«Астана Опера» жаңа жобаны іске қосуда

«Астана Операдағы» театр сабағы» – «Астана Опера» театрымен алғаш рет жүзеге асырылып отырған мазмұны жағынан бірегей жаңа жоба. Театр сабағы кешкі қойылым туралы лекциядан, «Астана Операның» сахна сыртына жасалатын экскурсиядан және Үлкен зал сахнасындағы опера спектаклін тамашалаудан тұрады. Алғашқы сабақ 9 желтоқсан күні сағат 16.00-де өтеді.

_DSC7661

– «Астана Операдағы» театр сабағы» жобасының басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің театрға, классикалық музыкаға деген қызығушылығын ояту, өнерге деген махаббатын бойға сіңдіру, рухани құндылықтарға тарту болып табылады. Бүгінгі балалар – біздің болашақ көрермендеріміз. Егер олардың бірі келешекте театр өнерін сүйер жанға айналса – бұл біз үшін үлкен жеңіс! Өнер мен мәдениет ұлт рухын қалыптастыратыны айқын, сондықтан осы жобамызды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іс жүзінде жүзеге асуы деп санауға болады, – деп атап өтті музыкатанушы, Мәдениет қайраткері, әдеби-музыкалық департамент директоры Маржан Жәкенова.

 

Театр сабағы 1 сағат 20 минутқа созылады, музыкатанушы кеш соңында балаларға көрсетілетін операның шығу тарихы мен қысқаша мазмұнынан тұратын он бес минуттық әңгімесін айтады. Содан кейін балалар топтарға бөлініп, сахна сыртының ғажайып әлеміне экскурсияға шығады. «Астана Опера» әдеби-музыкалық департаментінің қыметкерлері қызыққа толы бағыт-бағдарлар әзірлеген: олар балаларға театрдың түрлі цехтарын таныстырады (костюм, тігін, қалпына келтіру цехтары, бутафор цехы т.б.), сонымен қатар сахна механикасының қалай орналасқанын көрсетіп, штанкеттердің қалай көтеріліп, түсетінін, декорациялардың қалай бекітілетінін айтып береді.

 

– «Астана Операда» балаларға арналған концерттер үлкен жетістікпен өтуде. «Астана Операдағы» театр сабағы» жаңа жобасы біздің ағартушылық қызметіміздің аясын білім беру мекемелеріне дейін кеңейтеді. Осы сабақта балалар сахна сыртына сапар шегеді, спектакльдің қалай туындайтынын біліп, театрдың ерекше атмосферасын сезінетін болады. Сахнада болып жатқанның бәрін көрермендер тамашалай алады, ал сахна сыртының әлемі көпшілік қауымнан жасырылған. Біз балаларға әртістердің дайындық залдарын, грим жасайтын бөлмелерін, киетін киімдерін, сахнаны безендіретін реквизиттерді көрсетеміз… Балалар спектакль сиқырының сыртында түрлі кәсіптегі өз ісі маманының шабытты еңбегі тұрғанын, солардың арқасында сахна төрінде театр өнерінің туындысы жасалатынын түсінуі тиіс. Біздің міндетіміз – жоғары сыныптың әрбір оқушысы жылына бір рет болса да театрымыздағы қойылымға келу үшін барынша көп мектептерді қамту, – деп жалғастырды М.Жәкенова.

 

Сынамалы жобада Назарбаев зияткерлік мектебінің 8 сынып оқушылары қатысады, балалар Дж.Пуччинидің «Богема» операсын тамашалайды, ескере кететін жайт, спектакльде «Астана Опера» театрының солисі Галина Чеплакованың дебюты орын алмақ, ол тігінші Мими партиясын орындайды, сонымен қатар басқа да дебюттер болмақ: Шыңғыс Расылхан алғаш рет Коллен партиясын орындаса, Қазыбек Досмұхамбетов Шонар партиясын әзірлеуде.

Жобаның авторлары әрі ұйымдастырушылары – музыкатанушы Маржан Жәкенова және режиссер Наталья Кагадий.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры