Ақша ма, әлде махаббат па?

«Манон» балеті – қазақстандық сахнада сирек кездесетін қонақ. Бұл хореографиялық жауһар Ковент-Гарденде (Лондон) дүниеге келген және қоюшы балетмейстер Кеннет Макмилланға сөзсіз зор танымалдылық әкелді. Манон әлемдік өнер тарихында жұмбаққа толы және әйгілі әйел бейнелерінің бірі. Бас кейіпкердің нені таңдайтынын – ақшаны ма, әлде махабатты ма, оны 28 және 29 сәуірде «Астана Опера» театрында біле аламыз.

_DSC6398

Белгілі жазушы Антуан Франсуа Превоның «Кавалер де Грие мен Манон Лесконың бастан кешкендері»алғаш рет 1731 жылы жарияланған және осымен үш ғасырға жуық уақыт бойы суретшілерге, жазушыларға, режиссерлар мен композиторларға қызықты туындылар жасауға шабыт беріп келеді.

Аталған роман Кеннет Макмилланға үш актылы «Манон» балетін шығаруға негіз болды. Оқиға желісі фильм түсіріліп жатқандай киностудияда өрбиді және ондағы драма қарқынды түрде дамиды. Бір көргеннен ғашық болу, пәктік пен құмарлық, қашу, қатерлі қадам: сезім немесе молшылықта өмір сүру жолы. Бақыт, ажырап қалу, қайта қосылу, кек, тұтқындалу. Манон өзінің сүйіктісінің қолында көз жұмады.

«Астана Опера» театрындағы спектакльде қазақстандық және Корольдік балет труппасының дәстүрін сақтаушылар – британдық қоюшылардың бірлескен тобы жұмыс жасауда. Декорациялар мен костюмдер жөніндегі супервайзерлер барлық бұйымды түпнұсқадағыдай етіп әзірледі.

Корольдік сән-салтанат дәуірі

XVIII ғасыр костюмдерінің стилі сәнділігімен, нәзіктігімен, талғампаздығымен, сезімталдығымен және біршама мәнерлілігімен ерекшеленеді. Онда түзу сызық мүлдем қолданылмайды, сондықтан сызықтар қиғаш және жатық келеді. Бұл француздық революцияның басталуымен аяқталған аристократтық сән үстемдігінің соңғы кезеңі еді.

Костюмдерді тігуге кіріспес бұрын Наталия Стюарт (Англия) және костюмдер жөніндегі үйлестіруші Әсел Досмұратова (Қазақстан) қоюшы суретші Николас Георгиадистің түпнұсқаларын зерделеген. Сол үшін олар Ковент-Гарден қоймасына арнайы барған, әрбір костюмді фотоға түсіріп, үлгілер мен тігіс ерекшелігін меңгерген. Бұл балет қойылған кезде цифрлық тасығыштар болған жоқ, сондықтан кейбір үлгілер жоғалып кеткен.

_DSC9924

_DSC0009

 Бізге ағылшындық пішушілер өте көп көмектесті. Олар «тарихи костюмнің пішілуін көрсетті, «Астана Опера» тігін цехының шеберлер тобына пайдасын тигізген көптеген айрықша бөлшектер туралы айтты. Қойылым сан түрлі кейіпкерге қанық және оларға арналған костюмдерді әзірлеу қызық болды. Солдаттар үшін – бүрмелері бар мундирлер, жеңіл жүрісті бикештерге әрқайсысының өзіндік стилистикалық ерекшелігі бар 12 түрлі көйлек тігілді. Костюмдер ауыр болғандықтан, олар балетке арналған деп айту қиын, әртістерге билеу оңайға түспейді деп ойлаймын. Маталар мен костюмдердің ішкі бөлігі ауырлық тудырады. Мысалы, әйелдердің үш қабаттан тұратын белдемшелерінің белден төмен тұсы көлемді ететін кринолиннен, тіректерден тұрады. Мұның бәрін тіпті жай адамға кию қиын, ал онымен билеу одан да қиынырақ, – деп атап өтті Әсел Досмұратова.

_DSC6289

_DSC6359

Қойылымның ерекшелігі қолмен жасалатын ауқымды жұмыстан тұратындығында. Мысалы, желбіреуіштер мен бантиктер маталардың бірнеше қабатынан тұрады, ал мынау гипюрден қолмен тігілген жиектемелер – осындай барлық ұсақ-түйек сол кезеңнің байлығын паш етеді. Белдемшелер өте жалпақ жиектемелермен және суретші ойлап тапқан кестелермен безендірілген.

_DSC6333

_DSC6405

Мадамның көйлегін тігіншілер ең қызық костюм деп санайды. Онда белдемшелерден, корсеттен, өте үлкен шлейфі бар сыртқы жамылғыдан тұратын көптеген бөлшектер бар. Олар қазіргі таңда маталардың сапасы спектакль қойылған 1974 жылғыларға қарағанда айтарлықтай жақсарғанын және кейбір костюмдер, тіпті, түпнұсқадағыдан да жақсы көрінетінін атап өтті. _DSC6294

_DSC6336

_DSC6354

Солисттер спектакль кезінде бірнеше костюм ауыстырады. Әрбір киім үлгісі ерекше, ұқсас костюмдерді сирек кездестіруге болады. Мысалы, бір бишіге 5 көйлек қажет, ал жалпы алғанда оның костюмі үш-төрт киімнен құралуы мүмкін. Қазақстандық шеберлер Билеуші джентльмендерге арналған лосинының өзгеше түрін алғаш рет дайындауда. Қоюшы қысқа балақты шалбар киген ерлердің бейнесін сомдаған, киімнің бұл түрі XVIII ғасырда өте сәнді болды. Қысқа шалбарға ұқсайтын лосинылар екі бөліктен тұрады: жоғарғы бөлігі бір түрлі лайкрадан, төменгісі басқа түрінен тігілген.

Егер зер салып қарасақ, көптеген желеткалер қара түсті барқыт жиектемелермен өңделгенін көреміз. Бізге не себепті дәл осындай қара түсті жиектер таңдалғанын білу қызық болды. Наталия Стюарт бұл жайдың егжей-тегжейімен бөлісті.

– Ол кезде акварельмен бояу өте сәнді еді. Қазір біз костюмдердің үлгісін жасаудамыз, кейін оны бояймыз. Н. Георгиадис керісінше жасаған. Ол алдымен акварель бояулармен бояған, содан кейін ғана алынған үлгіні қара пастамен қоршап бояған. Соның салдарынан қойылымдағы кейбір костюмдер қара жіппен өңделген, – деп әңгімеледі суретші супервайзер Наталия Стюарт.

Қалпақтар – бейнелерді қызықты ете түсетін костюмнің жеке бөлшегі. Әйелдер үлгісі ленталармен, гүлдермен, шілтерлермен әрленсе, бас киім тігетін мамандарды қауырсындармен әсемделген ерлердің үшкіл қалпақтары тәнті еткен. Астаналық жел болмағанда, мұндай қалпақтарды олардың өздері рақаттанып киер еді.

_DSC6304

_DSC6308

_DSC6319

Сахнаның жаңа көркі

«Астана Опера» театрының төрт жылғы қызметі барысында көрермен сахналық ноу-хауға, 3D кескіндемелерге және анимацияларға дағдыланды. «Манон» балетінің сценографиясы – бұл айрықша әлем, онда қазіргі заманғы технологияларға орын жоқ. Мұнда ешнәрсе XVIII ғасырдың стилистикасынан ауытқымайды, барлығы көрермен сол заманның атмосферасына енетіндей етіп орнатылады. Бұл сахна кеңістігінде әртүрлі үлгідегі суреті бар көптеген бағалы маталар және алтын түспен боялған жиһаздар… Алайда көрерменді таңдандырарлық сәттер де табылады – батпақтың ғажап күйде өте үлкен шырмауыққа айналуы. Осылардың барлығына егжей-тегжейлі тоқталсақ.

– Спектакльді біз 1974 жылғы үлгілер бойынша жаңғыртамыз. Жұмысқа кіріспес бұрын, мен қойылымды жаңғыртқан тәжірибелерімен бөліссе екен деген мақсатпен, бұл спектакль репертуарында бар барлық театрдағы (олар көп емес) әріптестеріммен келіссөз жүргіздім. Бүгінгі таңда декорацияларды дайындаудың сол кездегі технологиялары жоғалған, сондықтан сызбалардың көбін өзімізге жасауға тура келді. Біздің тобымыз сэр Макмиллан қорымен, декорациялар жөніндегі супервайзер Чинция Лофациомен тығыз әріптестікте. Бір-бірімізден алыста болғанымызға қарамастан, әріптестер үнемі байланыста, біз оларға өзіміздің бастапқы сызбаларымызды көрсетеміз, мүмкіндігінше түпнұсқаға жақын келтіруге тырысамыз, – деп әңгімеледі көркемдік-қойылымдық кешен басшысы Виктор Караре.

Жөндеу және ұсақ-түйектер цехында қызметкерлер үстелдер, орындықтар, төсек (биіктігі алты метр), айналар, кермелер сияқты әртүрлі заттарға көркем өрнектер салуда. Олар көлемді шынайы күймені жасауға үлкен жауапкершілікпен қарады. Мұндай декорациялар біздің сахнамызда жиі кездеспейтінін мойындайды.

_DSC6409

_DSC8084

_DSC8499

_DSC6421

_DSC8072

_DSC8073– Артқы қабырғаларды дайындау – ең күрделі және көлемді жұмыс. Бұған дейінгі жобаларда италиялық әріптестермен жұмыс барысында алған тәжірибемізді табысты қолданудамыз. Мұнда алдыңғы қойылымдарға қарағанда ұсақ бөлшек көп, оларға көп уақыт кетеді, – деп әңгімеледі Әділбек Шайқамалов.

_DSC6411

Шынымен де, қабырғалардың тірегі өзінің көлемімен үлкен әсер қалдырады және қолдан сурет салынған 24 метрлік артқы шымылдықты түпнұсқада қоюшы суретші 18 метр қылып жасаған, бірақ «Астана Опера» сахнасы әлемдегі ең үлкен сахналардың бірі болғандықтан, елордалық сахнаға сай келетіндей етіп жасауға тура келеді. Көркемдік-қойылымдық кешен жетекшісі Виктор Караре, өлшемі кішкентай басқа театрлардың сахнасында театр труппасының осы спектакльмен гастрольдерге шығу мүмкіндігін алдын ала қарастырған, сондықтан құрылым кез-келген сахналық кеңістікке бейімдеуге болатындай әзірленген.

Ең әдемі сценографиялық шешімдердің бірін Кемежай көрінісінен тамашалауға болады. Кемелер, айлақтардың декорацияларының бөлшектері де шынайы көлеммен жасалған.

Сахналық өмірдің ұсақ-түйегі

Басты қаһарман – Манон үнемі жолда жүретіндіктен, бутафорларға көптеген жол сандықтарды, шабадандарды, тиын салуға арналған дорбаларды жасауға тура келді. Жай ғана реквизит болып көрінгенмен, оны дайындау үшін икемділік қажет.

_DSC6377

_DSC6378

_DSC8100

Бутафор Жанна Мұсаева мұндай қызық дүниелерді цехта көптен бері жасамағанын айтады. Жол сандықтар қапталған былғары арнайы техниканың көмегімен ескі болып көрінетіндей өңделеді. Алайда кез келген қойылымда кездестіруге болатын стақандар, вазалар, желпуіштер, дабылдар, себеттер, қанжарлар, қолшатырлар, әмияндар, семсерлер мен қылыштар сияқты әдеттегі заттар да бар.

Реквизитті дайындаудың негізгі техникасы – папье-маше болғанымен, бұл спектакльде көптеген заттар ағаштан жасалады. Міне мынау, Мадам салонында ілініп тұратын ағаш элеметтері бар шам.

_DSC8130

 _DSC8098

_DSC6386

_DSC8122

_DSC8112

_DSC6382

_DSC6369

Манонға арналған әшекейлермен – бас кейіпкердің соншалықты жақсы көретін және оны өлімге душар ететін алқаларымен, сырғаларымен, білезіктерімен жұмыс қыздарды рақатқа бөлейді.

Баршылық пен жоқшылық

Репетиция залында әртістер асқан шабытпен және толыққанды беріліп дайындалуда, олар К. Макмилланның хореографиясымен алғаш рет танысуда. «Астана Опера» балеттік труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова қазақстандық театрдың репертуарын асқақ өнердің соңғы жүз жылда туған ең үздік балеттерімен толықтыруын жалғастырып келеді.

Ол өзі де Манонның бас партиясын әйгілі лондондық сахнада бірнеше рет билеген еді. Кейіпкерін сомдауда Кеннет Макмиланның өзімен жеке жұмыс жасаған.

_DSC4775

– К. Макмилланның ең танымал «Манон» балетін қазіргі таңда ағылшындық классика деп санауға болады, бұл күрделі де көлемді спектакль уақытпен сыналған. Әрбір балерина өзінің репертуарында Манон партиясының болуын армандайды. Спектакльде көрермен жаны ашитын жағымды кейіпкер де, сонымен қатар жағымсызы да міндетті түрде болады. Бұл – ерекше балет: онда де Гриеден басқа барлық басты кейіпкерлер жағымсыз. Алайда, қоюшының арқасында біз оларға оң көзбен қараймыз, тіпті, жанымыз да ашиды. Леско – өте сүйкімді, бірақ алаяқ. Барлық сәтсіздік соның кесірінен, ол өзімен бірге пайдақұмар қарындасы Манонды да жамандыққа тартады, дегенмен, сол кезеңдегі уақытты ескерсек, кейіпкерлерді түсінуге болады: сен не аштықтан өлесің, не болмаса қайткенде күн көруге тырысасың. Ол баюдың арам жолын ойлаймын деп, өзі үшін кісі өлтіруге дейін барған де Гриенің де өмірінің күл-талқанын шығарып, содан соң өзі де өледі, – дейді Алтынай Асылмұратова.

Макмиллан балеттеріндегі оқиғалар драмалық болып келеді. «Манон» – аббат Превоның кітабындағыдай әдепсіздікке толы. Жеңіл жүрісті әйелдер, зиялы қауым, салондар… Әртістер балеттің мәтінін жақсы түсіну үшін романды оқып шықты, бірақ Макмиллан спектакльдерін қойған Еуропадағы белгілі қоюшы балетмейстерлер – Карл Барнетт және Патрисия Руанн – ойынның нәзік ағылшындық ерекшелігін егжей-тегжейімен түсіндіреді.

_DSC8283

– Бұл балеттің кереметтігі – жеткізу мүмкіндігі мол. Бір балерина өз кейіпкерін сомдағанда өмірге деген шынайы көзқарасты таңдаса, басқасының болып жатқан оқиғаларға қатысқысы келмеуі де мүмкін. Әрқайсысы өз қалауынша сомдайтыны да керемет. Мен солисттерге К. Макмилланның барлық балеті олар үйренген биден өзгеше екенін айттым. Мысалы, П. Чайковскийдің «Аққу көлі» балетінде әртістер жеке нөмірді аяқтағанда, сахнаның шетіне келіп, көрерменге тағзым етеді. К. Макмилланның балеттерінде мұндай ештеңе жоқ. Біз кідірмейміз, көрермен залына көз тікпейміз. Біз көрермен сахнадан көз алмайтындай атмосфера құруымыз қажет. Бұл ең қиын сәттердің бірі деп ойлаймын. Менің техникалық талаптарым өте жоғары. Алайда, мен бәрінен бұрын техника жағын емес, оқиға желісінің қалай жеткізілетінін көргім келеді. Сондықтан техника әртістік шеберліктің көлеңкесінде қалады. Бұл судағы аққу тәрізді ғой; байқадыңыз ба, тағы да аққулар тақырыбын қозғадық: су астында аяқтар тез қимылдайды, бірақ үстінен қарағанда әдемі де тартымды болуы тиіс, – деп түсіндірді өз талаптарын Карл Барнетт.

Көптеген қырынан алып қарағанда, спектакль – күрделі. Макмиллан биден роман құрды. Кейіпкерлердің сипаты мен қыр-сырын жеткізу оңай емес. Актерлық жұмыс – бірінші кезекте. Бүкіл спектакль бойы билейтін күрделі дуэттер, ондағы үйреншікті емес қозғалыстарды үйлестіру әртістерге оңай соқпады. Ұқсастығы жағынан бір балетті де мысал келтіре алмайсың, бұл хореография барлық солист үшін жаңа. Күш жағынан қолдау көрсететін ерлер партиясы да күрделі, дуэттің жетістігі бишілердің шеберлік деңгейіне байланысты, өйткені спектакль бойы балерина оның қолынан түспейді.

Бүгінгі таңда спектакльді еш ұқсастығы жоқ екі құрам дайындауда. Бас партия Әйгерім Бекетаева мен Мәдина Баспаеваға тиесілі – әрқайсысы өз Манонын табуы қажет.

Мәдина Баспаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

_DSC4854

– Манон – ГМ үшін «әдемі ойыншық» және де Грие үшін өмірдің мәні. Оның тағдыры күрделі, оған әркез таңдау жасауға тура келеді: таразының бір жағында – махаббат болса, екінші жағында – байлық. Менің кейіпкерім кедейлікті намыс көреді, сондықтан молшылыққа ұмтылады. Маған бір кейіпкердің екі түрлі образын көрсетуге тура келеді: ерке, ешкімге сенбейтін қыз бен өлім алдында тәубесіне келетін пайдақор әйел. Менің ойымша, кәсіби балерина кез келген кейіпкердің кейпіне ене білуге міндетті. Мен бұл партияны орындауды бұрыннан армандайтынмын. Егер солист Манонның рөлін орындаса – бұл шеберліктің ең жоғарғы деңгейі деп саналады.

Әйгерім Бекетаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

_DSC6181

– Мен спектакльге мұқият дайындалдым: кітабын оқыдым, фильмін көрдім. Тағдыр тәлкегіне орай Манонға арсыз жолға түспегеннен ештеңе қалмайды, ол өте прагматик жан. Партияны орындау барысында біз өз кейіпкеріміздің өмірін бастан кешеміз, ішкі жан-дүниемізден ұқсастық іздейміз, сондықтан тек қана актерлық шеберлік туралы айту жеткіліксіз, барлық оқиға желісі біздің жүрегімізден өтеді. Серіктесім Олжас Тарлановпен бірге эмоциялық жағына басымырақ көңіл бөлуге тырысамыз. К. Макмиллан бұл балетті қойған кезде, ол қысқы Олимпиада ойындарына барған екен. Мәнерлеп сырғанау оған өте қатты әсер еткен болуы керек, өйткені хореографиясында біз үшін ыңғайсыз, дегенмен ерекше әдемі, осындай күрделі элементтері бар. Жоғары көтергенде үнемі қорқатынмын, бірақ осы балеттің арқасында өзімді жаңа қырынан ашып, бәрі қолымнан келіп жатыр. Мен бұл балетті бұрыннан білетінмін, бірақ оның біздің театр сахнасында қойылатынын елестетіп те көрмеппін.

Манонның ғашығының бейнесін – сүйіктісіне деген махаббат құштарлығынан жер аударылу мен сол сүйіктісінің өліміне дейін бастан кешкен кавалер де Гриені сомдауға Рүстем Сейітпеков пен Олжас Тарланов дайындалуда.

Рүстем Сейітпеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

_DSC4878

– Де Гриенің партиясы да, спектакльдегі барлық солисттердікіндей өте күрделі. Бастапқыда менің кейіпкерім әлжуаз, ұялшақ, махаббаттың шырмауымен Маноннан басқа ешкімге де, ештеңеге де қызықпайды. Оның өміріне өзгеріс әкелетін кезең бар: ол ГМ мырзамен бір жыл бірге болған сүйіктісімен кездеседі. Бұл оның жанына қатты батса да, ол бәрібір Манонды кешіреді. Мен өз кейіпкеріме үлкен түсіністікпен қараймын. Үш көрініс бойы біз үздіксіз сахнада боламыз – бұл орасан зор еңбек. Осы хореографиямен танысқаннан кейін, бізге жаңа ағылшын мектебіне үйренуге тура келді.

Музыка – біздің барымыз осы

Музыка бұл балетке арнайы жазылған жоқ. Партитурасы Жюль Массненің түрлі шығармаларынан құрылды. Оларды іріктеп, үйлестіріп, оркестрге салған белгілі дирижер, композитор Лейтон Лукас және оның ассистенті, балет труппасының концертмейстері Хильда Гонт. Балеттің музыкасына Массненің операсындағы әйгілі «Элегия» да енгізіліп, ғашықтардың бас тақырыбы ретінде алынған.

Арман Оразғалиев, спектакльдің қоюшы дирижері

– Негізінде бұл вокалдық-аспаптық музыка, бәлкім, сондықтан да болар, оған тек билеп қана қоймай, онымен бірге шырқағың келеді. Мұнда оның тұтас шығарма емес екендігін білдіретін ешқандай «тігістер» жоқ. Қоюшылар әртістерді бірінші кезекте әнді тыңдауға шақырады, себебі онда барлық құштарлық, қайшылық, уайым – бәрі анық жеткізілген. Біз қазір 2011 жылы әзірленген және Ковент-Гарден театрында үздік үлгі саналатын музыкалық редакциямен жұмыс жасап жатырмыз. XIX ғасырдың классикалық музыкасы аспапқа салғаннан кейін заманауи естіледі, өйткені ХХ ғасырдың адамы өңдеген, сондықтан музыкалық материалда заманауи көзқарас сезіледі. Біздің орындаушыларымыз – XXI ғасырдың адамдары, міне, осылайша уақыттың әр түрлі дәуірдің шеберлерін біріктіргені қызық.

_DSC3897

Арман Оразғалиев балеттің әрбір дайындығына қатысады, мамандығының ерекшелігі партитураның тек ноталық қана емес, хореографиялық та мәтінін білуді міндеттейді. Ол барлық солисттің жеке мүмкіндігін ескеруі тиіс. Бір қызығы, ХХ ғасырдың дирижерлары би қимылын өздері де көрсете алатын, олардың орындауын үлгілі деп айту қиындау, дегенмен, кәсіпте жоғары көрсеткіш саналады.

– Макмилланның ұлы шығармашылығымен танысуға мүмкіндік бергені үшін мен театрға алғысымды білдіремін. Бұл ұжымды айтарлықтай өсіреді, ерекше бақыт, жеңіс, кезекті қадам, – деді маэстро.

«Манон» балеті – ағылшындық корольдік театрдың бетке ұстары. Ал қазақстандық бишілердің француздық оқиғаны ағылшындық нұсқада қалай жеткізетінін жақында біле аламыз. Әйтсе де бұл драманың кеңпейіл қазақтың жүрегінен өтетіні күмәнсіз: әр әртіс бұл спектакльге жан-тәнімен дайындалуда.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры