Әлемдік балеттің этуалі Астанада шеберлік сабақ өткізді

Әйгілі балетмейстер, Париж ұлттық операсының жарық жұлдызы Сирил Атанасов «Астана Опера» балеттік труппасына шеберлік сабақ өткізді. Маэстро театр труппасымен 13 мен 17 наурыз аралығында жұмыс істеді.

_DSC3114 (1)

Жарқыраған еңбек жолында Сирил Атанасов көптеген көне, классикалық және заманауи қойылымдардағы партияларды орындады. Ю. Григорович, К. Макмиллан, Р. Нуреев, С. Лифарь, М. Фокин, Б. Нижинский және басқа да атақты хореографтардың тұсаукесерлік спектакльдеріне қатысты. Р. Пети қойылымындағы М. Жаррдың «Париж Құдай Анасының соборы» балетіндегі Клод Фроллоның рөлін алғашқы болып сомдағандардың бірі екенін атап өткен жөн.

С. Атанасовтың Францияның балет өнеріне қосқан үлесі ескеріліп, мемлекеттік марапаттарды иеленді, ол – «Ерен еңбегі үшін» Ұлттық орденінің, Өнер және әдебиет орденінің кавалері. Оның дарындылығының тағы бір қыры – жарқын актерлік шеберлігі, бұл әртіске кинофильмдерде комедиялық және драмалық бейнелерді сомдауға мүмкіндік берді.

Бұл Сирил Атанасовтың Қазақстанға алғашқы сапары болды. Әйгілі балетмейстер «Астана Опера» балет труппасының кәсіби шеберлігінің жоғары екенін атап өтті.

– Классикалық балет бұл – күн өткен сайын осы іске бар жан-тәнімізді салудың арқасында барлығымыздың бірлескен талпынысымыздан туындайтын шексіз көркем туынды ғана емес. Бұл әртістердің күнделікті зор еңбегі, өйткені әлемнің кез келген труппасы әрбір қойылымға дайындалу үшін, бірнеше ай жұмыс жасайды. Классикалық спектакльге сахнаға шығу үшін, бишіге қажетті дене сымбатын сақтаудың өзі едәуір күш-жігерді қажет етеді, – деп әңгімеледі Сирил Атанасов.

Қазақстандық әртістер, бұл жолы әйгілі балет профессорымен өткен кезекті шеберлік сабағы классикалық балетке қажетті кішігірім техникалық элементтерді жаңаша орындауға мүмкіндік бергенін атап өтті.

– Біз бірнеше күн классикалық бимен өзгеше әдіс бойынша айналыстық. Әлемнің кез келген елінде негізгі балет позициялары бірдей болғанмен, француздық мектепте жаттығу сабағында мүлдем басқа әдіс – би элементтерін орындау кезектілігі және оларды орындау мәнері қолданылады. Оның негізгі ерекшелігінің бірі – өте тез және мұқият орындауды қажет ететін секіру, тандю сияқты кішігірім техникалар мен басқа қимылдарды жиі пайдалану, – деп әртістер әңгімеледі.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры