Балеттік эксклюзив

«Астана Опера» балеттік труппасы жаңа Гала-балет бағдарламасын дайындауда. Елордалық театрдың жарқыраған әртістер құрамы, сонымен қатар украиндық және беларусиялық театрлардан шақырылған солисттер – Эллина Походных және Константин Героник 25 қаңтарда «Астана Опера» театрының Үлкен залында өнер көрсетеді.

Jack Devant - Astana Gala May 2016-125

Балеттік труппаның көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова көрерменді қызықты ойларымен қуантпақшы. Көрерменге М. Петипа мен А. Ваганованың ең үздік хореографиялық туындылары ұсынылады. Заманауи қойылымдардың әуесқойлары Р. Пети, С. Микель және К. Звереваның шығармашылығын тамашалайды.

Кеш тұсаукесер мен дебютсіз өтпейді. «Астана Опера» театры балетінің жетекші солисті, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева мен «Астана Опера» театры балетінің солисті Олжас Тарлановтың орындауында Ж. Перро, Ж. Коралли хореографиясындағы А. Аданның «Жизель» балетінен па-де-дені алғаш рет тамашалауға болады. Таңдап алынған партиялар әртістердің әдеттегі кейпінен ерекшеленеді, алайда жаңа бейнелерді іздестіру шығармашылық дамуға мүмкіндік береді.

Елордалық қауымға өзінің көрнекті жұмыстарымен таныс ресейлік балетмейстер Ксения Зверева, Гала-балет бағдарламасы үшін арнайы заманауи хореграфиялық номер дайындады. Оны Анастасия Заклинская мен Жәнібек Ахмедиев ұсынады.

– Бұл – екі жастың қарым-қатынасы туралы дуэт. Абстракция формасы жиі қолданылатын қазіргі заманғы хореография, бірін-бірі аңғармайтын қыз бен жігіт өмір сүретін кеңістікті паш етеді. Бір мезетте олардың көздері түйіседі де, сол сәттен бастап олардың арасында қарым-қатынас өрбиді. Оның немен аяқталатыны құпия, – деп әңгімеледі Алтынай Асылмұратова.

Гала-концерт бағдарламасына Астанада өткен III Халықаралық балет әртістері байқауының (2016) лауреаттары: Константин Героник (Беларусь Республикасының Ұлттық академиялық Үлкен опера және балет театрының жетекші сахна шебері) және Эллина Походных (Одесса Ұлттық академиялық опера және балет әртісі) қатысады. Сондай-ақ солисттер арнайы жүлделердің иегерлері атанғанын – «Астана Опера» театрының сахнасында өтетін Гала концертте өнер көрсетуге құқық беретін сертификаттарға ие болғанын естеріңізге сала кетейік. Константин Героник «Жалғыздық» нөмерін орындайды.

– Аталған хореографиялық миниатюрада Амон Тобиннің керемет музыкасы пайдаланылған, қойылым Сергей Микельдікі. Бұл жалғыз қалған адамның жағдайды өзгертуге амал жасап, одан шығудың жолын іздейтінін жеткізеді. Осы нөмерді мен Беларусь Үлкен театрында және балет әртістерінің халықаралық байқауларында бірнеше рет орындадым, – деп әңгімеледі Константин Героник.

Концертке Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері – Мадина Баспаева, Рүстем Сейітбеков, Жандос Әубәкіров, Гауһар Усина, Тайыр Ғатауов, Әйгерім Бекетаева, жетекші солисттер – Әнел Рүстемова, Бақтияр Адамжан, солисттер – Олжас Тарланов, Анастасия Заклинская  және басқа талантты бишілер қатысады.

Екінші бөлімде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жандос Әубәкіровтің Одессаның опера және балет театрынан шақырылған солисті Эллина Походныхпен, сонымен қатар «Астана Опера» балетінің солисттері мен әртістерінің орындауында Л. Минкустың, Э. Дельдевездің «Пахита» балетінен Гран-па ұсынылады.

– «Астана Опера» сахнасындағы гала-концертке қатысу мен үшін үлкен құрмет. «Пахита» балетіндегі Гран-па, классикалық балеттің мұрасы болып табылатын ең ғажап үлгілердің бірі. Отандық сахнада мен оны бірнеше рет орындадым, бірақ өкінішке орай соңғы кезде Одессаның опера және балет театрының репертуарында бұл спектакль өте сирек кездеседі. Мен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жандос Әубәкіровпен бірге дуэт орындау мүмкіндігі туғанына және «Астана Опера» балеттік труппасының ұжымымен бірге жұмыс жасайтыныма да қуаныштымын. Қазақстандық көрерменмен кездесуді асыға күтемін, – деп аяқтады сөзін Эллина Походных.

Концерттің басталуы 19:00, билет бағасы 500 теңгеден жоғары.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры