Парижде туған балет

Морис Жаррдың «Париж Құдай Анасының соборы» ерекше балеті әлемдік сахналардың талайында қойылып, көрермен жүрегін жаулады, енді 24, 25 маусым күндері бұл қойылымды Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары да тамашалай алады. «Астана Опера» театрының Үлкен залында көрерменді Виктор Гюго романының белгілі кейіпкерлерімен: тұтқынға алынған сыған қызы – Эсмеральда, бүкір – Квазимодо, сымбатты – Феб, дін қызметшісі – Фролло, сондай-ақ, балеттегі өте белсенді топпен кездесу күтіп тұр.

Спектакль әйгілі француздық хореограф Ролан Петидің 1965 жылғы нұсқасы бойынша қойылады. «Астана Опера» сахнасында қойылымның хореографиясы (қоюшы балетмейстер – Луиджи Бонино), Рене Алльоның сценографиясы (оны елордалық театрға әкелген Жан-Мишель Дезире) айна қатесіз ұсынылады, ал костюмдер бойынша суретші Филипп Бино белгілі кутюрье Ив Сен-Лоранның костюмдерін жасап шығарды.

Жылтырағанның бәрі алтын емес

Балетті 13 эпизодқа бөле отырып, Ролан Пети қоюшы тобымен бірге оны көрермен назарына 60 жылдардағы «минимализм» түрінде ұсынды. Өзгеріс спектакльдің драмасына, хореографиясына және сценографиясына, костюмдеріне де ықпал етті. Классикалық балеттің сәнді безендірілуіне үйренген елордалық көрерменді бұл жолы сахна тереңдігін паш ететін ұзын әрі кең подиумдар, қоңырау, собордың сұлбасы, артқы жақтағы Париждің салынған суреті мен дар ағашы сынды декорациялар таң қалдырады.

– Суретші «Собор қандай болады?» деген ой үстінде болғанда барда кофе ішіп отырған. Кофенің бірнеше тамшысын үстелге тамызып, сіріңкемен ойындағысын сыза бастапты, кейін дәл осы сурет керемет туындыға айналды, – дейді Пети және оның тобымен бірге істеген Жан-Мишель Дезире.

Көркемдік-өндірістік кешеннің жетекшісі Виктор Караренің айтуынша, Рене Алльоның сценографиясына бір ғана өзгешелік енгізілді, ол – «Астана Опера» сахнасы Париж Операсының сахнасынан үлкен болғандықтан, сахна көлемінің кеңейтілгендігі. Оларды дайындамас бұрын, сахналық жобалар мен қойылым жұмыстарын жүзеге асыру басқармасында бір айға жуық сызбалар жасалды.

_DSC2603 (1)

Декорациялардың белгілі бір мөлшерін көпжылдық дәстүрді игерген театр қолөнершілері – шетелдегі серіктестеріміз әзірледі.

– Италияда театр суретінің асқан шеберлері бар, сол себепті декорация суреттерінің басым бөлігін сол жақта дайындады, – деп атап өтті Жан-Мишель Дезире.

 

 _DSC8816

_DSC2578 (1)

Қойылымның екінші бөлімінде Квазимодо соғатын әйгілі қоңырау Италиядан Астанаға жеткізіліп те қойды. Шыныпластиктен құйылған қоңыраудың салмағы – 350 келі. Спектакльде декорациялар көрерменнің көзінше ауысып тұру үшін, жоғарғы және төменгі машинериялар іске қосылған. Балеттің түпнұсқасына жақынырақ болу үшін, қойылымды жарты ғасыр бұрын жарықтандырған құралдар қолданылады.

_DSC3180

Барлық костюмдер «Астана Опера» тігін цехында дайындалды

Айтулы кутюрье Ив Сен-Лоранның «Париж Құдай Анасының соборы» үшін ойлап тапқан костюмдерін, қазіргі заманның ең ерке сәнқойы да кие алады. Ал ол кезде әйелдердің баумен байланатын қысқа трапециялы көйлектері мен ерлердің тік бұрышты күрте және трико киюі – француздық ақсүйектердің ашуын келтірген еді… Суретші ерлердің жүрегін жаулайтын сұлу Эсмеральданың тек қана қызғылт-көк және ақ түсті қысқа көйлектерде шығу керектігіне сенімді болды.

Суретшінің костюмдерді жаңарту жөніндегі көмекшісі Әсел Досмұратова маталар таңдап, елдің мәдениетімен танысу үшін Францияға арнайы барды. Маталардың кейбір түсі тура француз қойылымының құжатында көрсетілгендей етіп әзірленді.

_DSC2662

_DSC3798

_DSC3898

 Лион фабрикасы бізге керекті ашық түсті маталар бумасын жасап және бояп шығарды. Әртүрлі маталар – стрейч, созылатын, қимыл-қозғалысқа ыңғайлы (115 метр) мақта, жүн және тағы басқасы қолданылды. Мата ауа жіберіп тұруы керек, сол себепті табиғи түрін көбірек таңдадық. Эсмеральданың туникасы – ерекше қою қызыл, ол түсті қазір шығармайды, біздің тапсырысымыз бойынша француз фабрикасында жасалған шағын мата бірер күнде Астанаға жетуі керек. Ол екінші ақ түсті костюмін сахнада тұрып шешеді де, дене түстес шомылу киімімен қалады: сахнада Фебпен жеке қалатын көріністе жалаңаштанатын кейіпкердің образы осындай. Квазимодоның киімі көбіне оның әлеуметтік жағдайын көрсетеді. Классикалық спектакльдерде бас солисттерге ерекше назар аударып, олардың киімін жылтыр тастармен көмкерсек, бұл қойылымда кордебалет әлдеқайда жарқырап шығады. Барлық костюмдер «Астана Опера» тігін цехында дайындалды, – дейді Әсел Досмұратова.

_DSC3786

_DSC3893

Р. Петидің балетіндегі Ив Сен-Лоран жасаған бейнелер әлі күнге дейін суретшілерді еліктіреді. Бұл Бастамада сахнаға орта ғасырға тән етегі сүйретілген көйлекпен әйелдер шыққан кезде айқын білінеді. Бас киімдерінің өлшемі де орасан зор, «Малефисента» фильміндегі бас кейіпкердікіндей биіктігі бір метрден асады.

– Шұбатылған жеңдер, үлкен көлемді қалпақтар және басқа да ұсақ-түйегі бар мұндай театр костюмдері орта ғасыр дәуіріндегі киім үлгісінің аса күрделілігін, көңіл-күйін көрсетеді, – дейді суретші Филипп Бино.

_DSC3821

_DSC3740

_DSC3727

_DSC2658

Тігін цехында ең «көңілді» киім жезөкшелердікі болып саналады. Поролоннан әйелдің кеудесін үлкен етіп жасау үшін бутафор-әріптестердің көмегі қажет болды. Осылайша жіптіктей жеті балерина кішкентай томпиған әйелге айналады.

_DSC2647

_DSC2645 (1)

Спектакльде костюмдер көп өзгеретіндіктен, тез киіліп, ауыстырылуға ыңғайлы етіп тігілген. Балетте балалар да өнер көрсетеді. Жарқыраған топтың ортасында олар кең ақ түсті жейдемен шығады.

_DSC3064

Ив Сен-Лоран жылтырамайтын қанық түсті маталарға таңдау жасаған, бұл суретшінің осы қойылымдағы басты ұстанымы еді.

Петидің ойынша, керемет жетістік үшін, қоздыратын хореография мен жарқыраған бишілер жеткілікті

Хореографияға келер болсақ, мұнда минимализм бас кейіпкерлердің санынан көрініс тапқан, олар төртеу – Квазимодо, Эсмеральда, Клод Фролло, Феб. Гранд-Операдағы тұсаукесерде ұсқынсыз бүкірді Ролан Петидің өзі сомдаған. «Астана Опера» сахнасында бұл партияны Бақтияр Адамжан және Рүстем Сейітбеков орындайды. Эсмеральданың рөлінде – Мадина Баспаева және Әйгерім Бекетаева, Клод Фролло – Серік Нақыспеков пен Ғазиз Рысқұлов, Феб – Жандос Әубәкіров, Арман Оразов.

Ресейдің Халық әртісі, «Астана Опера» балетінің көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова керемет адаммен – Ролан Петимен бірге жұмыс істеу бақытына ие болған жан.

– Оның таңғажайып қойылымдары әлемнің үздік сахналарында әлі күнге дейін қойылып келеді. «Париж Құдай Анасының соборы» – кез-келген театрдың қоюға мүмкіндігі жете бермейтін балет. Нақтылық пен дәлдікті талап ететін хореография – әртістерге сынақ. Бұл олар үшін ауыр әрі өте пайдалы. Труппада Эсмеральда да, Квазимодо да бар. Кез-келген әртістің репертуарында қызықты да драмалық рөлдің болуы – үлкен сәттілік деп есептеймін, бәріне бірдей мұндай бақыт бұйыра бермейді, – дейді Алтынай Асылмұратова.

_DSC8150_мин

Француздық қоюшының хореографиясын қазақстандық сахнаға оның досы әрі көмекшісі Луиджи Бонино жеткізді. Спектакль – әсемдікті паш ететін жай ғана ишараттар жиынтығы емес, әрбір іс-қимылдың мақсаты, атқаратын міндеті бар, көріністе адамдық қатынастардың драмасы ашылады. Эсмеральда бас кейіпкер ретінде саналғанмен, Ролан Пети Квазимодоны айрықша көрсеткен. Періште жанды ұсқынсыз – ең таза, ең жарқын кейіпкер. Оның биі қиын әрі, бір қарағанда, онша әдемі емес көрінгенімен, нағыз драмаға толы. Бишінің жасанды бутафорлық бүкірі де, тұрпатсыз келбеті де болмайды – бәрі пластикамен жеткізіледі.

_DSC8268

_DSC8400

_DSC8563

Спектакльде кордебалеттің рөлі жоғары. Қойылымның атмосферасы мен стилінің жауапкершілігі соның мойнында. Барлық труппа іске қосылған, кордебалетпен өз ісінің шебері, аталған балеттің қойылымдарын Ла Скала және Париж операсын қосқанда, әлемнің барлық елдеріндегі театрларға апарған – Джиллиан Виттингем жеке жұмыс жасауда.

_DSC2700

_DSC2995

Кордебалеттің рөлі бас кейіпкерлердің рөліндей маңызды, ол да белсенділік танытады: топ біресе Квазимодоның кемтарлығына таң қалса, біресе шіркеуде жалбарынады, біресе Эсмеральданың аман қалғандығына қуанады, енді бірде оны өлтіруді талап етеді. Джиллиан Виттингем маэстро ерекше мән берген мәнерлілік оңайлылықпен орындалмайтынын атап өтті.

– Труппа өте жақсы жұмыс істейді, балет қиын, өйткені музыкасы күрделі, алайда әртістердің орындауға шамалары жетеді. Оларды тамаша орындау деңгейіне жеткізу үшін бар күшімді салып жатырмын. Кордебалетке бірнеше кейіпке еніп, спектакль бойы сол бейнеден шықпауға тура келеді! Екінші бөлімінде ол сюжеттің дамуында да, спектакльдің барлық атмосферасын қалыптастыруда да маңызды рөл атқарады, – дейді Виттингем.

Кінәлайтын көріністе қара костюм киген бишілер ашумен «Дарға ас!» деп айқайласа, дәл осындай топ «Шегеге керіп таста!» деп айқайлайтын басқа көріністі еріксіз еске түсіреді.

Ролан Пети балетіндегі әртістер қозғалысы қуыршақтардың дөрекі қимылындай болып көрінуі мүмкін. Хореография музыкалық партитураның бір бөлігі болғандықтан, белгілі бір мінезді және ырғақты талап ететін музыкаға байланысты деп түсіндірді Джиллиан Виттингем. Мәселен, дұға жасайтын көріністе және тавернада билейтін жезөкше әйелдер көрінісінде қимылдар мінезі бөлек те, ал басқа көріністерде мүлде өзгеше.

_DSC2989

_DSC2985

«Париж Құдай Анасының соборы» неоклассикалық стильге жататындығына қарамастан, бұл балетті билеу үшін үлкен дайындықтан өткен классикалық әртіс болу керек.

– Классикалық балет пен қазіргі заманғы балет арасында айырмашылық бар. Классикалық биде барлық күш-жігерің іште сақталады, ал «Париж Құдай Анасының соборында» бар қуатың сыртқа шығарылады, ал бұл, өз кезегінде, қажырлы еңбекті талап етеді, – дейді Джиллиан Виттингем.

«Оскар» иегерінің музыкасы

Бұл спектакль хореографиялық стилімен ғана ерекшеленбейді, мұнда Морис Жаррдың әдемі музыкасы да айрықша әсер қалдырады. Қоюшы дирижер Арман Оразғалиев «Астана Опера» оркестрі үшін бұл әдеттен тыс партитура дейді.

_DSC2687

– Әдетте, театр партитуралары анағұрлым түсінікті болып келеді, мұндағы қиындық – метроритмикалық қатынастағы көлемдерінің тұрақты түрде ауысып отыруы. Сондай-ақ, оркестрдің құрамы да қызықты – үш арфа (!), орган, челеста, соқпалы аспаптар көп. Мәселен, біздің оркестрде олар – 5, ал мына балетте кемінде 11 жұмылдырылған. Неге бұлай екен десем, Морис Жарр алғашқы мамандықты соқпалы аспаптар және композиция сыныбы бойынша меңгерген екен.  Партитурада қала рухын жеткізетін фантасмагориялық сипаттағы көріністер бар, бұл сюрреализмге жататын құбылыс, бірақ олармен қатар Эсмеральда мен Квазимодоның дуэтінде жүректі тулататын нәзік музыка да кездеседі, – деп атап өтті маэстро.

Композитор Морис Жарр, көптеген фильмдердің саундтрегін жазды, электрондық музыкаға көп назар аударды. Музыкалары мен фильмдері үшін көптеген марапаттарды – «Оскар» сыйлығының үш мәрте (1963, 1966 және 1985), Грэмми сыйлығын (1967) және «Алтын глобус» сыйлығын төрт рет (1966, 1985, 1989, 1996) иеленген. Бес балеттің авторы.

«Париж Құдай Анасының соборы» бір көрген адам қайталап көргісі келетін, француздың ұлттық классикалық балеті ретінде әлдеқашан мойындалғанын айта кету керек.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры