«Астана Опера» театрының мақтаныштары марапатталды

13 және 14 желтоқсан күндері Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Астана Опера» театрының әртістеріне марапаттар мен сыйлықтар табысталды.

Алтынай Асылмуратова, фото Марата Куракова

Салтанатты түрде табыстау шарасы Ақорда мен ҚР мәдениет және спорт министрлігінде өтті.

«Астана Опера» балеттік труппасының көркемдік жетекшісі, Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Алтынай Асылмұратова «Парасат» орденімен марапатталды. Балет труппасының жетекші солисті Әйгерім Бекетаева Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды. Балет солисті Досжан Табылдыға «Құрмет» ордені табысталды. Театрдың педагогтары Сауия Айталиева мен Ғалия Бегалина ҚР Президенті Н. Назарбаевтың атынан Құрмет грамоталарын иеленді.

Опера труппасының жетекші солисті Жаннат Бақтай «Парасат» орденімен марапатталса, опера труппасының жетекші солисті Жұпар Ғабдуллина Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды. Опера труппасының солисті Евгений Чайников «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Жас театрмен тығыз байланыс орнатып, қазақстандық сахнада 8 спектакль қойып үлгерген көрнекті қоюшы суретші Эцио Фриджерио (Италия) ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

– Өнер адамының еңбегі лайықты бағаланып, жоғары дәрежеде – мемлекеттік деңгейде марапатталып жатқаны өте қуантарлық жағдай. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәдениет пен өнердің дамуына ерекше көңіл бөледі. Әртістеріміздің, педагогтарымыз бен балеттің көркемдік жетекшісінің Елбасының қолынан марапат алуы – оларға үлкен күш-қуат беріп, қанаттандырады, алдағы уақытта бұдан да зор шабытпен өнер көрсетуге жігер береді. Бүкіл ұжым атынан және өзімнің атымнан марапатталған әріптестерімізді құттықтап, қуаныштарына ортақтасқым келеді. Сондай-ақ, берілген марапат үлкен жауапкершілік артып, әрдайым соған лайық болуды талап ететінін атап өткім келеді, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.

_DSC9476

Марапаттау салтанаты «Астана Опера» театрында жалғасын тапты. Театр директоры «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің музыканты Мұхаметжан Ахатовқа, балет труппасының педагог-репетиторы Дәмира Зейноллинаға, балет труппасының аға концертмейстері Долорес Үмбетәлиеваға, хор әртістері Елена Казакевич пен Гүлшат Әбдірахмановаға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін табыстады.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры