«Астана Опера» Музыка күнін атап өтпек

1 қазан күні қазақстандық опера жұлдыздары «Музыканың ғажап сиқыры» атты мерекелік концерт әзірлеген. Музыка күні қазақстандық көрерменнің сүйіктілеріне айналған – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сүндет Байғожин мен Жан Тапин, халықаралық байқаулардың лауреаты Евгений Чайников тыңдарман қауымға керемет көңіл-күй сыйлап, жарқын әрі қанық бағдарлама ұсынбақ. Фортепиано партиясын ҚР «Мәдениет қайраткері» Елена Сахно орындайды.

_DSC2180

Концертте түрлі тыңдаушылардың талғамына орай туындылар шырқалады. Көрерменнің назарына Италия, Австрия, Испания, Қазақстан, Ресей және басқа ел композиторларының шығармашылығы ұсынылады. Оперетталардан ариялар, романстар, сонымен қатар неополитандық, қазақ және орыс әндері орындалады. «Астана Опера» театрының солистері осы кештің астаналық тұрғындар мен қонақтары үшін естен кетпес ғажайып болуына барын салатынын атап өтті.

Жетекші солист Жан Тапин Э.Ф. Направниктың «Дубровский» операсынан Дубровскийдің ариозосын орындауға дайындалуда. Г. Доницеттидің «Дон Паскуале» операсынан Дон Паскуале ариясымен Камералық зал сахнасына керемет баритон Сүндет Байғожин шықпақ, Жаннат Бақтай Н.А. Римский-Корсаковтың «Патша қалыңдығы» операсынан Марфа ариясын орындаса, Салтанат Ахметова испан композиторы Э. Гранадостың «Гойески» операсынан Росарио («Маха және бұлбұл») ариясын ұсынбақ. Колоратуралы сопрано Альфия Каримова әккі көрерменге Дж. Россинидің «Семирамида» операсынан Семирамиданың каватинасын әзірлеген. Евгений Чайниковтың интерпретациясында В.А. Моцарттың «Сиқырлы флейта» операсынан Папагено ариясы шырқалады.

– «Астана Операның» Камералық залы сахнасында жыл сайын осы кәсіби мейрамды атап өту жақсы бір дәстүрге айналды. Халықаралық музыка күніне арналған концерт – сүйікті орындаушылармен кездесіп, «Астана Опера» театрының жетекші солистерінің керемет орындауындағы әлемдік музыкалық асыл қазынаның тамаша вокалдық-аспаптық жауһарларымен танысу мүмкіндігі болмақ. Қымбатты көрерменіміздің осы бір музыкалық кештен орасан зор ләззат алуын қалаймыз және барлығын мерекемен бөлісуге шақырамыз, – деп атап өтті концерттің авторы, опера труппасының бас концертмейстері Елена Сахно.

Музыка күні – композиторлардың, әншілердің, аспапшылардың кәсіби мерекесі. Сонымен қатар музыкаға құмар барша жандар мен оны бағалаушылардың мейрамы. Еске салар болсақ, Халықаралық музыка күні жыл сайын 1 қазан күні аталып өтуде. Мереке 1975 жылдан бастап ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық музыкалық кеңестің бастамасы бойынша енгізілген. Халықаралық музыка күнін атап өту бойынша бастамашылардың бірі – композитор Дмитрий Шостакович болды.

Концерттің жүргізушісі – «Мәдениет қайраткері» Маржан Жәкенова.

Концерттің басталуы сағат 18.00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры