“Ромео мен Джульетта” балетi

Хореография – ШАРЛЬ ЖЮД
Қоюшы дирижер – ДЖУЗЕППЕ АКУАВИВА
Дирижер – АЙДАР АБЖАХАНОВ
Қоюшы сценограф – ЭЦИО ФРИДЖЕРИО
Костюмдер бойынша суретші – ФРАНКА СКУАРЧАПИНО
Жарық бойынша суретші – ВИНИЧО КЕЛИ
Проекциялар бойынша суретші – СЕРДЖО МЕТАЛЛИ
Қоюшы хореографтың ассистенті – ЭРИК КИЛЬЕР
Қойылым жетекшісі – ГВИДО РИЧЧИ

БАСТЫ КЕЙІПКЕРЛЕР

Джульетта – Мәдина Басбаева, Гауһар Усина, Әйгерім Бекетаева
Ромео – Таир Гатауов, Рүстем Сейітбеков, Еркін Рахматоллаев
Тибальд – Бауыржан Мекембаев, Сержан Кауков, Досжан Табылды
Меркуцио – Арман Оразов, Серік Нақысбеков, Досжан Табылды

ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ

I ПЕРДЕ
1-көрініс. Қалалық алаң

Капулетти мен Монтекки арасындағы таусылмас күрес Верона қаласын екі лагерге бөлді. Ромео, жас Монтекки, ару Розалинаның сәтсіз көңілін табуда. Жауласқан әулет мүшелерінің кездесуі ерегеске айналады. Монтеккидің немере інісі, Бенволио өз лагерінің жаугершілігін тоқтатуға тырысады, бірақ Капулеттидің немере інісі Тибальд, үлкен сотқар, керісінше қарсыласын дау-дамайға азғырады.
Семсерші Меркуцио өзінің қаруды тамаша игергенін паш ету үшін қақтығыстың қызғанын күтуде. Басталған ұрысты тек Верона Герцогының келуі тоқтатады.

2-көрініс. Джульетта бөлмесі

Ерке Джульетта өзінің күтушісімен көңілді ойын ойнауда. Олардың бейғам ойынын ата-анасы – Капулетти мырза мен ханымның келуі бұзады. Джульеттаның енді қалыңдық екенін ескерткен анасы, қатал түрде қызына тентектігін доғаруды бұйырады. Ата-анасы оған болашақ күйеуі ретінде таңдалған Паристі таныстырады. Алайда, бұл шешім Джульеттаға еш әсер етпейді, ол жауап ретінде тек күліп қана қояды…

3-көрініс. Капулетти үйінде

Капулетти сарайында бал жарияланғаны хабарланады. Веронаның сәнді киінген ақсүйектері салтанатқа жиналуда. Розалинаға өзінің шынайы сезімін білдіруге тырысқан Ромеоның беті қайтып қалады. Бенволио мен сауықшыл Меркуцио Ромеоны балға баруға көндіреді. Өздерін музыканттар ретінде таныстырған олар беттеріне маска киіп, сарайға кіріп кетеді.

4- көрініс. Капулетти балы

Капулетти мырза мен ханым, Тибальдпен бірге салтанатты кешті ашады. Джульетта биге қатысу үшін Паристің ұсынысын қабылдайды. Джульетта биінде оның тазалығы, әсемдігі мен сұлулығы ашылады.
Ромео, Меркуцио мен Бенволио әзірше маскада жүр. Джульеттаны байқап қалған Ромео оған көзін алмай қарауда. Джульетта да терең толқу үстінде. Ромео мен Джульеттаның арасында тұтанған махаббат ұшқынынан көңіл аудару үшін, Меркуцио қонақтардың көңілін көтеруді ұйғарады. Күлдіргі масканы киіп алған ол жиналғандардың назарын өзіне аударып, көңілдерін көтереді. Барлығының назарын Меркуцио өзіне аударғанын пайдаланып, Ромео Джульеттаға жақындап, оған деген сезімін толқи жеткізеді. Кенеттен оның бетінен маска түсіп кетеді. Джульетта Ромеоның әсемдігі мен адамгершілігіне таң қалады. Джульеттаның жүрегінде де махаббат оты маздайды…
Алайда, Ромеоны танып қойған Тибальд, оның кетуін талап етеді. Капулетти мырза Тибальдтан мереке шырқын бұзбауды сұрап, Ромеоны ары қарай мерекені жалғастыра беруіне шақырады.

5-көрініс. Балкон маңындағы көрініс

Бақшада жасырынған Ромео ұйықтауға дайындалып жатқан Джульеттаның терезесін торуылдауда. Ромеоны іздеп шыққан Меркуцио мен Бенволио Тибальдпен кездесіп, қашып құтыла алмас дауға қалады. Бақшада тыныштық, Джульетта балконға шыққан мезетте Ромео оның жанына жақын келіп, көңілін білдіреді. Қос ғашық бір-біріне мәңгілік және тұрақты сезімдеріне ант береді…

Үзіліс

II ПЕРДЕ
1-көрініс. Қалалық алаң

Ромеоның ойын сүйіктісінің бейнесі жаулаған. Ғашығынан қысқа уақытта да алшақ болуға дәрмені жоқ Джульетта күтушісі арқылы Ромеоға хат жібереді. Верона герцогы жариялаған Монтекки мен Каппулеттидің өзара бітімге келу күнін тойлаған қала тұрғындары алаңда тарантелла биін билеп, әндетуде. Ромеоны іздеп жүрген күтуші нағыз карнавал мерекесінің үстінен түседі. Тентек Меркуцио мен Бенволионың мазақтауына қарамастан, ол Ромеоға арналған Джульеттаның аманатын ұмытпайды. Міне, өзі де. Хат тапсырылды. Ромео жолдау хатты ықыласпен оқыды. Джульетта оның зайыбы болуға дайын…

2-крініс. Лоренцо пірәдардың хұжырасы

Ромео Лоренцо пірәдарға келеді. Ол Джульеттаға деген өзінің махаббаты туралы айтып, некелерін қиюды өтінеді. Ромео мен Джульетта арасындағы қуатты сезімнің тазалығына көзі жеткен Лоренцо келіседі. Лоренцо Джульетта келісімен олардың одағына батасын береді…

3-көрініс. Қалалық алаң

Верона алаңында шат-шадыман карнавал. Оның ішінде Ромеоның достары – Меркуцио мен Бенволио жүр. Меркуционы көрген Тибальд жанжал шығарып, оны жекпе-жекке шақырады. Осы уақытта келіп үлгерген Ромео жанжалшыларды тоқтатуға тырысады, бірақ Тибальд оны қорқақ деп атап, күлкі қылады. Ромео қантөгісті болдырмау үшін Меркуционың қылышын бөгеген сәтте, Тибальд қатерлі соққы жасап, Меркуционы мерт қылады. Қайғыдан өзін ұмытып, сүйікті досы үшін кек алмақ болған Ромео Тибальдпен күреске шығып, оны өлтіреді.
Капулетти үйінен шыққан Джульеттаның анасы кек алуға шақырады. Бенволио Ромеоны жылдам жасыру үшін алып кетеді.

4-көрініс. Джульеттаның бөлмесі

Түн мезгілінде Ромео Джульеттаның бөлмесіне, айырылысу алдында сүйіктісімен кездесу үшін, жасырын кіреді… Таң сәрісі жақындауда. Ғашықтар бір-бірін қимай, ұзақ қоштасуда. Ақыры, Ромео кетеді.
Таңертеңгісін Джульеттаның ата-анасы оның Париспен некелесу күнінің белгіленгенін хабарлайды. Джульетта өзіне аяушылық жасауын, сүймейтін адамға күйеуге шығуға мәжбүрлемеуді өтінеді. Алайда, олар өз шешімін өзгертуге асығар емес. Қатты күйзеліске түскен Джульетта өлім туралы ойлай бастайды…

5-көрініс. Лоренцо пірәдардың хұжырасы

Үміті үзілген Джульетта Лоренцодан кеңес сұрайды. Ол Джульеттаға, өлген адамға ұқсас терең ұйқыға жіберетін, дәрі-дәрмек береді. Ал Лоренцо, Джованни пірәдар арқылы, Мантуяда жасырынып жүрген Ромеоға ескертпек. Ромео қайтып келіп ашық табытта жатқан Джульеттаны жасырын алып кетуге тиісті. Джульетта Лоренцоның жоспарын қуанышпен қабылдайды. Алайда, Ромеоға бұл жөнінде уақытында білуге бұйырмайды…

6-көрініс. Джульеттаның бөлмесі

Музыканттар мен бишілерді ерткен Париске, Джульетта, жалған көнгіштік танытып, некеге келісімін береді. Ромеоның бейнесі есінен кетпеген Джульетта жалғыз қалғанда дәрі-дәрмегін ішеді. Таңертең оның тыныссыз жатқан денесін күтушісі тауып алады…

7-көрініс. Мантуядан жол

Джульеттаның өлімі туралы хабар Ромео қашқан Мантуяға дейін жетеді. Қайғыға батқан Ромео Веронаға асығады. Қазалы шеру жылжуда. Ашық табытта Джульетта жатыр. Табытты отбасылық қабірге орнатады…

8-көрініс. Капулетти әулетінің зираты

Түн. Зиратқа Ромео жүгіріп кіреді. Ол табытқа тізерлеп, Джульеттамен қоштасып, у ішеді…
Джульетта оянады. Терең ұйқыдан тұрған Джульеттаның есі бірден кірмейді. Бірақ, өзінің зиратта екендігін көріп, бәрін есіне түсіреді. Көздері Ромеоға түскен ол оған асыға барады. Ғашығымен әрі өмірмен қоштасқан Джульетта, Ромеоның қанжарымен өзін өлтіреді…

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры