Жан Тапиннің «Травиата» операсындағы дебюті

Көпшіліктің сұранысына ие лирикалық тенор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин өнер жолының кемелденген тұсында Дж.Вердидің «Травиата» операсындағы Альфред Жермонның партиясында алғаш өнер көрсететін болады. Спектакль 27 желтоқсанда «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында өтеді.

_DSC8526

Опера труппасының жетекші солисі Жан Тапин қазақстандық көрерменнің сүйікті әншісі, ол Дж. Вердидің «Ригoлеттосындағы» Герцогтың, П.И. Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсындағы Ленскийдің, Г.Доницеттидің «Махаббат шырынында» Немориноның, Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде» Төлегеннің және тағы басқа партияларды орындаған. 2012 жылы К.Орфтың «Кармина Бурана» кантатасының және В.А.Моцарттың «Похищение из Сераля» операсының тұсаукесерлік қойылымдарына қатысқан (Алматы қ.).

Әнші тағылымды білім алған: 1998 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының вокал-хор факультетін бітірген және 2005 жылы осы білім беру мекемесінде ассистенттік тәжірибеден өткен (профессорлар Ш.К. Әбілов пен Б.А. Жаманбаевтың шәкірті). 2007 жылы және 2010 жылы Йези және Осимо (Италия) қалаларында тәжірибеден өткен.

Партия Альфредтің партиясы Жан Тапиннің реперуарында бұрыннан бар, бірақ ол «Астана Опера» сахнасында оны алғаш рет орындамақшы. «Травиата» операсының оқиғалар желісі Александр Дюма ұлының «Камелия гүлін ұстаған әйел» романынан алынған. Либретто авторы – Франческо Мария Пиаве. Қоюшы режиссері – Хеннинг Брокгауз (Италия). Дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов. Режиссері – Наталья Кагадий.

Асқан сұлу Виолетта Валери бейнесінде халықаралық байқаулардың лауреаты Айзада Капонова шығады; Жорж Жермонның қатал әкесінің рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев. Гастон –  Бейімбет Таңарықов, Флора Бервуа – Гүлжанат Сапақова, Аннина – Елена Ганжа, Маркиз д’Обиньи – Болат Есімханов, Барон Дюфоль – Евгений Чайников, Дәрігер Гренвиль – Шынғыс Расылхан, Комиссионер –Нұрлыбек Коспармаков, Джузеппе – Рамзат Балакишиев.

Джузеппе Верди қоғам қабылдамаған әйел бейнесін өз операсының кейіпкері етіп алды. Кемеңгер композитор Виолеттаның адамгершілігі мен жан сұлулығын бейнелеп қана қоймай, өзін қоршаған жеңілтек ортадан және ақсүйек қоғамның ізгілікті өкілі, Альфредтің әкесі – Жорж Жермоннан артықшылығын көрсетті. Спектакльде әлеуметтік теңсіздік құрбанына ыстық аяушылық білдіру, екіжүзділік моральді аяусыз мінеу, опера сахнасында заманауи өмірді көрсету сияқты сол кездің жаңашыл көзқарастары айқын білдірілген.

 

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры