі, А. Аданның «Жизель» балетінен па-де-де, «Корсар» балетінен па-де-труа, Л. Минкустың «Дон-Кихот» балетінен Гран-па. Қазақ ұлттық хореграфия академиясының оқушылары Л. Минкустың «Пахита» балетінен полонез-мазурканы әзірлеуде.

Бұдан басқа ХХ ғасырдағы хореографиялық жауһарлардың үзінділері, оның ішінде Р. Пети хореографиясындағы М. Жаррдың «Париж Құдай ана соборы» балетінен фрагмент, А. Мессерер хореграфиясындағы С. Рахманиновтың «Көктем суы», Р. Захаровтың хореаграфиясындағы В. Соловьев-Седойдың, Ф. Николаевскийдің «Тарас Бульба» балетінен Остап варициясы орындалатын болады.

Концерттің басталуы сағат 19.00-де

 

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры