«Астана Опера» симфониялық оркестрі кәсіби сыншылардың жоғары бағасына ие болды © 24.kz

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының симфониялық оркестрі гастрольдік сапармен Санкт-Петербург қаласында болды. Қазақ музыканттары Ресейдің мәдени астанасын таңқалдырып, кәсіби сыншылардың жоғары бағасына ие болды. Түрлі аспапта ойнайтын 95 музыкант. Бұл – «Астана Операдағы» симфониялық оркестрдің құрамы. Жерлестеріміз бұл сәтті көп күтті, тыңғылықты дайындалды. Енді міне абыроймен өнер көрсетіп жатыр. Қазақ музыканттары концертті Тілес Қажығалиевтің «Дала аңызы» туындысымен бастады. Дирижер – еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов. Валерий Гергиев, Мариин театрының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі: – Маған бүгінгі кеште өмірден ерте кеткен, талантты композитор Тілес Қажығалиевтің керемет туындысы ойналғаны қуантты. Оны оркестр дирижердің сүйемелдеуімен керемет орындап шықты. Бұл Петербургтегі премьера болды. Бұл шығарма Қазақстандағы достарымыз үшін қазіргі классикалық музыканың, ұлттық музыканың беткеұстар туындысы болуы керек деп ойлаймын. Абзал Мұхитдинов, дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: – Былтыр біз Америкада «Карнеги холда» өнерімізді көрсеттік. Сосын Парижде «Бастилия Операда» болдық. Бірақ мына зал ерекше. Мұнда Чайковскидің өзі тұрып, дирижерлік еткен кезінде. Бұл жер – музыкант үшін өте киелі жер. Содан соң астаналық оркестрге әлемге әйгілі маэстро Валерий Гергиевтің өзі дирижерлік етті. Өзге ұжымға өте сирек жетекшілік жасайтын Ресейдің халық әртісі, Ян Сибелиустың скрипкаға арналған концертін, Сергей Прокопьевтің «Ромео мен Джульеттасын» ұсынды. Юрий Александров Санкт-Петербург опера театрының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі: – Бұл Петербург жұртшылығы үшін де елеулі оқиға дер едім. Себебі шетелдік оркестрлер бізге жиі келе бермейді. Астаналық музыканттар үшін де бүгін жақсы тәжірибе болды. Себебі олар керемет акустикасы бар бірегей залда өнер көрсетті. «Астана Опера» мен Мариин театрының әртістері үшін бір-біріне алма-кезек гастрольдік сапармен барып тұру игі дәстүрге айналды. Себебі мұндай барыс-келіс қос тарапқа да пайдалы. Бастысы көрермендер риза. Авторлары: Нұртас Солтанұлы, Айнагүл Серікқызы

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры