Гүлдене бер, астанам!

«Туған күніңмен, Астана» мерекелік концерті «Астана Опера» театрының Камералық залында өтеді. 6 шілде күні көрермен алдына керемет вокалистер, аспапшылар және «Dolce» скрипкашылар ансамблі шығатын болады.

_DSC3943

Аса қанық бағдарламаны қазақстандық, орыс және батыс еуропалық композиторлардың вокалдық және аспаптық шығармалары әрлеген. Бұл концерт – қонақтарын таң қалдырып, тұрғындарының кеудесіне мақтаныш сезімін ұялататын Қазақстанның жас астанасына деген махаббат кеші болмақ.

– Астанамыз күн санап көркеюде, керемет жылдамдықпен өзгеру үстінде. Қаламыздың жүрегінде орын тепкен ең әдемі әрі аса маңызды ғимараттардың бірі – бұл «Астана Опера». Театр әртістері тыңдаушылар үшін мерекелік көңіл-күй, жағымды әсер әрі бірқатар тосынсыйлар ұсынатын қызықты концерт әзірлеген. Вокалдық-аспаптық музыканың жауһарларына айналған әрі тыңдарманға таныс, сүйікті шығармалары орындалатын болады. Бұл кеш өз бойына түрлі стильдер мен бағыттарды сіңірген. Біз көпшілікке П.И. Чайковскийдің «Күн үстемдік еткенде» шығармасын, көне романстарды, соның ішінде Н.Листовтың «Вальстің тамаша үні есімде» романсын ұсынамыз, М.Төлебаев, Л.Хамиди, Дж.Верди, Дж.Пуччини, Дж.Россинидің туындылары, сонымен қатар қазақ халық әндері мен аспаптық композициялары орындалатын болады. Әрине, Е.Рахмадиевтің «Астана вальсі» ән-арнауы да концерт бағдарламасынан шет қалған жоқ, – деп атап өтті концерттің кураторы Раушан Бескемпірова.

Бұл кеште сахна төріне шығатындар: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Байғали Момбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова, Мәдина Исламова, Елена Ганжа, Галина Чеплакова, Гүлжанат Сапақова, Болат Есімханов, Азат Мәлік. Бұдан басқа концертке «Dolce» скрипкашылар ансамблі мен аспапшы-музыканттар К. Стригин (баян), А. Малиновский (гармоника), К. Красюков (скрипка), Р. Бескемпірова (фортепиано), Е. Сахно (фортепиано), А. Геер (гитара), А. Якушкин (контрабас), Ж. Бекмадиев (соқпалы аспап) қатысады. Танго орындаушылары – балет әртістері Назира Заетова, Елдар Шәкірзянов.

Концерттің басталуы сағат 18:00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры